
Ісінумен, қызарумен және қан ағумен жүретін қызыл иек қабынуын гингивит деп атайды. Гингивит барынша кең таралған кеселдер қатарына жатады. Оның жедел, созылмалы және рецидивтелуші түрлері болады.
Гингивттің ең жиі себебі ауыз қуысының гигиенасын сақтамау. Нәтижесінде тісте түйіндік пайда болып, онда тістің бетіне қатты байланған микроорганизмдер колониялары өмір сүреді.
Сондай-ақ гингивиттің туындауында тіс тістелуінің патологиясы, тістің тасы (кальцифицирленген тістік түйіндік), тағам қалдықтары, дұрыс орнатылмаған пломбалар, ауызбен дем алу сияқты факторлар рөл атқарады.
Гингивит жасөспірімдер мен екі қабат әйелдерде жиі кездеседі. Сырқаттардың бұл санатында дерт әдетте организмдегі гормоналдық өзгерістерге байланысты ауырырақ өтеді.
Сонымен қатар гингивит жүйелі кеселдердің (мысалы, герпестің, аллергияның, авитаминоздың, лейкопенияның, қант диабетінің) белгісі болуы мүмкін.
Кейбір препараттарды, мысалы оралдық контрацептивтерді ұзақ қолдану да қызыл иектегі қабыну құбылысын күшейтуі мүмкін. Ауыр металлдар (қорғасын, висмут) кейде гингивитті дамытады.
Гингивиттің алдын алу үшін бірінші кезекте ауыз қуысының гигиенасын мұқият сақтау керек.
Мансия Ахатовна НУРЫМБЕТОВА,
мейірбике,
“облыстық тіс емханасы” РММ
Сурет qstoma.ru сайтынан алынды
|