Электр тогы адам организміне жалпы және жергілікті әсер береді. Жергілікті зақымдану ток өткен кездегі бұлшықеттердің күшті жиырылуынан механикалық бүліну түрінде, сондай-ақ І-ІІ дәрежедегі күйік күйінде білінеді.
Электрлік күйікті ажырату ерекшелігі - сұрғылт-сары түсті дақтардың болуында (термикалық күйікте – қызару және көпіршіктер), ауыру сезімдерінің жоқтығы.
Электр тогы барлық ағзалар мен тіндерді зақымдайды, бірақ көбіне қысқа жолда токтың кіру және шығу тұсында.
Өмірге аса қауіпті токтың жолы - өмірлік маңызды ағзалар жатқан жер (сол қол – оң қол, сол қол – оң аяқ, бас - қол).
Электр тогымен жеңіл зақымданғанда зардап шегушіде қаңқалық мускулатураның жиырылуы, бас ауруы, кеудедегі ауыру, жалпы әлсіздік, ентігу болады.
Ауыр зақымдануда аталған белгілерге қозғалыстық қозумен, сезінудің, көрудің, есітудің, иіс сезудің бұзылуымен бірге естен тану қосылады. Жүректің, тыныс алудың тоқтауы мүмкін.
Алғашқы медициналық көмек:
- зардап шегушіні қауіпсіздік техника ережелерін сақтай отырып токтан ажырату;
- зардап шегушіні биік, құрғақ тегіс жерге жатқызу (жерге көмбеу!);
- электрлік күйіктерге құрғақ асептикалық таңып-байлаулар жасау;
- жүректің қызметі мен тыныс алуды ынталандыру үшін мүсәтір спиртін иіскету;
- тыныс алу мен жүрек қызметі тоқтағанда реанимациялық шараларды атқару.
Электрлік жарақаты бар зардап шегушіні хәлі жақсы болғанның өзінде емдеу мекемесіне жеткізу қажет, өйткені онда жақын арадағы 7 тәулікте өмірге қауіпті асқынуардың дамуы мүмкін.
Айна Тилекбаевна БАИЛИЕВА,
мейірбике,
№2 бөлімше,
Қызылорда қалалық дәрігерлік жедел жәрдем стансасы
Сурет trigada.ucoz.com сайтынан алынды
|