Баланың церебралды параличі (БЦП) немесе салдануы – бала босанудан кейін дамитын кеселдердің жиынтық тобы. Бұл кесел ми қызметінің бұзылысымен сипатталады.
Дерттің түрлі науқастардағы білінiстері жеке дара. Мұнда сол немесе басқа белгілердің басым болуы немесе мүлдем жоқ болуы ықтимал.
Белгілері:
- бұлшықет тонусының бұзылысы: қолдарда, аяқтарда немесе барлық денеде тонустың артуы. Кейде бұл адам бақылай алмайтын ыңғайсыз кейіптің (позаның) қалыптасуына жетелейді.
- көбіне қолдардың баяу еріксіз қозғалыстары.
- қолдағы және аяқтағы салдануға дейінгі әлсіздік.
- құрысу ұстамалары.
- сөйлеудің бұзылуы: түсініксіз дыбыстар шығару.
- қозғалыс үйлесімділігінің бұзылысы, жүрудегі теңселу.
- ақыл-ой кемістігі (сирек симптом). Бұл кезде науқас бала қиналып есептейді, оқи алмайды және т.б.
Сырқат баланың жасына байланысты БЦП-тің бірнеше түрі ажыратылады:
- ерте (6 айға дейін)
- бастапқы қалдықтық (2 жасқа дейін)
- соңғы қалдықтық (2-4 жастан бастап және жоғары).
БЦП-тің дамуының нақты себептер әлі анықталмаған. Дегенмен оған жетелейтін факторлар: ми торшаларының асфиксия, гипоксия нәтижесінде оттегімен ашығуы, босанудағы бала жарақаттары, жүктілік кезіндегі анасындағы қызамық, токсоплазмоз, мерез, тұмау, анасының созылмалы кеселдері – туберкулез, пневмония, ревматоиды артрит, қант диабеті және т.б. жатқызуға болады.
Мерует Мұратбайқызы ӘДІЛОВА,
мейірбике,
“Республикалық балалар оңалту орталығы” АҚ
Қызылорда филиалы
Сурет www.medclub.ru сайтынан алынды
|