Қаназдық (анемия) – бұл қандағы гемоглобиннің және (немесе) эритроциттердің мөлшерінің азаюымен білінетін түрлі патологиялық жағдайлардың қатары. Қаназдықтың кейбір түрлері жүре пайда болады. Анемияларды кесел себептеріне байланысты мынадай топтарға бөлуге болады:
- үлкен қан жоғалту шақырған постгеморрагиялық;
- эритроциттердің жоғары бұзылуы шақырған гемолитикалық;
- эритроциттердің түзілу бұзылыстары шақырған анемиялар.
Кеселдің ағымы бойынша жедел анемиялар (тез дамиды, анық білінетін клиникалық белгілермен бірге өтеді) және созылмалы анемиялар (біртіндеп дамиды, бастапқыда белгілер онша анық емес) ажыратылады.
Белгілі бір заттардың тапшылығы шақыратын анемиялар (теміртапшылықты, ақуыз-тапшылықты) гемоглобинді синтездеуге қажетті заттардың организмге жеткіліксіз жеткізілуінен пайда болады.
Балада біртіндеп бозару артады, өмірге шаттануы азаяды, ол болбыр, көңілсіз бола бастайды, тамақты нашар ішеді.
Бүгінде оқушылардың көбісі компьютердің алдында уақыттың көп бөлігін өткізеді. Қозғалыстың шектелуі, зорығу, таза ауа мен күн сәулесінің жоқтығы – бұлар да анемияның себептерінің бірі. Кейде глисттер де қаназдықтың себебіне айналады.
Қаназдықтың алдын алу
Мектеп оқушысының дұрыс режімі мен тамақтануы – анемияның жолын кесудің маңызды шарты. Ересек жастағы балалар қалыпты қан түзеуге қажетті толыққанды ақуыздары, дәрумендері және минералдық заттары бар алуан түрлі тағам ішуі қажет.
Сондай-ақ тағамның талапқа сай әзірленуінің де маңызы бар.
Оған қоса таза ауада жеткілікті уақыт болу, бөлмені жиі желдету, денені шынықтыру және спортпен айналысу, жеке гигиена ережелерін сақтау да қаназдықтың алдын алуға жәрдемдеседі.
Кунсулу Камаловна КУДАЙБЕРГЕНОВА,
мектеп мейірбикесі,
№253 орта мектеп
Сурет onethree.ru сайттан алынды
|