Дерттің патофизиологиялық мәні әр түрлі факторлардың (өт жолдарының, асқазан мен ұлтабардың кеселдері, алкогольді, майлы тағамды қабылдау, иммундық кикілжің, инфекциялық-токсикалық әсер) және көптеген анық емес себептердің әсері нәтижесінде ұйқы безінің түтіктерінде қысымның артуы, оның қан айналысының нашарлауы мен оттегіленуі, иннервациясының бұзылуы жатыр.
Панкреатикалық сөл (секрет) түтіктің шегінен шығып, без тініне (тканіне) түседі және оны зақымдайды. Мұнда белсенді емес трипсиногенге әсер етіп, оны белсенді трипсиногенге айналдыратын цитокинеза активті болады. Бұл үрдіс күрделі аутокаталикалық реакцияның басы болып есептеледі, оның нәтижесі бездегі органикалық интерстициалдық өзгерістер, ісіну, геморрагикалық немесе майлы некроз болуы мүмкін.
Анестезиологтар мен реаниматологтар оларда үрдіс токсемия сияқты сипат иеленетін науқастармен жиі кездеседі. Токсемия екі фазада өтеді.
Көптеген хирургтардың, анестезиологтардың және реаниматологтардың пікірінше реанимациялық бөлімше жағдайында қарқынды терапияға мынадай науқастар мұқтаж:
1) іш бүлігі құбылыстары бар панкреатикалық талу (шок) жай-күйіндегілер;
2) панкреатит фонында жедел тыныс тапшылығы барлар;
3) токсемия нәтижесінде психо-неврологиялық аумақтың жедел ауытқулары барлар;
4) панкреатит пен перитониттің үдеуі нәтижесінде жедел бүйрек немесе бүйрек-бауыр тапшылығы барлар;
5) токсемия мен перитонит фонында динамикалық ішек түйілуі барлар.
Қарқынды терапияның негізгі міндеттері: гиповолемияның түзетілуі (коррекциясы), дезинтоксикация және ауыруды жоқ қылу болып табылады. Бұл міндеттер бір-бірімен сабақтас.
Гиповолемия мен уытсыздандыру (дезинтоксикация) полифункционалдық әсері бар қанның орнын басу бұйымдарын, электролиттер ерітінділерін, ақуыздық қан препараттарын кешенді пайдаланумен өткізіледі. Мұнда орталық веналық қысым, айналымдағы қан көлемі, артериалды қысым, диурез қадағалануы тиіс. Диурез сақталғанда ересек сырқатқа тәулігіне 5-тен 8 л-ге дейін сұйық құюға болады. Инфузиялық терапия үшін полиглюкинді (400-1500 мл), реополиглюкинді (400-1200 мл) қолданған оңды.
Жедел панкреатитті емдеуде ауыру синдромының бетін қайтаруға және нейровегетативтік блокадаға ерекше мән беріледі. Мұнда әсіресе антигистаминдік препараттармен бірге промедол кең қолданылады.
Галымжан Иманайулы ШАКИРОВ,
анестезиолог-реаниматолог дәрiгер,
“Қызылорда қалалық ауруханасы” ШЖҚ МКК
Сурет mk-turkey.ru сайтынан алынды
|