Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


Заттық айғақтардың сот-медициналық және медициналық-криминалистік сараптамасы

 

МаратАбдурахманович УСМАНОВ,

Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамалары

Институтының жоғары санатты сот-медициналық сарапшысы

Қылмыстық процессте заттық айғақтар дәлел көзінің бірі ретінде танылады. Яғни, олар оқиғаға қатысы бар және істің мәнін ашуға көмектесетін заттар. Сондай-ақ заттай айғақтардың сот-медициналық сараптамасы қылмысты ашуда маңызды орын иеленеді. Әсіресе оның рөлі адамға қарсы ауыр қылмыстарды, мысалы адам өлтіру, жыныстық зорлау және т.б. ашуда орасан зор. Ол тергеуде қылмыс болған жағдаятты танып-білуге, күдіктілердің шеңберін елеулі тарылтуға, ал кейбір оқиғаларда кінәлі адамды мінсіз табуға және керісінше кінәсізді ақтауға жәрдемдеседі. Мұның бәрі толықтай заттай айғақтардағы бөлініс іздерін зерттеуге қатысты.

Сонымен, мысалы зәбір көрушінің денесіндегі, киіміндегі және басқа заттардағы шәуеттің (сперманың) ізі өз серологиялық қасиеттері бойынша жыныстық зорлық жасауға күдікті адаммен сәйкес келетін болса, онда бұл елеулі, ал кейде бұлтартпас дәлел бола алады. Ал керісінше, аталмыш қасиеттердің сәйкессіздігі белгілі бір адам турасында пайда болған күдікті сейілтуі немесе толықтай теріске шығаруы мүмкін.

Адамнан шығатын бөліністердің түрі сан алуан. Теориялық тұрғыда олардың кез-келгенін сот-медициналық сараптама нышаны (обиектісі) ретінде қарастыруға болады. Алайда сот-медициналық және тергеу практикасы сарапшыға көбіне мынадай бөліністерді: сперманы, сілекейді, терді, зәрді, қынап бөліністерін іздеуге және дифференцирлеуге тура келетінін көрсетеді, сонымен қатар оларды қан іздерінен де ажырату керек.

Заттық айғақтар оқиға орынын қарау кезінде, зәбірленушіні және күдіктілерді куәландыруда, тінту мен басқа тергеу әрекеттерінде жиі аңғарылады. Биологиялық тегі бар заттық айғақтардың сараптамасы тергеушінің, прокурордың арнайы қаулысымен, сондай-ақ соттың анықтамасына сәйкес жүргізіледі.

Заттық айғақтарды екіге бөлуге болады. Олардың бірі – өлім себебін, зорлық түрін анықтауға, сондай-ақ жарақат түрін пысықтауға ықпал ететін заттық айғақтар. Мысалы, қайтыс болған адамның денесінен алынған оқ өлім себебін, жарақат сипатын анықтауға ерік береді. Ал аяқ киімдегі электр тогынан болған зақым адам өлімінің себебін және ток ұрғандағы кейіпін (позасын) қайта қалпына келтіруге көмектеседі, ал зақымданған аяқ киім заттық айғақ болып табылады.

Заттық айғақтың екінші түрі – биологиялық тегі бар жоғарыда айтылған нысандар. Әдетте мұндай нысандардың шығу тегі (мысалы, қан, шаш, сперма) адамдікі немесе жануардікі екені, олардың нақты бір адамға қатыстылығы зерделеніп, пысықталады.          

Заттық айғақтарды жинақтау кезінде олардың шынайылығы, қолдан жасалмағаны қамтамасыз етілуі тиіс. Сарапшыға оқиға орынын қарау хаттамасы жолданып, онда бәрі мұқият сипатталады. Биологиялық тегі бар заттық айғақтар турасында сарапшы маман қылмыстық оқиға орынын қарауға қатыстырылуы мүмкін. Өйткені ол бұларды жете танып біледі және заттың түрін, сипатын анықтай алады. Демек, сарапшы қылмыстық істің қыр-сырын ашуда өз білімі мен біліктілігін пайдалана отырып, елеулі ықпал ететін маман болып есептеледі.   

 

Фото CrimLib.info сайтынан алынды.

 

Категория: дәрігер мақалалары | Добавил: психолог (08.05.2019)
Просмотров: 809 | Теги: заттық айғақтар, Усманов, марат, қызылорда, сот сараптамалар институты | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]