Тырысқақ (холера) – холералық вибрион бактерияларымен жұқпаланған тағамды немесе ауыз суын тұтынудан болатын жұқпалы дерт. Әлемде жылма-жыл 3-5 миллион адам өзіне тырысқақ жұқтырады, шамамен 100 мыңдай оқиғаның соңы қайғылы аяқталады.
Дертті холера вибрионы деп аталатын бактерия шақырады, аурудың жұғуы науқас адамның бөліністері түскен тағам немесе су арқылы өтеді. Бактериялар адам организміне түсіп, оның ішегінде көбейіп, улы заттар бөле бастайды. Нәтижесінде науқаста күшті іш өту және кейде үздіксіз құсу басталады.
Жұқпаның жасырын кезеңі ауру жұққаннан кейінгі бірнеше сағаттан 5 күнге дейінгі аралықта болады. Шамамен холераның жиырма оқиғасының бірінде күшті құсу бірге жүреді. Кесел жұқтырған адамда ауру белгілері мардымсыз болса да аса қауіпті.
Сусыздану белгілері мынадай:
- жүректің жиі соғуы;
- терінің серпінділігін жоғалтуы;
- шырышты қабықтардың құрғауы;
- төменгі қан қысымы;
- қатты шөлдеу;
- бұлшықеттердегі құрысу.
Ем болмағанда дененің сусызданып, құрғауы бірнеше сағатта естен тануға, тіпті өлімге жетелеуі мүмкін.
Тырысқаққа қарсы арнайы вакцина болғанымен, оның ықпалы кейде көңілдегідей емес, ал әсері бар болғаны бірнеше айға дейін созылады. Ең бастысы адам өзін және отбасын холерадан қорғау үшін тек қайнатылған, химиялық зарарсыздандырылған немесе арнайы құтыдағы суды пайдалануы тиіс.
Одан бөлек аймақта тырысқақтың жұғу қауіпі болса, лас жемістер мен көкөністерді, пастерленуден өтпеген сүтті және сүт өнімдерін, шикі немесе нашар дайындалған ет пен теңіз өнімдерін мүлдем тұтынбаған абзал.
Кулаим Асиловна АХМЕТОВА,
Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы,
обаны және аса қауіпті инфекцияларды диагностикалау және профилактикасы зертханасының бактериолог-дәрігері
Фото MedAboutMe сайтынан алынды.
|