Тілме – терінің шектеулі қабыну құбылыстарымен болатын жалпы жедел жұқпалы кесел. Оның рецидивтерге бейімділігі бар.
Жұқпа көзі науқас адам немесе стрептококк тасымалдаушы болып табылады.
Жұғу стрептококктың алдында микрожарақаттанған және ластанған – тілінген, сыдырылған, қасылған, жарылған тері арқылы түсуінде болады. Дерт қандай да бір қолайсыз факторлар әсерінен организмнің ауруға қарсылығы төмендегенде пайда болады. Тілмемен әйелдер және кәрі жастағы адамдар ауырады.
Тілменің рецидивтелуіне жеткіліксіз және дұрыс емес ем жетелейді. Тілмеден соң иммунитет қалмайды. Керісінше стрептококқа жоғары сезімталдықтың дамуы мүмкін.
Жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 2-3 тәулікке дейін созылады.
Әдетте тілме жедел басталады. Қалтырап-дірілдеумен бірге дене температурасы 39-40оС-ге дейін көтеріледі, әлсіздік, дел-салдық, дене мен қол-аяқ бұлшықеттеріндегі ауыру, бас ауруы, жүрек айну, кейде құсу пайда болады.
Зақымданған тері телімінде алдымен тек қышу, ашып ауыру сезімі пайда болады. Дерт басталуынан 10-24 сағаттан соң ауыру, ысу сезімі, одан соң тез шеткі өсу жолымен көлемі ұлғайған қызыл дақ туындайды. Терінің зақымданған телімі қызғылт немесе ашық-қызыл түс иеленеді, “жалын тілі” түріндегі нақты, бірақ бұрыс шеті бар болады. Қабақ, ерін, жыныс ағзалары, саусақтар зақымданғанда анық білінетін ісік байқалады. Қабыну аймағындағы тері қатайған, ыстық және жанасқанда ауырады.
Терінің тілмелік қабынуы көбіне бетте, мұрын тесіктерінің шет аумақтарында, мұрын ерін қыртысында, бір немесе екі жақта көбелек түрінде, тіпті бастың шаш бөлігінде пайда болады.
Қызбалық кезең 2-10 күнге созылады. Терінің зақымдануы 5-15 тәулік бойына сақталады.
Урак КЕУБАСОВ,
инфекционист дәрігер,
"Амбулаториялық-емханалық қызметi бар
Қазалы аудандық орталық ауруханасы" ЖШҚ МКК
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы
Сурет pharm-rating.ru сайтынан алынды
|