Қызамық - әлсіз білінген жалпы уыттану (интоксикация) белгілерімен, барлық денедегі айқын емес ұсақ дақты бөртпемен, желке және мойын артындағы лимфа түйіндерімен және жүкті әйелдердегі ұрықтың зақымдануымен сипатталатын инфекциялық кесел.
Жұқпа көзі қызамықтың айқын немесе бөртпесіз жасырын формасымен ауырған адам. Жұғу ауалық-тамшылық жолмен өтеді.
Қызамықтың вирусы организмге тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы енеді және қанмен бүкіл организмге тарайды.
Екі қабат әйелдерде қызамық вирусы ұрыққа түсіп, оның өсуінің баяулауына, сондай-ақ әр түрлі кемістіктердің дамуына жетелейді.
Инкубациялық кезең 11 күннен 24 тәулікке дейін созылады.
Дерт жедел басталады. Мойын артындағы және желке лимфа түйіндерінің ұлғаюы мен ауыруы, аздаған әлсіздік, дімкәстану, болмашы бас ауруы пайда болады, дене температурасы 38оС-ге дейін жоғарылайды. Бұлармен бір мезгілде бетте, бірнеше сағаттан соң денеде бозқызғылт түріндегі 1 см-ге дейінгі дөңгелек немесе доғал пішіндегі мол дақ, аздаған құрғақ жөтел, көмейдің жыбырлауы, қырнауы пайда болады.
Дененің көтеріңкі температурасы мен бөртпе 1-3 күн сақталады. Қызамық кейде бөртпесіз тек дене температурасының аздап жоғарылауымен және лимфа түйіндерінің ұлғаюымен білінеді.
Қызамықпен ауырғандарды емдеу үйде жүргізіледі. Жүктіліктің алғашқы 16 аптасында қызамықпен ауырған екі қабат әйелдерге оны үзу ұсынылады.
Қызамықтың алдын алу үшін тірі әлсіреген вакцина егу қолданылады. Балалар вакцинациялауды жақсы көтереді. Ересектерде лимфа түйіндерінің аздап ұлғаюы мен қысқа мерзімді дене қызуының аздап көтерілуі байқалады.
Қызамықпен ауырған науқасты оқшаулау бөртпе пайда болғаннан 4 күннен соң тоқтатылады.
Урак КЕУБАСОВ,
инфекционист дәрігер,
"Амбулаториялық-емханалық қызметi бар
Қазалы аудандық орталық ауруханасы" ЖШҚ МКК
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы
Сурет btips.ru сайтынан алынды
|