Қырым геморрагиялық қызбасы (ҚГҚ) табиғи ошақтықпен, анық білінетін уыттанумен (интоксикациямен), тері және шырышты қабықтарда қанды дақтардың (геморрагиялардың) болуымен, қан кетумен сипатталатын аса жұқпалы ауру.
Кеселдің жекеленген оқиғалары Орта Азияда, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде және т.б. көптеген елдерде кездеседі.
Бұл жұқпалы ауру адамға кене арқылы тарайды. Жұқпаның қоздырғышы арбовирустар тобына жататын вирус, оның сыртқы ортаға төзімділігі төмен.
Сиырлар, ешкілер, сондай-ақ жабайы сүтқоректілер жұқпаның көзі болып табылады. Қоздырғыштың адамға берілуі кене денеге жабысқанда, сонымен қатар науқас адам қанының көздің кілегей қабығына, жұтқыншаққа, мұрынға, теріге түсуінде өтеді. Көбіне бұл сырқат адаммен жұғысу (контакт) кезінде болады (медициналық қызметкерлерде жиі).
Науқастылық кененің белсенді кезінде – мамыр-маусым айларында жоғары болады.
Дерттің жасырын (инкубациялық) кезеңі 2-14 күн, көбіне 3-5 тәулік.
Кесел белгілері тұтқиылдан дене қызуының артуымен, миалгиялармен (бұлшықет сырқыраулары), бас айналумен, мойындағы ауыру және қатаюмен (ригидтілік), арқаның немесе белдің ауыруымен, бас аурумен, көздің қабынумен және жарықтан қорқумен (фотофобия) білінеді.
Жүрек айнуы, құсу, іш өту (диарея), іш пен тамақ ауруының болуы мүмкін. Жүрек жиі қағып, теріде петехиалды бөртпелер пайда болады. Бесінші тәулікте жағдайы ауыр науқастарда бүйректің қызметі нашарлап, бауыр немесе өкпе қызметінің тапшылығы байқалады.
ҚГҚ-дағы өлім коэффициенті шамамен 30 процентке тең.
Диагностикасы
ҚГҚ-ның вирусымен жұқпалануды бірнеше лабораториялық тесттермен анықтайды:
- иммундық-ферменттік талдау (ИФТ);
- антигендерді айқындау;
- сарысулық бейтараптандыру (нейтрализация);
- кері транскриптазамен бірге полимераздық тізбектік реакция (КТ-ПТР);
- торшалық култураларда вирусты оқшаулау.
Өлім хәліндегі пациенттерде, сондай-ақ кеселдің алғашқы күндері ауру адамдарда өлшеуге болатын антиденелердің түзілуі болмайды. Сондықтан мұндай пациенттерде дертті нақтылау қан немесе тін үлгілерінде вирусты немесе РНК-ны анықтау жолымен атқарылады.
Пациенттерден алынған зерттеу материалдарын тесттен өткізу аса жоғары биологиялық қауіп болып есептеледі. Оны тек барынша биологиялық қауіпсіз жерде өткізген абзал.
Алмагуль Измахановна ТАЛАЙЛИЕВА,
зертхана меңгерушісі,
ҚР ДСМ «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті
инфекциялар ҰҒО» ШЖҚ РМК
«Қызылорда обаға қарсы
күресу станциясы» филиалы,
Қызылорда қаласы,
Қызылорда облысы
Фотосурет big-rostov.ru сайтынан алынды
|