Оба – адамзат дамуына мықты ықпал еткен аса қауіпті дерт. Ол бұрын тарих дөңгелегін кері айналдырып, миллиондаған адамның тағдырына және өміріне балта шапты. Сондықтан ол туралы білу еш артықтық етпейді.
Обаның қоздырғышы энтеробактерия иерсиния пестие. Жалпы бұл туыстықтың таяқшалары кең тараған. Иерсенийдің кейбірі адамға мүлдем зиянсыз, ал кейбірі түрлі ауырлықтағы ауру тудырады (бірақ обаны емес).
Оба таяқшасы қоршаған ортада жақсы бейімделген. Ал науқастың организмінде иерсиниялар жылдам көбейіп, иммундық қорғанысты тұқыртып, тіндерді күйретеді, күшті уыттар (токсиндер) бөледі.
Оба – антропозоонозды жұқпа. Басқаша айтқанда онымен адам да, жануар да ауырады.
Ортағасырлық Еуропада індеттің себебі – егеуқұйрықтар болған. Басқа да кеміргіштер мысалы, қояндар, түлкілер, түйелер оба тарату бойынша қауіпті.
Бүргенің оба таратудағы рөлі зор. Иерсиниялар олардың ас қорыту жүйесінде көбейеді. Кесел тасушы бүрге өзінің кезекті құрбанын тістегенде жараға бактерияның көп мөлшерін төгеді.
Иерсиния пестис ұдайы айналымда болатын табиғи ошақтар Қызылорда облысында да бар.
Адамға жұғудың және індеттің алдын алу үшін жергілікті фаунаны тұрақты қадағалау, елді әрекет ережелері туралы көбірек ақпараттандыру, екпе егу (вакцинация) қажет. Дегенмен, оба аракідік елде ұшырасып тұрады.
Обаның жұғу жолдары:
1. Контактты. Ауру малдың етімен, терісімен және науқас адаммен жұғысты болғанда. Қоздырғыш терінің шырышты қабығы немесе микрожарақат арқылы денеге енеді.
2. Трансмиисиялы – дертті кезінде өзіне жұқтырған бүргелердің шағуы арқылы.
3. Ауа-тамшы жолы – обаның өкпелік түрі бар сырқаттың жанында болғанда.
4. Тұрмыстық жол – оларда ауру адамдардың немесе жануарлардың биоматериалы бар тұрмыстық заттар арқылы.
5. Алиментарлы – тағам арқылы.
Демек, жұқпаның таралу нұсқалары сан алуан. Оған қоса дерт өте қатерлі. Обаның табиғи ошағы бар жерде аса абай, сақ болған жөн.
Гульмира Оралбековна КУТУМУРАТОВА,
дәрігер-бактериолог,
Қызылорда обаға қарсы күрес стансасы
Фотосурет АиФ сайтынан алынды
|