Мектеп оқушыларындағы өкпе қабынуын көп оқиғада стрептококк пен стафилококк шақырады. Пневмония иммунитет төмендегенде пайда болады. Оған мыналар жетелейді:
- суық тию, жаурау;
- организмдегі басқа инфекциялық кеселдер;
- тамақ рационындағы дәрумендер (витаминдер) мен микроэлементтердің тапшылығы.
Мектеп жасындағы балалардағы өкпе қабынуы ересектердегі мұндай дерттерден кейбір ерекшеліктер иеленеді:
- патологиялық үдеріс өкпенің сегменті мен бөлігін сирек қамтиды. Сол себептi уытты (интоксикациялық) синдромдар (температураның күшті жоғарылауы, ұдайы шаршау) мектеп оқушыларында сирек байқалады;
- азғантай ошақтардың рентгенограммада сирек аңғарылуы мүмкін;
- морфологиялық зерттеулерде стрептококктық пневмониялар альвеола қуысында фибриннің түзілуіне жетелемейді, сол себепті патология емделгеннен соң тыныс алу толығымен қалыпқа келеді;
- туберкулезбен ауырған немесе қарапайым гигиеналарды сақтамайтын оқушыларда іріңдік асқынулар байқалады.
Балалардағы ошақтық қабынулық өзгерістерді лабораториялық талдаулар мен өкпе рентгенографиясының нәтижесі көрсетуі мүмкін.
Патологиялық үдеріс бірнеше альвеолярлық ацинустарды қамтыған кезде – тыныс алу жиілігінің күшеюі және 38 градус шамасындағы температураның жоғарылауы пайда болады.
Оқушыларда өкпе қабынуы бронхит сияқты басталады:
- құрғақ аз өнімді (қақырық аз) жөтел;
- ұсақ көпіршікті сырыл;
- перкуссия кезінде қабыну аумағындағы өкпе дыбысының бәсеңдеуі;
- температура қисығының дұрыс емес типі.
Дерт үдегенде мынадай симптомдар пайда болады: беттің көгеруі, ентігу, ылғалды сырылдар, 2 тәуліктен астам тұрақты температура. Өкпе қабынуында эритроциттердің шөгу жылдамдығы (ЭШЖ) 50 мм/сағатқа жетуі мүмкін.
Нургул НАУРЫЗОВА,
жалпы тәжірибелі дәрігер,
“Бірлік” дәрігерлік амбулаториясы,
“Амбулаториялық - емханалық қызметі бар
Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы” ШЖҚ МКК,
Жаңақорған ауданы
Сурет bobruisk.ru сайтынан алынды
|