Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


МЕХАНИКАЛЫҚ ТҰНШЫҒУ (АСФИКСИЯ)

Механикалық асфиксия – бұл организмге механикалық фактордың әсері шақырған тұншығу құбылысы. Механикалық асфиксияда сыртқы тыныс алу бұзылады. Оны механикалық себептер шақырып, организмге оттегінің түсуі қиындайды немесе толықтай тоқтайды және ағзалар (органдар) мен тіндерде (ткандерде) көмірқышқыл газы жиналады.

Механикалық асфиксияның сыныпталуы

1. Странгуляциялық асфиксия

- асылу;

- тұншығу:

а) арқанмен, жіппен тұншығу

ә) қолмен тұншықтыру

б) қатты затпен тұншығу

2. Компресиялық асфиксия

- кеуде мен құрсақтың қысылуы

3. Обтурациялық асфиксия

- тыныс алу тесіктерін қолмен, жұмсақ заттармен бітеу

- тыныс алу жолдарының қуысын шағын (компактты) бөгде денелермен бітеу

- сусымалы заттардың аспирациясы

- асқазандағы заттардың аспирациясы

- суға бату:

а) шынайы («ылғалды»)

ә) асфиктикалық («құрғақ»)

- басқа сұйық орталарға бату

4. Шектеулі кеңістіктегі асфиксия

5. Позициялық асфиксия.

Механикалық асфиксия үдерісі (процесі) және оның мәйіттегі белгілері

Асфиксияның 5 кезеңі ажыратылып, қарастырылады:

1) асфиксия алды;

2) ентігу;

3) тыныс алудың қысқа мерзімді тоқтауы (немесе тыныштық кезеңі);

4) терминалды тыныс алу;

5) тыныстың тұрақты тоқтауы.

Тыныс алу тоқтағаннан кейін әдетте асфиксия басталғаннан 5-8 минуттен соң жүрек те өз қызметін тоқтатады.

Асфиксияның белгілері

Механикалық асфиксиядан туындайтын өлімдегі мәйітті тексеруде анықталатын бірқатар белгілер байқалады. Алайда бұл белгілер басқа жағдайларда да білінетіндіктен, мұнда тез болатын өлім белгілері туралы айтқан жөн. Сонымен, оларды сыртқы және ішкі деп бөліп қарастарған дұрыс. Сыртқы белгілерге мыналар жатады:

1) көздің дәнекер қабығындағы ұсақ қанталаулар

2) беттің көгеруі (цианозы). Жиі кездеседі, бірақ тұрақты емес.

3) түрлі қарқындылықтағы қоңыр-күлгін мәйіттік дақтар

4) еріктен тыс зәр шығуы, дефекация және жыныстық секреттің шығуы.

Асфиксиядан болған өлімнің ішкі белгілері:

1) қоңырқай сұйық қан

2) жүректің оң жарты бөлігінің қанға толуы

3) ішкі ағзалардың қанға бөгуі

4) талақтағы қансырау

5) плевра астындағы және эпикард астындағы ұсақ қан құйылулар. Соңғысы механикалық асфиксияда жиі ұшырасады.

Демек, жалпылай асфиксиялық белгілердің көп болғанымен, олардың арасында ешқандай тұрақты, тек механикалық асфиксияға ғана тән белгіні нақты көрсету мүмкін емес. Сондықтан әрбір нақты оқиғада басқа себептерден болатын өлімді де ескерген абзал.

Асылып өлу

Адамның барлық дене салмағының немесе денесінің бір бөлігінің ауырлығымен мойынды арқан немесе жіптің қысуы асылу деп аталады. Соған сәйкес толық немесе ішінара асылу ажыратылады. Соңғысының жиірек ұшырасатынын атап өткен жөн. Асылудың тұрып, тізерлеп, отырып және жатып жүзеге асуы ықтимал. Әдетте асылу арқанда болады, бірақ мойынның қысылуы бұтақ арасында, дуалдың қоршауының арасында кездесетін оқиғалар мәлім.

Ілмектер жасалған материалдарына байланысты шартты түрде жұмсақ, жартылай қатты және қатты болып келеді. Ілмектердің жылжымалы, жылжымайтын, ашық, жабық, бір рет оралу, көп рет оралу және т.б. түрлері ажыратылады.

Странгуляциялық ойықтың мойын қысылуындағы негізгі белгі ретінде маңызы зор. Бұл - жіптің, арқанның ізі, мойын терісінің беткейлі зақымдануы. Мұның мұқият зерттеліп, белгілі бір жоспарға сай сипатталуы тиіс.

Сондай-ақ мыналар да өлшенуі керек:

- табан мен странгуляциялық ойыққа дейінгі арақашықтық;

- мойын мен бас өлшемі;

- қолдар алға созылған күйдегі дененің ұзындығы.

Бұған қоса асылған мәйітті зерттеуде странгуляциялық ойықтың адамның тірі немесе өлі кезінде пайда болғаны туралы мәселе нақтылануы қажет.

Асылып өлуге күдікті мәйітті соттық-медициналық сараптауда оның механикалық асфиксияның дәл осы түрінен қайтыс болу дерегін анықтау негізгі мәселе. Сондықтан асылуға тән белгілер кешені мақсатты түрде ыждағатты зерттеледі.

Бақытжан Болатович САДУОВ,

Қызылорда облысы бойынша

Сот сараптамалары институтының

жалпы сараптама бөлімінің жетекшісі

 

Пайдаланылған медициналық әдебиеттер:

1. Концевич И.А. Судебно-медицинская диагностика странгуляций. Киев, 1968 г.

2. Авдеев М.И. Судебно-медицинская экспертиза трупа. М., 1976.

3. Науменко В.Г., Митяева Н.А. Гистологический и цитологический методы исследования в судебной медицине. М., 1980 г.

4. Судебная медицина. Руководство для врачей. Изд. 2-ое под ред. проф. А.А. Матышева и А.Р. Деньковского. Л., 1985.

5. Судебно-медицинская экспертиза механической асфиксии. Руководство для врачей (под ред. проф. А.А. Матышева и В.И. Витера), СПб - Ижевск, 1993.

6. Молин Ю.А. Судебно-медицинская экспертиза повешения. СПб, 1996.

Фото dic.academic.ru сайтынан алынды.

 

 

Категория: дәрігер мақалалары | Добавил: психолог (13.12.2019)
Просмотров: 3227 | Теги: странгуляциялық ойық, Бақытжан, асылу, механикалық асфиксия, садуов | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]