Алкоголь адам организміне күшті уытты (уландыратын) әсер береді. Ол зат алмасуын бұзады, жұқпаларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді, барлық ағзаларды түгелдей зақымдайды. Әсіресе алкогольден бауыр, ми, жүрек, бүйрек, ішкі секреция бездері (оның ішінде жыныстық бездер де бар) жапа шегеді, адам ерте қартаяды.
Ішімдікке салынған еркектердің жыныстық бездері зақымданып, сперматозоидтарды өндіру азаяды, белсіздікке (импотенцияға) дейінгі сексуалдық өмірдің әр түрлі бұзылыстары байқалады. Алкоголь кез келген тірі торшаға у болып табылатындықтан, сперматозоидтардың белсенділігін, жылжымалылығын төмендетеді, олардың тектік құрамын бұзады.
Жас жұбайлардың шарап ішуі кеміс балалардың дүниеге келуіне себепші болатыны бұрыннан байқалған.
Алкоголь көптеген дәрілермен өзара әрекет етіп, организмге орны толмас зиян әкеледі. Мысалы, ацетилсалицил қышқылын (аспиринді) алкогольмен бірге ішу қарынның ойық жарасына, қан кетудің туындауына жетелейді.
Есірткілік емес анальгетиктерді (анальгин, амидопирин, парацетамол, индометацин, ибупрофен) спирттік ішімдіктермен бірге қабылдау тахикардияға, әлсіздікке, құлақтың шуылының пайда болуына тірейді. Сондай-ақ алкоголь кез келген дәрілік препаратты қабылдау кезіндегі аллергиялық реакцияларды күшейтеді.
Алкогольмен созылмалы уланудың классикалық мысалы оның асқынуы бауыр рагі болып табылатын бауыр қатпасы (циррозы). Цирроздан басқа маскүнемдерде асқазанның ойық жарасы, психоздар, қояншыққа ұқсас құрысу ұстамалары, жадтың тұрақты ауытқулары, интелекттің төмендеуі, полиневриттер жиі дамиды.
Алкогольді ұзақ тұтынғанда психиканың біртіндеп күйреуі, тұлғаның ыдырауы (деградация) болады, бір тілектен – тез арада және қайта-қайта ішуден басқа барлық тілектер жоғалады.
Маскүнемдік ақ қызбалық сияқты ұзақ ішуден соңғы жедел психоз тән. Оның жарқын көрінісі – галлюцинациялар. Бұл кезде адам өзіне де, айналасына да қауіпті. Сондықтан тезірек наркологиялық ауруханаға жатқызылуы тиіс.
Ахылбек Нугуманович БАЙДИЛЬДАЕВ,
нарколог дәрiгер,
№3 наркологиялық бөлімше
(арнайы емдеу-профилактикалық мекемесі)
меңгерушісі,
“облыстық наркологиялық орталық” МКҚК
Сурет natural-medicine.ru сайтынан алынды
|