Гипогликеииялық жағдай – бұл қандағы глюкоза деңгейінің төмендеу жай-күйі.
Гипогликемия жағдайы қант диабетінде инсулиннің жоғары дозасы енгізілгенде немесе қант төмендететін препараттар мөлшерден тыс қабылданғанда пайда болады. Оның сондай-ақ пациент ас ішпей инсулин енгізгенде немесе қантты төмендететін препараттарды қабылдап және тамақ ішпегенде пайда болуы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейінің төмендеуі денелік зорығу нәтижесінде дұрыс тамақтанбауда, қарын үсті безінің ісіктерінде, қалқанша без қызметінің төмендеуінде, гипофиз функциясының бұзылысында, созылмалы бүйрек үсті безі тапшылығында, қатерлі ісіктік үдерістерде, алкогольді шектен тыс тұтынғанда туындауы ықтимал.
Гипогликемиялық жағдайдың белгілері.
Гипергикемиялық комаға қарағанда гипогликемиялық комаға тез басталу тән. Арта түскен гипогликемия бас ауруымен, білінетін аштық сезімімен, тершеңдікпен, тері мен шырышты қабықтардың бозаруымен бірге өтеді. Одан соң жүрек қағуы және қол-аяқ дірілі, көру ауытқулары (көз алдындағы қосарлану), озбырлық (агрессиялық) жай-күй пайда болуы мүмкін.
Симптомдар артқан сайын тері ылғалданады, сіңірлік рефлекстер жанданады, құрысулардың болуы ықтимал. Тыныс алу өзгеріссіз қалады. Қандағы глюкоза деңгейін анықтағанда көрсеткіштер қалыптан төмен – 2,78 ммоль/л.
Шұғыл көмек
Гипогликемиялық жағдайды тойтару үшін пациентке тәтті шәй ішу, бөлке немесе ақ нан көсегін, кәмпит жеу керек. Жеңіл қорытылатын қарапайым көмірсулары бар азықтар тез бойға сіңеді және бұл жағдайды қалпына келтіруге жеткілікті.
Адам есінен айрылса “жедел жәрдем” шақыру керек. Бұл жағдайда көмек көрсету үшін глюкозаның 40%-тік ерітіндісін вена ішіне баяу енгізеді. Мұндай емде әдетте сырқат 5-10 минуттен соң есін жияды.
Галия Талгатовна НУРСЕЙТОВА,
жедел жәрдем дәрігері,
Қызылорда қалалық дәрігерлік жедел жәрдем стансасы
Сурет med36.com сайтынан алынды
|