
Әдетте туберкулезді тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың кеселі деп есептейді. Дегенмен бұл дертке кез келген адамның шалдығу қауіпінің болатынын есте ұстау қажет. Туберкулез дамуының қауіп факторларына: жуық арада жұқпаланғандар, қант диабеті барлар, иммундық супрессивтік терапиядан өткендер, АИТВ-жұқпаланғандар, есірткіні, темекіні, алкогольді шектен тыс тұтынатындар, нашар тамақтанатындар, тұрғындардың тығыз орналасуы және сырқаттанған адаммен көп контактта болу жатады. Статистика бойынша туберкулезге көбіне жасөспірімдер мен кәрі адамдар шалдығады.
Туберкулездің профилактикасы жылма-жыл диспансерлік бақылау мен кеселді ерте сатыларында анықтау болып табылады. Бұл мақсатта ересек адамдарға емханада жылына 1 реттен кем емес флюорографиялық тексеруден өту қажет (мамандығына, денсаулық жағдайына, әр түрлі қауіп тобына жатуына байланысты).
Өкінішке орай туберкулездің көптеген симптомдары ерекшеліктік емес, яғни тек туберкулезге ғана тән емес. Туберкулез ағымына мынадай белгілердің болуына қарап күмәндануға болады:
- қақырық бөлумен, кейде қанмен бірге жөтелу немесе жөткіріну;
- тез шаршау және әлсіздіктің пайда болуы;
- тәбеттің төмендеуі немесе болмауы, салмақ жоғалту;
- аса тершеңдік, әсіресе түнге қарай;
- температураның 37-37,5 градусқа дейін аздап көтерілуі.
Үш апта бойына жоғарыда аталған симптомдар сақталса, дереу терапевт дәрігерге қаралған жөн. Туберкулезге күмән туғанда пациентке флюорография, кеуде клеткасының рентгенін жасату және қақырық талдауын тапсыру ұсынылады. Барлық күдікті жағдайларда пациент қосымша диагностикалау мен емдеу үшін туберкулезге қарсы диспансерге жолданады.
Жұмагүл Байжігітқызы ҚАЗЫБАЙ,
І-ші санаттағы фтизиатр дәрігер,
диспансер бөлімінің меңгерушісі,
“Қазалы аудандық туберкулезге қарсы диспансер” КММ,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы
Сурет xn----7sbaklid5c1b.xn--p1ai сайтынан алынды
|