Бронхиалды астмада клиникалық симптомдардың үштігі байқалады. Олар: тұншығу, жөтел және ентігу. Науқастардың аздаған бөлігінде кеселдің жалғыз білінісі ұстама түріндегі жөтел болуы мүмкін.
Көбіне жас адамдар ауырады: сырқаттардың тең жартысында дерт жас кезінде дамиды, 1/3-інде 40 жасқа дейін пайда болады.
Бронхиалды астманың екі негізгі түрі болады – экзогендік (атопиялық, аллергиялық) және эндогендік, иммундық емес механизмдермен сабақтас.
Эндогендік бронхиалды астма өз бойына физикалық зорығу астмасын, аспириндік психогендік, жұқпалық (инфекциялық), гиперэозинофилдік астманы, қоршаған ортаның ластануына байланысты астманы, сондай-ақ кәсіби бронхиалдық астманың көптеген оқиғаларын жинайды.
Сырқаттардың көбісінде тұншығу ұстамасы өнімсіз (аз қақырықты) жөтелден басталады. Әдетте ол аллергендермен контактта, түнде, денелік жүктемеден соң, суықта, тітіркендіргіш қасиеті немесе күшті иісі бар заттарды иіскеп, дем алғанда болады.
Ұстамалардың бірнеше сағатқа созылуы және өз бетінше немесе емдеу әсерінен тоқтауы мүмкін. Ұстама аяқталар алдында шырышты тығын түріндегі қақырық бөлінеді. Тұншығу ұстамасы кезінде дем шығару қиындаған, ысқырық түріндегі сырыл алыстан естіледі.
Науқас мәжбүрлі кейіп иеленеді, әдетте тізесіне немесе керуеттің шетіне қолын тіреп отырады.
Тыныс алу актісіне қосымша бұлшықеттер қатысады, кеуде клеткасы кеңейген (“үрленген”), өкпеден көптеген құрғақ сырыл естіледі.
Тұншығудың жиі немесе дер кезінде беті қайтарылмаған ұстамасы астматикалық статусқа өтуі мүмкін. Ол бронхиалдық обструкцияның үдеуімен және беткейлі тыныс алумен, адреномиметикалық бұйымдармен емдеуде ықпал болмауымен сипатталады.
Бронхиалды астма өкпенің обструктивті эмфиземасымен, пневмоторакспен, пневмомедиастинуммен асқынуы мүмкін.
Анаркуль Каримовна НУРГАЛИЕВА,
терапевт дәрігер,
“Қазақ республикалық лепрозорийі” РМК
Сурет www.medweb.ru сайтынан алынды
|