Артериалды гипертония қан қысымының қалыптан тыс көтерiлуiнен туындайды. Қан қысымының деңгейi жүректiң, қан тамырларының, орталық нерв жүйесiнiң, бүйректiң жағдайына байланысты өзгерiп тұрады. Көп жағдайда толқулар, қатты ашулану, қапаланып қайғыру қан қысымының артуына ықпал етедi. Гипертонияға тұқым қуалау факторы да әсер етедi.
Дерт артериялық қан қысымының көрсеткiшiне және адамның жай–күйiне байланысты 3 сатыға бөлiнедi. Уақытша көтерiлу - 130/85 – 139/89 ммсынбағ.
I – саты: Артериялық қан қысымы сынап бағанасы бойынша 140/90 – 159/99 ммсынбағ. Адамның ұйқысы бұзылып, шаршау, жүрек қағу, мазасыздық пайда болады. Бұл жағдайлар дұрыс демалып, тыныштандыратын дәрiлерден кейiн қалпына түседi.
II – саты: Артериялық қан қысымы 160/100 – 179/109 ммсынбағ аралығында болады және бас ауру, жүрек айну, жүрек шаншу, бас айналуы мүмкiн. Мазасыздық, шаршау, ұйқы бұзылу арта түседi. Бұл жағдайда жүрек, ми қан тамырларында өзгерiстер пайда болады және қан қысымын төмендететiн дәрiлер қабылданған соң қалпына келгенiмен тұрақты бiр көрсеткiште тұрмайды.
III – саты: Артериялық қан қысымы 180/110 ммсынбағ–нан бастап және одан жоғары көрсеткiште үнемi болатын жоғарғы қан қысымынан жүрек бұлшық еттерi мен қан тамырлары жақтауларында болған қауiптi өзгерiстерге (атеросклероз) байланысты ауытқулар болуы мүмкiн:
- Инсульт /ми қан тамырларының зақымдануы/;
- Миокард инфарктiсi /жүрек қан тамырларының зақымдануы/;
- Бүйрек жұмысының тапшылығы /бүйрек қан тамырларының зақымдануы/;
- Соқырлық /көз қан тамырларының зақымдануы/.
Гипертония ауруының қауiптiлiгi көптеген адамдар өз қан қысымының жоғары екенiн бiлмегендiгiнде. Сондықтан әр жағдайда:
- бiр рет те болса қан қысымы көтерiлген болса,
- туыстарыңыздың қан қысымы жоғары болса,
- жасыңыз 35 – тен асса және артық салмағыңыз болса,
- қант диабетiмен ауырсаңыз,
- климакс уақыты болса,
- темекi шексеңiз,
- iшiмдiк iшсеңiз,
- жүйкеге артық салмақ түссе және iшкi жай-күйiңiзде жайсыздық болған жағдайда дәрiгерге көрiнiп, қан қысымыңызды өлшетiңiз. Ауруды уақытында анықтау, дер кезiнде емдеу асқынудан сақтайды.
Анаркуль Каримовна НУРГАЛИЕВА,
терапевт дәрігер,
“Қазақ республикалық лепрозорийі” РМК
Сурет www.likar.info сайтынан алынды
|