Араққорлықтың зұлым кесел екені бәріне белгілі. Алкоголизмнің туындау себептерінің үш тобы бар: физиологиялық, әлеуметтік (социалдық) және психологиялық.
Физиологиялық себептеріне ең алдымен араққұмарлыққа тектік бейімділік жатады. Алкоголизмнің әлеуметтік себептері психологиялық себептермен тығыз байланысты.
Араққұмарлықтың психологиялық себептері адамның мінезімен, оның ақыл-ой қабілетімен, күрделі өмірлік жағдаяттарға бейімделу ептіліктерімен сабақтас.
Жүнжу, қорқыныш, алаңдау адамды маскүнемдікке итермелейді. Көптеген жағдайда маскүнемдік – бұл науқасты толық емдеу үшін кешенді тұрғыдан келуді талап ететін күрделі дерт.
Жуық арада араққұмарлықты емдік-еңбектік профилакторийларда (ЕЕП) емдеуге тырысып, оларды елден жыраққа аластатты. Бірақ мұндай тірлік оңды нәтиже бермеді. Одан соң мемлекеттік деңгейде алкогольге қарсы дүрілдеткен науқан өтті. Оның да ықпалы аз болды. Кейбір елдерде (мысалы, Финляндияда) “құрғақ заң” әлі де бар.
Дегенмен, барлық халықтарда әр түрлі себептерге байланысты алкоголь тұтынуға келетін салт-дәстүрлер сақталған. Алайда бұл ережелердің ешқайсысы маскүнемдікті дәріптемейді.
Алкоголь адамның жан дүниесін өзгертуге, оған тыныштану, босаңсу, жайлылық сезімін силауға қабілетті, бірақ алкогольдің түзетілуі қиын зардаптары да жеткілікті.
Қазір көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша алкогольдік ішімдіктерді жоғары дамыған елдердегі ересек адамдардың 90 проценті тұтынады, оны шектен тыс 20-дан 40 процент аралығындағы адамдар ішеді, ал маскүнемдіктен орта есеппен 4-5 проценті жапа шегеді.
Нәтижесінде қазіргі заманғы медицина алкоголизм – бұл тек кесел ғана емес, сонымен қатар оны жеңу оңай түспейтін әлеуметтік (социалдық) құбылыс деген тұжырымға келді.
Бүгінде маскүнемдікті емдейтін әр түрлі медициналық орталықтар мен мамандандырылған клиникалар бар. Алайда туыстары мен жақындарының көмегінсіз пациент маскүнемдікті ешқашан жеңе алмайды. Кейбір жағдайда жұмысын, қатынас шеңберін және мекен-жайын өзгертуге тура келеді.
Ахылбек Нугуманович БАЙДИЛЬДАЕВ,
нарколог дәрiгер,
№3 наркологиялық бөлімше
(арнайы емдеу-профилактикалық мекемесі)
меңгерушісі,
“облыстық наркологиялық орталық” МКҚК
Сурет mokc.by сайтынан алынды
|