Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:01
Қызылордада «магнит адам» тұрады

Қызылорда қаласында «магнит адам» тұрады. Есімі – Нартай Тұрсанов. Оның бойында магниттік биоэнергиясы басым болғандықтан темір-терсекті денесіне жабыстыра алады. Baq.kz сайтының Қызылорда облысындағы тілшісі «магнит адамның» үйінде болып, қасиетінің сырын білуге тырысты.
Нартай Маханбетқалиұлы өзінің бойында тылсым күш бар екенін 20 жылдан астам уақыт бұрын байқаған. Алайда, бірер жылда соған тағы бір көз жеткізеді.
«Әйелімді ертіп сарайдағы денеге ыңғайлы балта, балға (12-14 келілік заттар) секілді темір-терсектерді жабыстырдым», – дейді Нартай.

Мұндай «экспериментті» 8 келі темірді денесіне жабыстырып, «елімізде маған тең келетін ешбір жан жоқ» деген оралдық «магнит әйелге» ерегесіп жасағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл өзінің әлдекіммен күшті екенін дәлелдеу үшін жасалған әрекет емес, арқасы бар адамдарға астамсымау керектігін білдірген базынасы ғана екен.

«Қарлығаш Нығметованың "Қазақстанда менен асқан магнит адам жоқ” деп астамсып сөйлегенін теледидардан көріп, шамданып қалдым. Ол Гиннестің рекордтар кітабына кіруге талаптанып жүр екен. Интернеттен іздеп көрдім, магнит адамдар көп. Әрқайсысының деңгейі әр түрлі. Біреуі он келінің шамасында көтереді, енді бірі қасықты ғана жабыстырады. Ал мен сияқты 100 келіні көтере алатын адам әлемде өте сирек, тіпті жоқ. Мендегі ең жоғарғы деңгейдегі қуат. Мәселен, Грузияның әзірбайжаны денесіне 53 қасықты жабыстырғанын көрдім. Оның да шамасы 100 келіге жетеді екен. Егер арнайы плиталар жасалса, 100 келіден де асатын салмақты көтеруім мүмкін. Бірақ денеме темір табақ жабыстырып, салмағы 80-90 келі болатын адамды мінгізіп тәжірибе жасап көрдім. Демек, менің мүмкіндігім бұдан да жоғары деген сөз», – дейді қызылордалық «магнит адам».

Алайда, қарапайым қызылордалық тұрғын бойындағы осы бір ерекшелікті әйгілеуді әбестік санайды. Десек те, журналистер өзінің қасиетіне қызығып, үйіне жиі келетінін, бетін қайтаруға ұялатынын айтты.
«Алматы, Астанадағы телеарналардың барлығы дерлік шақырған. Оған барған жоқпын. Себебі, ортаға мені салып, жан-жақтан сұрақ қойып, адамның жанына, намысына тиетіндей әңгіме айтады. Дәрігерлер бұл өтірік деп шығады, бәзбіреулері шариғатқа қайшы дейді. Ондай кезде менің мінезім шатақтау. Жаныма тиетін сөзді басымнан асырмаймын. Сондайда арқам көтеріліп кетсе, маған он адам жабылса да шамасы келмейді. Менің қолым тиіп кеткен адамның жағы сынады. Өзімді білгеннен кейін ондай жерден аулақ жүремін. Екіншіден, осы жасыма келгенде көпшіліктің алдында жалаңаш денеме темір жабыстыруды ыңғайсыз көремін», - дейді Нартай Маханбетқалиұлы.
Бұдан бөлек, ол денесіне тек темір ғана емес, шыны, ағаш бұйымдарды да жабыстырады екен. Сондай-ақ, Нартай Тұрсанов қолымен басқаның денесін 3 секунд ұстап, қуатын дарыта алады. Содан кейін ол да жарты сағаттай «магнит адамға» айналады.
«Емшілер одағында ғалымдар бас қосқанда мен туралы әңгіме болды. Олардың айтқаны – ғылымда мұның құпиясы ашылмаған. Магнит дейін десек, денеме шыны да, ағаш та, кітап та жабысады. Өзімнің қуатты, қарулы адам екенімді білемін, бірақ ол қасиеттің сырын білмеймін. «Мен неге ерекшемін?» деген сұраққа жауап бере алмаймын. Ата-бабадан текпен келген қасиет шығар деп қана айта аламын. Бұл – Құдайдың құдіреті. Басқа жауабым жоқ әзірге», – дейді Нартай Тұрсанов.
Қызылордалық білікті дәрігерлердің бірі Дина Абпазованың айтуынша, ғылыми әрі медициналық тұрғыда Нартай сынды феномен адам туралы айту қиын.
«Оған қатысты болжамдар ғана айта аламыз. Биоток кейбір адамға жастайынан, кейбіріне есейген шағында беріледі. Былайша айтқанда, әрбір адамның бойында энергия болады, бірақ сәуленің қуаты әркімге әр түрлі. Ал Нартай Тұрсановта ол өте жоғары болып отыр. Қысқасы, ғылым бұған нақты дәлелін тапқан жоқ», – дейді дәрігер.
Қолының биотогы бар жігіт ағасы адам да емдейді, ән де салады.

Baq.kz

http://syrboyi.kz/zedelnews/10910-yzylorda-da-magnit-adam-trady.html

Просмотров: 1661 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]