Орталық ұжымы
Облыстағы наркологиялық дерттерге шалдыққан сырқаттарды емдеу ісі өз бастауын сонау ХХ ғасырдағы (1907 жыл) облыстық психоневрологиялық ауруханадан (есі ауысқандардың земстволық ауруханасынан) алады. Сол кездері онда маскүнемдік асқынуымен және есірткіден уланумен науқастардың емделгені тарихтан белгілі. Сыр өңірі тұрғындарына 80-ші жылдарға дейін маманданған наркологиялық көмек облыстық психоневрологиялық аурухана құрамында арнайы бөлінген төсек-орында көрсетіліп келді. 1982 жылдың тамыз айында 60 төсек орындық облыстық наркологиялық диспансер ашылып, оның алғашқы бас дәрігері Марат Қалмаханов болды (1982-1996 жж). Одан соңғы кезеңде бұл саланы Ақылбек Нұғыманұлы Байділдаев (1996-1997 жж), Қаракөз Рзатайқызы Балабекова (1998-2001 жж), Мұхтар Бейісов (2001-2003 жж) және Сәбит Бекмағанбетұлы Әбдіраимов (2003-2009 жж) басқарды.
Бас дәрігер
2009 жылдың наурыз айынан бастап облыстық наркологиялық орталықты жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігіне» белгісінің иегері Төрехан Қасымұлы Бектеген басқарып келеді.
Бас дәрігердің емдеу істері бойынша орынбасары: Гүлайым Шәріпқызы Сейілханова
Облыстық наркологиялық орталық өз қызметінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 16 мамыр 2000 жылғы № 394 Жарлығын, ҚР Үкіметінің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2000-2005 жылдарға арналған Қаулыларын, Ел басының 2006-2014 жылдарға арналған № 1678 санды Жарлығын және осы бағыттағы облыстық бағдарламаларды басшылыққа алып бірқатар жұмыстар атқарды. Отыз жылдан астам облыс наркологиялық саласында орталық мынадай жетістіктерге жетті. Облыс орталығындағы ірі өндіріс орындары мен мекемелерде, орта және жоғары оқу орындарында, мектептерде наркологиялық бекет пен пост көптеп ашылды, олар қажетті мамандармен толықтырылды. Алкогольдік және есірткілік мастануды сараптау кабинеті ашылып, наркологиялық салаға мамандандырылған «жедел жәрдем» бригадасы құрылды, кейіннен ол ықшамдауға байланысты жабылып қалды. Амбулаториялық және стационарлық сот-наркологиялық сараптау комиссиясының (СНСК) жұмысы ажыратылды, бұрын қылмыстық істер бойынша сотталғандарды мәжібүрлеп емдеу жүзеге асырылды, наркологиялық кеселдерге шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге арналып жеке төсек-орын бөлінді. Мәжібүрлі емде жатқан БК оңды туберкулез дертіне шалдыққан сырқаттар оқшауланды, дәрігерлік бақылау комиссиясының қорытындысы бойынша сырқаттарды мерзімінен бұрын босату жүйесі енгізілді. Сырқаттарды еңбекпен емдеу мақсатында тігін шеберханасы ашылды, науқастардың спортпен айналысуы үшін спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Науқас адамдарды күдік, тексеру және диагнозды нақтылау мақсатында ішкі істер басқармасының қаулысына сәйкес диспансерге жатқызу қолға алынды. Нарколог дәрігерлердің сырқат адамдарды үйінде белсенді түрде қарауы енгізілді. Мекемеге рұқсат қағаз арқылы кіру жүйесі орнатылды және туыстарының сырқаттармен жолығу бөлмесі ашылды. Мекемені қаржыландыру жүйесі жылма-жыл артты. Оның материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық аурухананың босаған бұрынғы ғимаратына орналасуға қол жетті. Жаңадан 30 төсек-орындық балалар және жасөспірімдер наркологиялық бөлімшесі мен 40 төсек-орындық оңалту (реабилитациялық) бөлімше ашылды. Аурухана маңын көгалдандыру зор қарқынмен жүргізіліп, аула іші гүлге оранды. Екі жаздық спорт алаңы салынып, емделушілердің игілігіне жаратылды. Автотұрақ, күзет орыны, көкөніс қоймасы, асхана салынып, бөлімшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, барлық жылу жүйесі жаңаға ауыстырылды. Мекемеге психотерапевт, стоматолог, невропатолог, психиатр, терапевт мамандарының штаты енгізілді. Психолог мамандар саны арттырылып, алғаш рет физиотерапевтік және психотерапевтік кабинеттер ашылды, педагогтық тәрбие беру мен лабораториялық-токсикологиялық қызмет жолға қойылды. Маскүнемдікті сараптау мақсатында «Алкотест» жабдығы алынды. Жазу машинкасының орынына құжаттарды компьютерлік теріммен атқару жүзеге асырылды. Облыстағы наркологиялық дерттерге шалдыққан сырқаттардың толық тізімі «Нашақор» компьютерлік бағдарламасына енгізілді. Аудан наркологтарына әдістемелік-практикалық көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында орталық нарколог дәрігерлерінің бір апталық іс-сапарға шығуы ұйымдастырылды. Облыс әкімі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу комиссиясы хатшылығына орталық нарколог дәрігерінің тағайындалуына қол жетті және нарколог дәрігерлердің жақын шет елдерде (Москва, Санкт-Петербург қалаларында) білім жетілдіруі ұйымдастырылды. Орталық «Интернет» ғаламдық ақпарат желісіне қосылып, сала бойынша «Интернет» технологиялардың, емделушілерді компьютерлік тесттен өткізу жұмыстары алғаш рет қолданысқа енді. Мекемеге заңгер маманы жұмысқа қабылданып, наркологияның құқықтық тұстарының өзекті мәселелерін сауатты шешуге мүмкіндік туды. 2003 жылдың маусым айында нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске мүдделі мекемелердің ірі көлемді басқосуы ұйымдастырылды. Сол жылы орталық «2003 жылдың облыстағы үздік емдеу-профилактикалық мекемесі» атағын жеңіп алды. Мейірбикелер орталық базасында наркология саласы бойынша білім жетілдірді. Павлодар қаласындағы нашақорлықтың медициналық-социалдық проблемалары бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталықпен және психиатрия, психотерапия мен наркология республикалық ғылыми-практикалық орталығымен тығыз байланыс орнатылды. ОНО нарколог дәрігері мен валеологы алдында аты аталған орталыққа кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылданып, олардың ғылыми жұмыстармен айналысуына толық жағдай жасалды. БАҚ өкілдеріне нашақорлық тақырыбын бейнелеу бойынша облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасымен бірлескен 1 күндік семинар-тренинг және нашақорлыққа қарсы күресу бойынша еріктілер (волонтерлер) дайындау семинары алғаш рет ұйымдастырылды. Аурухана кітапханасының қоры 1 мың кітаптан асырылды. Орталық территориясына түнде жарық беретін қуатты прожекторлар орнатылды. Физиотерапевтік кабинетке жаңа медициналық құралдар алынып, оның мүмкіндігі арттырылды. Орталықта заман талабына сай барлық бөлімшелерде бейнебақылау қондырғысы орнатылған. Медициналық колледжде және «Өркениет» колледжінде оқушыларды «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты наркологиялық бағытта жылма-жыл 16 сағаттық бағдарлама бойынша оқыту жүйелі түрде жүргізілді. 2004 жылы орталық бас дәрігері С.Б.Әбдіраимов, дәрігер С.Смағұлұлы және медицина ғылымының докторы, профессор С.Ә.Алтынбеков құрастырған еліміздегі тұңғыш «Наркологиялық атаулардың орысша-қазақша сөздігі» монографиясы жарық көрді. 2010 жылы «Сыр психология әлемі» атты психология, психиатрия және наркология мәселелерін қамтыған қазақ тіліндегі республикалық газет айына 1 рет жарық көре бастады. Оған қоса «Нашақорлық, араққорлық – адамзаттың қас жауы» атты кітап, «Практикалық психология, психотерапия» сериясымен бірнеше кітап шығарылды. Павлодар қаласында өткен Қазақстан Республикасы психиатр, нарколог, психотерапевттерінің ІІ съезіне орталықтан 4 делегат және 2013 жылы "Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің” І-ші съезіне 2 делегат қатысты. Соңғы жылдар көлемінде орталықтың мәжіліс залы қайтадан салынды, белсенді емдеу палатасына арнайы дәрігер және мейірбикелер бөлінді, жаттығу залы ашылып, оған спорттық шынығу құрал-жабдықтары алынды. Орталық жанынан ішкі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауруханаішілік радиоторап ашылып, онда аптасына 1 рет 1 сағаттық хабар ұйымдастырылды, хабарды орталық қызметкерлерінің өздері дайындап, өздері жүргізеді. Орталықта ұзақ жылдар бойына «Намаз оқу» бөлмесі ашылып, онда «Айтбай» мешітінің имамы емделушілерге имандылық тақырыбында аптасына 1 рет сабақ өткізеді. 2005 жылы облыстық наркологиялық орталық спортшылары алғаш рет облыс медицина қызметкерлерінің дәстүрлі жазғы спартакиадасында жүлделі бірінші орынды, 2006 жылы ІІ орынды жеңіп алды. 2006 жылы орталық жанынан «Арылу» қоғамдық қорының облыстық бөлімшесі ашылып, бөлімше қызметкерлері 300 мың теңгелік арнайы грант жеңіп алды. Олар қазіргі кезде де облыс көлемінде нашақорлыққа қарсы үгіт жұмысын заман талаптарына сай жүргізеді және бұл іске еріктілерді жұмылдырып келеді. 2009 жылдан бастап «Интернет» ғаламторында орталықтың мемлекеттік тілдегі сайты (http:narkoortalyk.ucoz.kz) жұмыс істеуде. Онда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша материалдар топтастырылған. 2011 жылдың наурыз айынан бастап орталықтың жаңа құрылымы – 15 төсек-орындық уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығы өз жұмысын бастады. Облыстық наркологиялық орталықтың негізгі күші мамандар. Осы кезеңде дәрігерлер саны 11-ден 33-ке, орта буын медицина қызметкерлерінің саны 30-дан 145-ке және медициналық психологтардың саны 1-ден 8-ге анағұрлым өсті. Бүгінгі таңда орталықтың 4 дәрігері «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігіне» және 1 дәрігер "Алтын дәрігер” төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ олардың біліктілік санаттық дәрежесін иелену көрсеткіштері артты. Атап айтқанда дәрігерлердің санаттық дәрежесі 2001 жылғы 12,5%-тен 2012 жылы 68,0%-ке, орта буын медицина қызметкерлерінің санаттық дәрежесі сәйкесінше 14%-тен 64,0%-ке көбейді. |