70 жастық мерейтой
Денсаулық сақшылары
Адамның жасы келген сайын ойға көбірек беріле ме, әлде, көңілшек бола ма? Кейде қайдагы мен жайдағының ойға оралып, сананы шабақтап маза бермейтіні бар. Алдақияр да кейде неше түрлі ойға беріліп, өткен-кеткенді екшеп отыруға дағдыланған.
Сондайда көзіне Аралдың алыс елді мекені - «Приарал» ауылы елестейді. Ол кезде «Приарал» мал өсіретін атағы дардай шаруашылық болатын. Сол «Приаралда» әкесі Махамбетжан әжептеуір атағы бар малшы еді. Атағы бар дейтіні - ол кісі Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге Ұлы Жеңісгі әкелген жауынгердің бірі. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын тіліп айтатын. Қазіргілердей басшылардың алдында мәймөңкелеуді білмейтін. Кімсің? - Жеңіс жауынгері Махамбетжан Нұрпейісов болатын. Жастайынан қазақы тәрбиемен ауызданған анасы Рахима үшін әкесінің айтқаны заң. Екеуі соғыстан соң екі жарты-бір бүтін болып шаңырақ көтерген.
Ауылдағы малшы отбасында өскен Алдақиярды ол кезде ешкім де болашақ дәрігер болады деп ойламайтын. Алдақиярдың өзі болса, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, денсаулығын нашарлатып алған әкенің ыңқыл-сыңқылын естіген сайын «келешек дәрігер боламын, әке-шешемді өзім емдеймін» деп, оңашада неше түрлі тәтті қиялға беріліп, көңіл құсын шамасы жеткенше шарықтатып алатын. Арманшыл бала Жаңақұрылыс ауылындағы №74-ші Ақбөгет мектебінде оқыды. Сонда сегізжылдық білім алысымен Жақсықылыш кентіндегі №19-шы орта мектепке ауысты. Мектепті бітірісімен сол кездегі Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық университетіне оқуға тапсырды. Мектепті жақсы деген бағамен бітірген алғыр жас емтихандарды шемішкеше шақты. Бұған риза болған болу керек, орта жастарды алқымдаған профессор баға кітапшасына қарап отырып:
- Бағаларың жақсы екен, атың Алдақияр ма? - деді.
Алдақияр үлкен кісіні мақұлдағандай басын изеді.
- Сенің біздің медициналық институтқа келуіңе не түрткі болды? - деп сауалды төтесінен қойды.
Алдақияр айдынды Арал теңізін, теңіздің бір пұшпағындағы қоңырқай тірлік кешіп жатқан ауылын, қайта-қайта науқастана беретін соғыс ардагері әкесі мен үй шаруасынан өмірі қолы босамайтын анасын сол жерде тағы бір есіне алды.
- Біздің ауылға дәрігер керек, - деді Алдақияр. - Әкем алпысыншы жылдары түйеден құлап, содан бері науқастанып жүр. Содан бері газет-журналдардағы медициналық мақалалар мен кітаптарды жинап, оқып жүрмін.
Өзін бастан-аяқ көзімен тағы бір асықпай шолып шыққан профессор:
- Онда талабыңа нұр жаусын, мақсатыңа жет, - деді. Медициналық институттың емдеу факультетіне оқуға түсті.
Кейіннен ол кісінің – профессор Сарымсақов екенін білді. Өңшең өндірдей жастардың студенттік өмірі өзінше қызық. Сабаққа барасың, одан емтиханға дайындаласың, арасында практикадан өтесің. Әйтеуір, таусылмайтын қым-қуат тірлік.
Қым-қуат тірлікпен жүргенде, қасында курстасы Набатхан бірге жүреді, сабаққа бірге дайындалады. Оның соңы махаббатқа ұласты. Екеуі төртінші курста оқып жүргенде, 1970 жылы отау құрып, шаңырақ көтерді. Комсомолдық той дүрілдеп өтті.
Сол жылдан бастап Алдақиярлар болашақ дәрігер ретінде соқырішекке, шиқан мен сыздауыққа ота жасауға машықтана бастады. Фрунзе қаласындағы интернатурада профессор Мәмбет Мамакеевке шәкірт болды.
Мединститутты 1972 жылы ойдағыдай бітірісімен Нарындағы облыстық аурухананың хирургия бөлімінде дәрігерлік еңбек жолын бастады. Арада бір жыл өткенде, сол кездегі Шығыс шекара округінің Нарын қаласындағы полктің медпунктінде қызмет атқарып әрі Отан алдындағы әскери борышын өтеп, 1975 жылы туған елге оралды. Елге келісімен Арал қаласындағы аудандық ауруханаға акушер-гинеколог болып орналасып, қызметін одан әрі жалғастырды. Жүздеген ананың аман-есен босануына қолынан келгенше көмек көрсетті. Көпшіліктің жүрекжарды алғысына бөленді.
Жыл өткен сайын заман талабына сай медицина саласы да уақытпен бірге тайталаса дамып келеді. Сонау 1990 жылы Алдақиярға да мамандығын өзгертуге тура келді.
Бірде сол кездегі аурухананың бас дәрігері Тыныштық Жаппаров:
- Алдеке, облыстан жақында адам ағзасьш тексеретін УЗИ деген аппаратты алатын болдық, - деген.
- Тәке, қүттықтаймын, ол деген керемет қой, - деп қуанды Алдақияр.
- Аппаратты алармыз-ау, бірақ бізде оның тілін білетін адам жоқ қой, - деді бас дәрігер.
- Онда жастарды оқытып алайық.
- Мен де соны ойлап тұрмын, сод оқуға өзің барсаңшы, оған да білікті адам керек шығар.
Ол бастан жаңалыққа жаны құмар Алдақияр басшының ұсынысынан бас тарта алмай:
- Барсам, барайын, сонау 1982 жылы Алматы қаласына білім көтеруге барғанда УЗИ-мен танысқанмын, үйренуге болады, кейінгі жастарды өзім үйретемін, - деді.
Сол жылы Алматыға барып, оқып қайтты. УЗИ аппаратының маманы атанып, елге келісімен іске кірісті.
УЗИ-ды іске қосқан алғашқы күні оған түскен бірінші науқас Қамбаш елді-мекенінен «жедел жәрдем» машинасымен жеткізілген оқушы қыз болды. Ол «ішім бүріп ауырады» деп жылай береді. «Онда УЗИ-ге түсірейік» деді. Аппаратқа салғанда оқушы қыздың ішінде мөлдір (киста) бар болып шықты. Оны ота жасаған хирургтер әп-сәтте алып тастады. Сол қыз бүгінде көп балалы ана. Олай-бұлай өткенде, ақ халатты аяулы жандардың аялы алақанының шуағына бөленгенін ұмытпай, арнайылай соғып, сәлем беріп тұрады.
Бүл өмір адамның адамға мейірім шуағын төгуімен қызықты. Шүкір, бүгінде Алдақияр секілді дәрігердің алдынан өтіп, денсаулығына шипасы тиген жандардың алғысы алға сүйреумен келеді.
Алдакеңнің жолын қуған шәкірттері де бүгінде білікті дәрігерлер. Алғыр шәкірттері Зәмзәгүл Бекарыстанова, Айнұр Сәдуақасова, Қуаныш Жанаевалар нағыз өз ісінің білгірлері. Жоғары санатты дәрігер Алдақияр Махамбетжанов соларды көріп қуанады, сондай шәкірттер тәрбиелегенін мақтан тұтады.
Алдақиярдың жан-жары Набатхан Ташканова да Аралдағы айтулы дәрігер-гинекологы. Ол да Қырғыз мемлекеттік институтының емдеу факультетінің түлегі.
Оқу бітірісімен Алдақияр екеуінің жұбы жазылған жоқ. Алдақияр қайда болса, Набатхан да сонда. Набатхан интурнатурада акушер-гинеколог мамандығын жан-жақты меңгеріп шығысымен, осы салада табан аудармастан еңбек етіп келеді. Сонау 1975 жылдан бастап, Арал аудандық ауруханасындағы перзентхана дәрігері болды, 1977 жылдан 1995 жылға дейін сондағы физиологиялық бөлімшенің меңгерушісі, одан кейінгі жылдары гинекология бөлімшесінде жоғарғы санатты дәрігер-гинеколог қызметін абыроймен атқарып жүр.
Набатхан да бұл өмірде адамдарға қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ екенін балаларына үнемі айтып отырады. Талай-талай аналарға қуаныш сыйлаған мезеттері киноның түрлі-түсті лентасындай көз алдынан елестеп өткен сайын бір марқайып қала береді.
Былайынша дәрігерлер бір адамның денсаулығына жауапты болса, гинеколог дәрігер екі немесе үш-төрт адамның өміріне бірдей жауапты жан.
Осындайда еске қайдағы мен жайдағының түсетіні бар. Аудандық аурухананың физиология бөлімшесінің меңгерушісі болып тұрған сонау сексенінші жылдары естен кетпес бір жағдай ұмытылмастай есінде қалған. Ол кезде алыс ауылдар рация арқылы байланысқа шығады. Арал ауданының көлемі кең, елді-мекендер аудан орталығынан қашық.
Бірде «Жіңішкеқұм» ауылына жолға шығайын деп тұрғанда бас дәрігер одан әрі «Атанши» ауылына бару керектігін айтқан, ол ауылдарда көбінесе малшылар тұрады. «Жіңішкеқұм» ауылында бір келіншектің толғалы ауыр болып жатыр екен. Оны босандырысымен «Атаншиге» барып, ондағы келіншекті «жедел жәрдемге» отырғызып алып, аудан орталығына тартқан. Содан жолшыбай келіншектің толғағы басталды. Дереу «жедел жәрдемді» тоқтатқан Набатхан ақ тер-көк тері шығып, жас ананы босандыруға жанталаса кірісті. Сайын дала төсінде өмір мен өлім өзара күресіп жатты. Жас ананың «ойбай, өлдім, өлдім» деген айқайы Набатханның төбе құйқасын шымырлатқандай.
- Өлмейсің, айқайлама, шаршап қаласың, одан да деміңді ішіңе тарт, қатты күшен! - Дәрігер емес пе, тұмса келіншекке басу айтып, өзінің де есі шықты. Бір сағаттай әуреленіп, қара терге түсіп босандырып алды. Келіншектің жаны жай табар емес. Даланы басына көтеріп барады. Сөйтіп жатқанда, екінші бала да дүниеге келді. Егіз екен, екеуі де ұл бала. Не істеу керек? Аудан орталығы екі жүз шақырымдай, одан арттағы ауыл жақын. Набатхан жүргізушіге: .
- Машинаны қайтадан ауыл жаққа қарай бұр, - деді. Арада екі сағаттай уақыт өткенде егіз ұл тапқан келіншегін аман-есен босандырып қайта оралған гинекологқа шопан жігіт ақсарбас атап, ризашылығын білдіріп жатты.
Осындай есте қалған оқиғаларды ойлағанда, Набатханның жүзінен нұрлы шырай жүгіріп, екі көзі оттай жанып сала береді. Бейнетті өмірдің зейнетін көрер жасқа келген өзі кейде науқастанып қалады. Сондайда «ауырып тұрдым, аунап түрдым» деп аман-есен жүргенім өзім өміріне арашашы болған жандардың ақ тілегі болар деп ойлайды.
Бүгінде балалар да өмірден өз орындарын тапты. Құдайға шүкір, қос немере - Нұртуған мен Нұрия желкілдеп өсіп келеді. Ерлі-зайыптылардың ендігі арманы - немере, шөберелерінің қызығын көру, үлкен өмірдің көшіне ілесу.
Сарбұлақ ИБРАШҰЛЫ,
«Самала» республикалық ақпараттық-танымдық басылымы,
№48 (384) 10 желтоқсан 2011 жыл |