Шежірелі Сыр өңірінен қолы шипа, сөзі дәру, атағы алысқа кеткен мықты дәрігерлердің бірнеше буыны шықты. Осындағы емхана, аурухана, орталық диспансерлерде талай дерттің дауасы табылды. Бұл, әрине, біліктілік пен білімнің, мол тәжірибенің жемісі. Солардың бірі де бірегейі – облыстық тері-венерологиялық диспансері. Аталған мекеме – Қызылорда облысы аумағындағы жыныс жолы арқылы жұғатын және жұқпалы тері ауруларын емдейтін, емдеп қана қоймай, оны түбегейлі зерттеп, зерделейтін бірден-бір денсаулық ұйымы.
Дендеген талай дертке дауа іздеген диспансердің тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Сол уақыттары өңірдің алыс аудандарындағы елді мекендерде қоныстанған тұрғындар түрлі кеселдер мен венерологиялық аурулардан қатты зардап шекті. Толық емес мағлұматтар бойынша, 1920-21 жылдары Арал және Жаңақорған ауданы тұрғындарының 10-17 пайызы жіңішке аурулармен ауырған. Аталмыш уақытта мерездің III кезеңі де кең құлаш жайды. Жұрттың жұқпалы тері дертіне, оның ішінде тас кеселге шалдығуы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жүрекке үрей, көңілге қорқыныш ұялататын осы бір оспадар жайттардан кейін облыс көлемінде тері және жіңішке ауруларына қарсы жұмыс ұйымдастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында тұрды. Осылайша 1927 жылы облыста алғаш рет 15 орындық округтік вен-диспансер ұйымдастырылды.
Еліміз етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеген уақытта медицина саласы да жаңаша сипатта дамыды. Тұғырлы тәуелсіздігімізбен қатар облыстық тері-венерологиялық диспансерінің жұмысы да қайта түледі. Түрлі зерттеу лабораториялары ашылды, төсек орындарының саны артты. Тоқсан жылдың тоғысындағы диспансерге өз ісінің шынайы мамандары, білікті дәрігерлер басшылық жасады. Сара Әбдіраманқызы, Вера Ивановна, Вера Қарабайқызы, Бақыт Омаров сынды денсаулық сақтау саласына есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар диспансердің даңқты тарихында нағыз шебер дәрігерлер ретінде қалды. Олармен бірге аттары аймаққа ғана емес, күллі республикаға танымал дәрігерлер тұрғындар денсаулығының күзетінде тұрды. Қазіргі таңда біліктілігі биік, білімі жоғары дәрігер мамандар топтасқан ұжымға Қайрат Мырзахметов басшылық етеді.
– Биыл облыстық тері-венерологиялық саласына 90 жыл толып отыр. Бұл – өлкенің тарихы. Міне, осы жылдары қаншама мыңдаған халқымыз осы сала бойынша емін алып, келген науқастар әріптестерімізден кеңес тыңдап, өз дерттеріне шипа тапты деп ойлаймын. Тері венерологиялық саласындағы диагностиканы жақсарту мақсатында, емнің сапасын көтеру мақсатында зертханалық бөлімнің жұмысын жүйелеу көзделіп отыр. Өйткені дер кезінде диагноз қою, уақытылы ем жүргізу зертханалық құрылғылардың сапалылығын қажет етеді. Сондықтан біз бүгінгі таңда зертхана жұмысына үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Осындағы мамандарды оқытып, біліктілігін арттыру мәселесіне көңіл бөлініп келеді, - дейді облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері Қ.Тәңірбергенұлы.
Медициналық мінсіз қызмет көрсету жүйесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, төгілген тер, жұмсалған еңбек қашан да еленіп, тиісті марапатқа ие боларына біз де көз жеткіздік. Шипа іздеп шарқ ұрған сан мыңдаған науқасты аяғынан тік тұрғызып, құлантаза сауықтырған диспансерге емделуге келетін сырқаттардың санында шек жоқ. Тарам-тарам тарихын тоқсан жылға толтырып отырған тері-венерологиялық саласы зор жетістіктермен жетті. Осы ретте өткен аптада салмақты саланың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараның куәсі боп қайттық. Облыстық медициналық орталықтың мәжіліс залында өткен айтулы шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов барша дәрігерлерді айтулы датамен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
– Әлемде шығыс медицинасы күллі дүниежүзін мойындатқан. Шындығында, дерматолог сөзінің астарына үңіліп отырсақ, ескі түрік тілінде «тері» сөзін «дері» дейді. Бізге ол бүгінгі күнге дыбыстық өзгеріске ұшырап, өзгеріп жеткен секілді. Шығыс медицинасын Сыр өңірінде жалғастырушы Қалжан ахун, Әли Көтібаров, т.б. ұлы шипагерлердің болуы бізде де медицинаға үлкен мән берілгендігін дәлелдейді. Сондықтан, біздің бүгінгі қоғамда еңбек адамына деген құрмет әрдайым шексіз, ол – биік. Негізі, әр мамандық құрметті. Бірақ, соның ішінде адам жанының арашашысы дәрігер қауымға ықылас ерекше. Денсаулық сақтау саласына біздің өңірімізде де айрықша маңыз беріліп келеді. Облыс басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көлемі республика деңгейінде алғашқы орында. Ал саладағы басты жетістіктер еңбек ұжымдарының ауызбіршілігімен, мамандардың кәсіби біліктілігімен, еңбекке деген ерекше көзқарасымен, мамандығына деген сүйіспеншілігімен келіп жатқаны анық. Сондықтан 1853 жылы Сыр бойында басталған кәсіби медицина бүгінде ол кезеңмен айтып салыстыруға келмейтін деңгейге көтерілді. Осы орайлы сәтті пайдаланып, барша дәрігерлерді айтулы мерекесімен құтттықтаймын, - деді Р.Рүстемұлы.
Аталмыш салада талай жылдар жетістіктерге жетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген бірқатар дәрігерлер арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, облыс тұрғындарының денсаулығын арттыруға ерекше үлес қосып, денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңгені үшін облыс әкімінің құрмет грамотасымен Д.Қойшыбаева, С.Оспанова марапатталды. Облыс әкімінің алғыс хатын Г.Даужігітова, Ш.Смаилов иеленсе, денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылдар бойғы адал да қажырлы еңбегі үшін Е.Алдоңғаров, С.Мұхамеджанқызы, С.Тәжмағамбетова, Ф.Хуснуддинова «Нұр Отан» партиясының алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар республикалық альманах «Денсаулық» журналының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен диспансердің бас дәрігері Қ.Мырзахметов, Т.Әбілғазылар ие болды.
Шара ғылыми конференцияға жалғасып, дәрігер-мамандар баяндамаларын оқыды. Міне, 90 жылдық тарихында елеулі жетістікке жеткен айтулы саланың бүгінгі бейнесі осындай.
Сурет "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасының хабарынан алынды.
Құралай ЖАҚСЫЛЫҚ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8077:----90-&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2 |