Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:34
ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫНДАҒЫ ТЕГІН КӨМЕК
 
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қарапайым қағиданы елеп, ескере бермейтініміз рас. Денсаулыққа жүрдім-бардым қараудың соңы өзекті өртер өкінішке соқтыратынын көріп те жүрміз. Алайда жайбасарлау қалпымыздан арыла қоймағанымызды мойындауға тура келеді. Басың ауырып, балтырың сыздаса жаратушы Алладан кейін ақ желеңділерден жанымызға араша, дертімізге дауа күтетінімізді ешкім жоққа шығармайды. Өмір мен өлім белдескенде дәрігердің кәсіби сауаттылығы тағдыр таразысын өзіне аударатыны күмәнсіз. Оған талапқа сай ғимарат, озық үлгідегі құрал-жабдықтардың да қосар үлесі сүбелі. «Нағыз дәрігер үшін сырқаттың шынайы ризашылығынан асқан бақыт болмайды». Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовпен тілдескеннен кейін осындай ой түйдік.
 
Ел ағасы жасын­дағы басшының өңінен парасатты­лықтың лебі еседі. Байыпты мінезді, нағыз істің адамы тәрізді. Әрбір сөзін балғамен соққандай нық айтуынан «темірдей тәртіптің иесі» деп топшы­ла­дық. Ал, арнайы үлгіде киінген меди­цина қызметкерінің әрқайсысы өзінің міндетті шаруасымен қарбаласып жүр. Қазалы теміржол ауруханасының акциясы толықтай Қазақстан Респуб­ликасы Төтенше жағдайлар министр­лігіне тиесілі екен. Көптеген жандар маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны. Үкімет қаулысымен «тегін медици­налық көмектің кепілдік бер­ген көле­мі» шеңберінде халыққа қалтқысыз қызмет жасауда. Ауруха­наға қарасты емханада, ақылы бөлімшеде сапалы ем беріледі. Өз ішінен дәрі дайындайтын дәріхананың болуы да басты ерекшелігінің бірі. Мұндағы хирургия, терапия, гинеко­логия, неврология, педиатрия бөлімшелерін тәжірибелі мамандар басқарады. Сондай-ақ, физи­ка­лық емдеу кабинеті, қат­ты толқынды терапия, қол, мойын массаж құ­рыл­ғысы, самырсын (кедр) саунасы, тұзды емдік ваннаның әлде­неше түрі, суда көпіршік арқылы емдеу, Су-Джок терапиясы көпшіліктің көкейінен табылуда.
 
Жан­сақтау бөлімшесі орталықтандырылған отте­гі беру жүйесімен, барокамера, инфу­зия­лық шприц, насос аппа­рат­тары, басқа да озық технологиялармен жасақ­талған. Биыл олардың қатарын тағы да қосым­ша құралдармен толық­тыру меже­ленуде. Ауруханадағы паракли­никалық бөлімшелерде кли­ни­ко-диагностикалық, бактерио­логиялық, биохимиялық, иммунно-ферментті лабораториялар орналас­қан. Компьютерлік томография облыс орталығынан жырақтағы аудан үшін өте маңызды десек жаңылмаймыз. Аудан бойынша 20 мыңнан астам тұрғын теміржол ауруханасының есебіне алынған. Онда тәулігіне 350 адам қабылдаудан өткізіледі. Денсау­лық сақтау министрлігінің бұйры­ғы­мен скринингтік тексеру тегін жүр­гізілуде. Оның маңыздылығы баршаға мәлім. Аурудың бастапқы кезеңін дер кезінде анықтауға, асқындырмауға, жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік туын­датады. Жүйе, әсіресе Еуропада оң нәтижеге жетіпті. Тек­серу­дің бұл түрі жүрек-қан тамыры, жыныстық ауру­лар, сүт безі қатерлі ісігі, су қараң­ғылық, «В», «С» вирустік гипа­тит тәрізді зардабы мол кесел­дердің жолын кесуге бағытталған. Қазір скринингтік тексеру ауданда кеңі­нен етек алуда. Кінәраты нақты­ланғандар арнайы тіркеліп, ем-домын қабылдауда.
 
 
Бүгінгі таңда жұртшылықтың қалаған емдеу мекемесін таңдауға құқығы бар. Мұның өзі бәсекелестік ортаны қалыптастыратыны даусыз. Теміржол ауруханасының материал­дық жабдықталуы көңіл қуантады. Біздегі деректе денсаулық сақтау департаменті конкурс арқылы аудан тұрғындарына «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» шеңберінде көмек көрсету, ем алуына жергілікті, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгені жазылыпты. Үлкен жетістік. Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті де мұқият зерделеп, жоғары бағалапты. Нәтижесінде мамандан­дырылған көмек саласы бойынша қаржы қаралуы бірауыздан мақұл­даныпты. Осындай қадам ұжымның сенімін нығайтуда. «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасымен жігерленген аурухананың тізгінін ұстағандар қоғамның құнды байлығы – дені сау адам екенін қашанда жадынан шығармайды. Сол тұрғыда қызмет аясы жандандырыла түсуде. – Жамбас ұршығына гемипротез орнату сынды ауыр операция еліміз бойынша санаулы жерде ғана қолға алынған. Мұның өзінен теміржол ауруханасының деңгейі қаншалықты биік екендігін саралауға болады. Оған қоса, денені кеспей эндоскопия аппаратымен ота жасалады. Өткен жылдың күзінен бастап іске қосылған компьютерлік томографиямен бір­сы­пыра сырқаттардың диагнозы анық­талды. Облыста компьютерлік томо­гра­фияны біздің аурухана ғана сатып алғанын айту ләзім. Кадр даярлау да күн тәртібінен түспейді. Бұған дейін аурухананың қаржысы есебінен жоға­ры оқу орнын бітірген 3 дәрігер еңбекке орналасқан еді. Биыл тағы да 2 маман келмекші. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасының перзенті Ақтөбе меди­циналық академиясында білім алып жатыр. Бәрінің қызмет орны дайын тұр. Бүйрегі істен шығып, алмастыруды күтіп отырған Арал, Қазалы, Бай­қоңырдың 15 тұрғыны біздің ауруха­надағы германиялық аппараттан тұрақты ем қабылдауда, – дейді Құбыл Ршымбетов.
 
Ақылы бөліммен теміржол сала­сын­дағы мекемелердің келісім-шартқа отыруы дағдыға айналған. Яғни, ме­кеменің қаражатымен науқастан­ған жұмысшы-қызмет­керлерге жол­дама беріледі. Сонымен қатар, жеке­леген тұлғалар да өз қалтасынан про­фи­лак­тика мақ­сатында емделуге бо­ла­­ды. Бұл бөлімге озық үлгідегі ап­параттар қойылған. Қазалы темір­жол ауруха­насы жұртшылықтың талғамы­нан табылып жүрген іргелі мекеме. Нарық­тың сынағынан сүрін­бей, қа­лып­тасуына бас дәрігердің сіңірген еңбегі ерекше. Шалғай аудан­ға соңғы үлгідегі аппараттарды алдыр­тып, қа­быр­­ғалы қауымның игілігіне жарату оңай емес. Талмай ізденетін басшы өзге­­лерден де соны талап етеді. Ауруха­на­дағы дәрігерлердің басым бөлігі бірін­ші санатты болуы сөзіміздің дәлелі. Қарыштап алға басқан медицина саласы білім жетілдіруді қатал талап етері хақ. Бұл ретте біздің кейіпкеріміз Құбыл Ршымбетов әбжілдік танытуда. Дәрігерлерін тұрақты түрде оқуға жі­беруді жолға қойған. Ауданда жоғары кәсіби дәрігер мамандарды даярлауда өзіндік дәстүрі бар ұжымның бола­шағы жарқын екені анық.
 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Просмотров: 1652 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]