Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:11
ТƏНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

ТƏНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ

Тəн мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тəнсіз жан жоқ, жансыз тəн тұра алмайды. Сондай біріне-бірі байлаулы, айырғысыз нəрсе болған соң, бірінің жайына бірі қарайды, біріне келген кемшілік біріне білінбей қалмайды. Тəн кемшілігі жанға білінеді, жан кемшілігі тəнге білінеді. Тəнге батқан ауру көңілге, ойға қандай əсер ететіні, жанға батқан қайғы-қасірет тəнге қандай əсер ететіні қазақ сияқты оқымаған халыққа да мəлім. «Қайғысыз қара суға да семіреді» деген сөзді қазақ қайғы-қасірет тəнге қандай əсер ететінін білгендіктен айтқан. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген сөзді де қазақ тəннің ашығып, қиналғаны ақылға қандай əсер ететінін білгендіктен айтқан. Қысқасынан айтқанда, мысалы, жақсы қымызды жаман сабаға құйсаң, қымыз бүлінетіні, жаман қымызды жақсы сабаға құйсаң, саба бүлінетіні сияқты. «Тəні саудың – жаны сау» деген, «жақсы сабаның қымызы да жақсы болады» деген мысалды сөз.

Қай заманда да болса, адам баласы еңбегімен күнелтіп, жан сақтаған. Əсіресе, біздің заманымыз – еңбек заманы, қазіргі хүкімет басында отырған коммунист партиясыныңжолы «еңбек жоққа – жемек жоқ» дейді, яғни еңбек етпеген адамның тамақ жеуге қақы жоқ дейді. Күнелту үшін ас керек, ас істеуге күш керек, күшті жұмсауға ес керек. Күш пен есті қатар жұмсап ас қылу – еңбек ету болып шығады.

Аурулы тəннің əлі жоқ. Əлі жоқ адам жұмысқа жарамайды. Жұмысқа жарамаса, еңбегімен қатын-бала түгіл, қара басын да асырай алмайды. Ондай адам қайырымсыз жерде аштан өлмек, қайырымды жерде тіленшілік етіп телміріп, қарны тоя ас ішпей, итшілеумен күн көрмек.

Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды. «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бəрі аштық əсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтындығын көрсетеді.

Аштық ақылын алмаса, адам аң дəрежесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді? Анасы баласын жеуге келгенде, ол анада ақылдан түк қалды деуге болар ма? Міне, тəн сау болса, жан да сау болатындықтың сипаты. Аштықтан адамның тəні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адам- гершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті. Аштықтан тəн қандай азса, аурудан һəм сондай азбақ. Неғұрлым ауру күшті болса, соғұрлым тəн көп азбақ. Тəн қандай азса, ақыл һəм сондай азатыны жоғарыда айтылды.

Тəн ауырып тұрғанда, жан жай таппайды, іске көңіл шаппайды, жігер жоғалады, ақыл қалыбында болмайды. Ес дұрыс емес кезде көңілсіз, жігерсіз істелген іс оңды болып шықпайды. Бұл айтылғанның бəрінен тəн азса, күш кетіп, ақыл азып, іске де, еске де кемшілік келетіндігі байқалады.

Тəн азуы ойды алып, есті кетіріп, іске кемшілік келтіретін болса, іссіз, еңбексіз еш нəрсе табылмайтын болса, тəн саулығы қанша керек, қанша қымбат нəрсе екендігі көрініп тұр. Енді айтылатын сөз – тəн саулығына не керек деген сауалға жауап болу керек. Бұған толық жауап беру үшін бірнеше том кітап жазу керек. Бұл жазылып отырған кітап емес, календарь болғандықтан, жауап толық болмай, қысқаша ғана беріледі.

Тəн саулығын қазақтың бəрі де жақсы көреді, бірақ тəн саулығына керек істі қазақтың бəрі де істемейді десек, өтірікші болмаспыз. Сондықтан қазақтың ауру-сырқаудан аманы аз болады. Тəн саулығына керек нəрселер не?

1) Тəн өзіне керекті нəрселерді мезгілімен тиісті күйінде, керек мөлшерімен алып тұру (ауа, тамақ, сусын сияқты нəрселерді).

2) Ағзамыз əр түрлі қызметін мезгілімен дұрыс басқарып, дұрыс атқарып тұру, мəселен, тамақ қарында қайнап пісуі, бойға сіңуі, қан мезгілімен тарап тұруы сияқты қызметтер.

3) Тəнге зиян келтіретін ауру құрты, у, суық сияқты нəрселерден тəнді қорғау. Бұл үш шартты орнына келтіру үшін, əуелі, дем алатын ауа, жейтін тамақ, ішетін сусындардың жəй-мəнісін білу керек.

Екінші, тұратын үй, киетін киім, тұтынатын нəрсе, істейтін жұмыс, тəн тəрбиесіне керек толып жатқан нəрселер бар – олардың жəй-мəнісін білу керек.

Үшінші, тəнге зиян келтіретін нəрселердің тəнге кіретін жолдары бар, ауру құрттарының өсетін, көбейетін орындары бар – оларды білу керек.

Тəн саулығына керек нəрселердің ішінде тегіні – күннің жарығы мен ауа, арзаны – су. Басқасының бəрі оңай қолға түспейтін нəрселер.

Ақылды айту оңай, алу да ауыр емес, орнына келтіру қиын кезде қымбатқа айналып кетеді. Ең тегіні – ауа мен жарық. Адам далада жүргенде бұларды тегін пайдаланады, үйде отырғанда тегін пайдалана алмайды. Өйткені, үйдегі ауа мен күннің жарығы даладағыдай болу үшін үй жақсы болу керек.

Жақсы үй арзан болмайды. Арзан дегеніміз су екен, оның да таза болуына қолайлы орын, жақсы ыдыс, жағдайлы шарттар керек, оның бəрі оңай табыла бермейді. Ақтығында бұл да арзан түспейді. Тегін деген күннің жарығы һəм ауа, арзан деген су – бұлар мұндай болғанда, басқа тəн саулығына керек нəрселер арзан түспейтіні айтпай-ақ анық.

Тəн саулығына керек нəрселер, істейтін істер, орындайтын шарттар толып жатыр. Олардың бəрін орнына келтіру оңай да емес, арзан да емес. Бірақ қанша қымбат болғанымен, тəн саулықтан қымбат емес. «Бірінші байлық – денсаулық» деп қазақ біліп айтқан. Байлықтың негізі денсаулық екені рас. Мал табу үшін еңбек ету керек, еңбек ету үшін ден сау болу керек. Аурулы адам жұмыс қыла алмайды, дүние жия алмайды. Солай болған соң, əркім əуелі, дүниенің бəрінен тəн саулығын қымбат деп білу керек, екінші, оған керек істерді, шарттарды қанша қымбат болса да орнына келтіруге тырысу керек.

Ауру құрттары адам тəніне дем алғанда ауамен кірмек я жеген тамақ, ішкен сусынмен кірмек, яки тəн жараланып, тері жалаңаштанған жерінен кірмек. Ауру құрттарының өсіп-өніп көбейетін, күшейетін жерлері күн жарығы кем түсетін қараңғы я қаракөлеңке орындар, нас, лас жерлер, иіс-қоңыс сасығы мол, салақ қатын ұстаған үйлер. Қай жерде тазалық аз болса, сол жерде ауру құрты көп болмақ. Мұның мəнісі тəн саулығының негізгі шарты тазалық деген болып шығады, тазалық жоқ жерде ауру көп деген болып шығады. Қазақ бейбақта тазалық бар ма? Тазалық жоқ болған соң, ауруы жоқ қазақ бар ма? Жоқ. Ауру болған адамның күші, ісі, есі қандай болса, ауру қаптаған халықтың да күші, ісі, есі сондай болмақ. Ауру адамның шаруасы азып, қарны тоя ас іше алмай, тіленшілік етіп телміріп, итшілеумен күнелтсе, ауру қаптаған халықтың да көретін күні сондай болады. Аурулы адам бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болып, өлімге жақын тұрса, ауру қаптаған халықтың да халі сол сияқты. Бұрын да қазақ байғұс оңған халық емес едік, енді жұтқа ұрынып, жұқанағың қалғанда оңай оңала қоймассың. Бір күн ашыққанның ақылы қырық күнге дейін орнына түспейтін болса, күнде ашығып отырған сен бейбақта не ақыл қалсын! Ең əуелі, бəрінен бұрын тазалықтың қадірін біл! Тəн саулығының тамыры тазалықта, жан сұлулығының тамыры тəн саулықта.

 

Дереккөз: Байтұрсынұлы Ахмет

«Алты томдық шығармалар жинағы». Əліппелер мен мақалалар жинағы. (Төте жазудағы тұңғыш əліппелер жəне ұлттық баспасөзде жарияланған көсемсөздер). – Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. ІV: – 384 б.

 

Сурет kk.wikipedia.org сайтынан алынды

Просмотров: 1121 | Добавил: психолог | Теги: ЖАН, Ахмет, тән, байтұрсынұлы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]