80 жастық мерейтой
Тұрғанбай Маханұлы 1939 жылы 27 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген.
Тұрағаң (Тұрғанбай Маханов) туралы жазылып та жүр, алда да жазыла бермек. Әр жаңа мақала шыққан сайын оның тұлғасы биіктей береді. Өзі де жазудан құралақан емес. Оның көптеген мақалалары мен кітаптары жарық көрді. Тұрағаңның өзіне тән жарқын өмірі кеңінен баяндалғандықтан оған жете тоқталуды жөн көрмедім. Тек бұл кісімен бірлесіп жұмыс істегендегі сәттермен ғана бөліскім келеді.
Мен осы ғасыр басында облыстық медициналық орталық құрамындағы балалар бөлімінде қарапайым невропатолог дәрігер болып жұмыс істедім. Сол кезден бері Тұрағаңды жете тани бастадым.
Әдеттегі апталық лездемеге облыстық аурухана дәрігерлерімен бірге балалар бөлімінің дәрігерлері де қатысатын. Сондағы бір есте қалғаны: Тұрағаңның дәрігерлердің үздіксіз білім жетілдіруін ұдайы қадағалап, талап ететіні. Ол бір сөзінде: «Қадірлі әріптестер! Сіздер үшін орталықтың жеке кітапханасына медицинаның барлық саласын түгелдей қамтитын журналдар мен кітаптарды қаржы көзін тауып жаздырып алдырдым. Өкінішке орай, бірен-саран дәрігер болмаса, қалғандарыңыздың сол мол қазынаның бетін ашпайтындарыңызды да байқадым. Бұл өте өкінішті. Дәрігер күнделікті оқып, жете ізденіп қана нағыз дәрігер бола алады. Әйтпесе, баяғы алған, ескірген білімдеріңізбен заман көшіне ілесемін деу бос әурешілік» деген еді. Сол кездегі дәрігер жалақысы өз саласы бойынша қалың шет елдік журналды жаздырып алдыруға жетпейтін. Білім алу тақырыбын лездемеде әдейі қозғағаны менің ойыммен үндесе кетті. Сол кезде мен облыс медицина қызметкерлеріне арнап кәсіби газетті бір өзім шығаратынмын.
Тұрағаның бойындағы қарапайымдылықтың бір көрінісі – ол ешқашан қызметтік көліктің алдыңғы орындығына отырмайтын. Оған қонағын отырғызатын. Бұған бірнеше рет өзім куә болған соң айтып отырмын.
Сондай-ақ С.Мақашева апамыз туралы «Әйел бақыты» кітабын шығару барысында Алматыда бірге іс сапарда болғанымда «Уют» қонақүйінің екі адамдық бөлмесінде бірге жатуыма тура келді. Бөлмедегі екі керуеттің бірі – төрде, екіншісі – есік тұсында екен. «Тұраға! Қай төсекке жатасыз?» деген сұрағыма, лезде: «Маған есік жанындағы төсек жетеді» деп бір қайырды. Орталық директоры Тұрағаңның жәй дәрігерін өзінен оздырып, төрге шығаруына іштей риза болдым.
Алматыға барған сол сапар кезінде Тұраға базардан балғын шөп қиятын құрал сатып алды. «Орталықтағы көк шөпті ешкім шығара алмады. Содан бір оралман қандасты бағбан етіп жұмысқа алған едім. Шөп жайқалып өсіп тұр. Сол бағбанның өтініші еді» деп пойызбен құралды Қызылордаға алып келді.
Сондай-ақ «Атакент» көрмесіне барғанымызда жихаз шығаратын цех жұмысына қатты қызығып, өнімдерін көріп, оларды орталықтың жихаздарын жаңарту үшін Қызылордаға шақырғанын өз құлағыммен есіттім. Тұрағаңның бұл әрекетін «Денсаулықтың Ақ Ордасы» болған облыстық медициналық орталықты өзінің төл перзентіндей аялауының бір көрінісі ретінде бағаладым.
Кезінде оның қазақтың азулы, мықты ақыны Мұхтар Шахановпен бірге Кеңес Одағының Жоғары Кеңесінде депутат болғанын білеміз. Достықтары сол кезде басталды ма, білмедім, ол екеуі жақсы қарым-қатынаста еді. Тұрағаң досы Мұхтардың көптеген жырларын жатқа айтатын.
Бір кездері Орталық директорының орыны біреуге аса қажет болып, облыс әкімі орталық қызметкерлерін шұғыл жинап, жаңа директорды сол орынға отырғызып кеткенін бәріміз білеміз. Қанша дегенмен, өзі салдырып, орталықтың негізін қалаған адамға «жау шапқандай» орынды босатуды талап ету қиын болғаны рас. Кейін барып, Тұрағаңды «құрметтеп шығарып» салды. Сондай кездің бірінде Тұрағаң маған: «Серікбай, кейінгі кезде менің істеген жұмыстарымды біреулер меншіктеп, болмағанды болғандай етіп жүр. Сыр өңірінде облыстық кеңес беру-диагностикалық және медициналық орталықтардың салынуына тікелей араласқан адаммын. Әлі көзім тірі. Бәрі бүгінгідей есімде. Соларды өз қолыммен қағазға түсіріп, мақала етіп қойдым. Облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияламақ ойым бар. Мақала жазып жүрсің ғой. Бір қарап өт. Қатесі болса, айт» деді. Мен мақаланы түгелдей оқып, бір-екі сөзга қарата ғана пікір айттым.
-Тұраға! Мұныңыз өте дұрыс. Облыс медицинасына зор серпіліс әкелген бұл екі ғимараттың салынуындағы сіздің еңбегіңізге ешкімнің таласы болмауы тиіс – деп қолдау білдірдім.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне қадам басқан Тұрағаңның тау тұлғасы туралы өз айтпағым осы еді.
Суретте: республикалық «Нұр Жан» журналының тысқы беті
Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,
Арал қаласы,
«Сыр медицинасы» газеті |