Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:03
СЫР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АТАСЫ

Тұғыры таудай тұлға, елінің ерен перзенті Ернияз Омаров – кәсіби маман, білікті дәрігер, ғалым, қайраткер ретінде Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласын отыз алты жыл бойы жемісті басқарып, заманына сай дамытқан, бүгінгі күннің абыз ақсақалы. Сыр медицинасының осындай тұлғасының қолтаңбасымен кешегі кеңестік дәуір тұсында денсаулық сақтау саласында тың серпілістер, баянды бастамалар жасалып, аурулардың алдын алу, экологиялық зардаптарды ауыздықтау, заман талабына сай емдеу құрылыстарының салынуын ұтымды ұйымдастыру проблемалары оң шешімін тауып жатты.

Тектілердің тұяғы

Арғы атасы Айбастан тарайтын Қалменнің бес баласының тұңғышы Омар атамыз аймаққа аты мәлім дуалы ауызды, иманжүзді, аузынан Алласы, қолынан Құраны түспейтін тақуа адам болыпты. Құдай қосқан қосағы Ұлбосын әже екеуі ұзақ уақыт бір перзентке зар боп, Сыр бойындағы Мүлкілән әулиенің басына барып түнегенде аруақтар аян беріп: «Тілектерің қабыл болды. Екі бала беремін, біреуінің атын Қожанияз, екіншісін Жұбанияз қоярсыңдар» дейді. «Майлықұм» колхозын қақ жарып өтетін «Жіңішке» өзенінің екі жағына қоныс тепкен ауылдың шаңды топырағында шапқылап балалықтың бал дәуренін өткізген, тақылдаған томашадай ақсары бала сол Қожанияздың Ерниязы қаршадайынан еті тірі дамыды. Ұлы Отан соғысы басталғанда тоғыз жасар Ернияз ерте жетіліп, буыны қатпай колхоздың ауыр жүгіне жегіледі. Өйткені, «шықпа жаным, шықпамен» әзер күнелтіп отырған Омар қалпе Құран Кәрім сүрелерінен, аят, хадистерден алынған үлгі, өсиет, ғибрат сөздерді қарапайым халықтың санасына сіңірді де, базбір дүмше молдалардай пайда қуған жоқ. Қайта соғыс басталғанда бірінен соң бірі әскерге аттанған қос ұлы Қожаниязы мен Жұбаниязының жолына садақа деп қолындағы жалғыз биесін жетектеп әскери комиссариатқа барды. Айбосынов деген военком: «Ақсақал, біздің Сізге өкпеміз жоқ. Майданға қос азаматыңыз бен сәйгүлік атыңызды алдық ғой. Мына биеңізді бала-шағаңызға талғажау етіңіз», – деген екен. Сонда деймін-ау, қал-палы жоқ, мәрт мінезді Омар атамыз тігерге қалған жалғыз тұяғын «Ұлы Жеңіс үшін алыңдар» деуінің өзі қандай мәрттік десеңізші?!

1946 жылдың тамызы. Томашадай Ернияз бала Дәмбай, Әбдіраш, Жүсіпбек әкелерімен бірге қырманда астық бастырады. Күн болса төбені тесердей күйіп тұр. Шөлге қаталаса да, ораза ұстап жүрген көкелері аузы-мұрындарын шыт орамалмен тұмшалап, анда-санда қосқа барып ауыздарын жылымшы сумен шаяды. Сонда ересектермен қатар күнұзақ тыным таппай, жұмысқа жегіліп жүрген бала: «Сонша қиналдыңыздар-ау, көкелер. Ауыздарыңызды ашып жібермейсіздер ме? Ешкімге айтпаймын ғой», – десе: «Ой, балам-ай, сонда Алла тағаланың ажарын қалай көреміз? Тәуекел, шыдаймыз ғой» дейтін көкелері жымиып. Сондай дініне берік әкелері мемлекет мүлкін көздерінің қарашығындай сақтап, қырманнан бейсауат бір түйір дәнді сыртқа шығармайтын. Бір күні қырман қызып жатқанда ауылдық кеңес төрағасы Садық аға келіп, майданға астық жөнелтуде міндеттемелерін артығымен орындап жүрген әлгі көкелеріне «Тылдағы ерен еңбегі үшін» медальдарын тапсырады. Сонда иманды болғыр Әбдіраш әкей мен Дәмбай: «Уа, Садық! Мына баланың күні-түні төккен тері неге бағаланбайды? Бұл бізден кем еңбек етіп жүрген жоқ қой» дейді, төраға сөзге келмей, қаршадай баланың омырауына жарқыратып медаль тағып беріпті. Бұл Қожанияздың Ерниязының он үш жасында алған ең алғашқы мемлекеттік наградасы еді.

Әке-шешенің жалғызы Ернияздан соң дүниеге келген нәрестелер шетіней береді. Содан 1939 жылы туылған сәбиге ырымдап, нағашысы Қалидың есімі қойылады. Бұл болса, көздері тостағандай ізінен томпаңдап жүгіріп жүрген інісін жанындай жақсы көретін... Әкесі әскерге кетіп бара жатып: «Апаң болса, қолхоздың жұмысында. Бауырыңа өзің бас-көз бол. Отқа, суға түсіп, жазым боп жүрмесін», – деп тапсырған. Сұқ көз тиді ме, әлде төтеннен ауру жабысты ма, ізінен қалмай құлдыраңдап жүгіріп жүрген екі жасар бауыры Қали бір күні қалпақтай ұшып ауырды. Күннен-күнге жағдайы нашарлап, жанарлары жәудіреп, жанындағыларға жалбарына қарағанда мұның жүрегі қан жылайтын. Бірде оңашада інісінің денесін уқалап отырып, асқазан тұсында бір нәрсенің бұлтиып, бүлк-бүлк соққанын байқайды. Көз алдында солып бара жатқан бауырын көріп, етбауыры елжіреп: «Әттең, мен есейіп, дәрігер болғанымда ғой, бауырымды өзім-ақ емдеп жазып алатын едім ғой» деп іштей егілетін. Атасының көрсетпеген жері қалмай, ақыры ем қонбады. Жеті жасар Ернияз сондағы торсық шеке бауырының қазасына еңірегенін айтсайшы. Зерек бала солы жолы: «Көресіңдер әлі, ертең мен дөкей дәрігер боламын», – деп іштей бекінген болатын.

Алғашқы баспалдақ

1939 жылы «Жүргенбай тамындағы» мектеп үйінің табалдырығын аттаған еті тірі, пысық бала оқуда алғыр болды. Бұл – бастауыштан бастап сабақтары үстінде ұшқан шыбынның ызыңы білінбейтін Өмірбай мен мектеп директоры Төлеп Жәрекеев ұстаздарының терең ілімінің, темірдей тәртібінің де нәтижесі еді. Сөйтіп, жетіжылдықты «өте жақсыға» бітіріп, 1947 жылы облыс орталығындағы Фельдшер-акушерлер даярлайтын мектепке түсті. Бұл мектеп оқуы орыс тілінде жүретін. Бір ауыз орысшасы жоқ он үш жасар Ернияз енді Ғани, Махамбетқали, Қарлыбай, Шәріпбай, Мақатай, Фарида, Нұртайлармен үш жыл бойы тай-құлындай тебісіп оқып, медициналық техникумды «Қызыл дипломға» тәмамдап, елге келіп, еңбек жолын Арысқұм, Қарақұм мал жайлауында фельдшер болып жалғастырды. Сөйтіп екі жыл табыс тауып, Алматы мемлекеттік медицина институтының ғұламалары В.П.Рощин, А.П.Полосухин, П.П.Очкур, Н.К.Войткевич, А.Н.Сызғанов, А.Рақышев, Н.И.Севрцов, О.С.Глозмандардан дәріс алып, алты жылғы студенттік қызықты өмір алты күндей зу етіп өте шықты. Сол кезде ғой, екінші курстан бастап комсомол комитетінің хатшысы, содан соң студенттердің кәсіподақ комитетінің жетекшісі сияқты қоғамдық жұмыстар мен Алматыдағы әскери госпиталь басшысы П.Р.Чекуровтың құзырында түнгі ауысыммен фельдшерлік жұмыс істеп табыс табатыны. Сондағы әскери медицина қызметкерлері, дәрігер Г.К.Ткаченко мен білікті мейірбикелер, Шура мен Света ол үшін үлкен тәжірибе мектебіндей болды.

Жарықтық Омар атасы көзі ашық, ақжарқын, көкейіндегі ойын бүкпей айтып отыратын ақкөңіл адам еді. Кезінде аты аймаққа мәшһүр дәулетті Нұрпейіс қажыға барып, өзі құда түсіп мұның анасы Рабиғаны жасауымен ұзаттырып, әкесі Қожаниязға алып берген ғой. Енді жоғары курсты бітіріп ауылға келгенде әкесі Қожанияз: «Апаңның ыңқыл-сыңқылы көбейіп кетті. Бізге бір бәлекей түсіріп берсейші», – деп Мырзекең бастаған ағалары Ахметжан аға мен Айзахан жеңгейге құда түсіп барып, 1956 жылдың он алтыншы шілдесінде «Соркөлдің» жағасында кішігірім той болып, сәмбі талдай солқылдаған Хадиша сұлу Омар әулетінің табалдырығын аттады. Оған да 62 жыл өтіпті.

Әлі есінде, институтты бітіріп жатқанда ректор, республиканың бас хирургі Гаврил Кириллович Ткаченко: «Алты жыл бойы озат, үлгілі студент атанып, қоғамдық жұмыстардың белсендісі болдың. Мына екі жүз сом ақша ректораттың өзіңе деген көмегі. Мүмкіндігің болса, осы институтта қалып, ғылыммен айналыссаң, өзіңнен келешек үлкен ғалым-хирург шығады» деген. Алайда, туған жерімде, халқыма қалтықсыз қызмет атқарамын деп іштей бекініп жүрген оның бар арман-мақсаты қасиетті Сыр өңіріндегі жерлестерінің денсаулығы үшін күресу еді.

Өскен өркен

Адам баласының қоғамға сіңісіп, қалыптасуында оның дүние есігін ашқандағы отбасылық тәлім-тәрбиесі, тұрмыс-тіршілігі мен өскен ортасының үлгі-өнегесінің әсері мол. Алапат аштық жылдары өмірге келіп, жоқ-жұқалау болып өсіп келе жатқанда соғыс сергелдеңі басталып, елдің еңсесі түсіп, талай боздақтарынан айырылған зарлы заманның куәгері Ернияз Омаровтың өмір жолы оңай болмады. Әйтсе де, сол қиындықтардың бәріне қасқая қарсы тұрып күрескен ақыл-ойы орамды, өресі өжет бала алдына үлкен арман-мақсаттар қойып, тағдыр тәкитімен ысылып, жетіліп, жүрегіне жігер отын жандырып жоғарылай берді, жоғарылай берді.

1960 жыл. Аурухана хирургі жас маман Ернияз Омарұлы кеш әлетінде жұмысы аяқталып, сол кездегі өлкелік аурухана ғимаратынан ұзап бара жатыр еді, мейірбике Наташаның оқыстан шыңғырған дауысынан кері ұмтылды. Келсе, зембілде ес-түссіз қанға боялып жас жігіт жатыр. Жүрек тұсынан пышақ салынған. Мұндайда уақыт қымбат. Дереу операциялық столға алып, қос қабырғасын өткір скальпельмен жарып жіберіп ашса, жүрек қабы (перикард) кілкілдеп қанға толып, жүрек соғуын тоқтатыпты. Жалма-жан сұқ саусағымен перикардқа ревизия жасап еді, қою қошқыл қан сыртқа шапшып шығып, жүрек қайтадан бүлкілдеп соғып кетті. Осы кезде басқа хирургтер де көмекке келіп, аурудың тамыр соғысы мен қан қысымы қалпына келе бастады. Хиругтың шұғыл жасаған ем-шарасының нәтижесінде науқастың беті бері қарап, дәрігерлер консилиумы: «Сыр елінде жүрекке алғаш сәтті жасалған Ернияз Омаровтың отасы» деп бағасын берді.

Иә, Ерағаң медицина институтын бітіріп келген соң, 1958-1961 жылдары Қызылорда қаласында «Жедел жәрдем» мен хирургия бөлімінде дәрігер-хирург, 1961-1967 жылдары қалалық денсаулық сақтау бөлімінің, 1982-1994 жылдары облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін жемісті атқарды. 1974 жылы «Іштен кеміс туған балаларды оперативтік-консервативтік тұрғыдан емдеу» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Құрметті зейнет демалысына шыққан соң да облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесін және «Шапағат» қоғамдық қайырымдылық қорын басқарды. Медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Ернияз Омаров 60-тан астам ғылыми еңбектің, 3 кітаптың авторы. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, ондаған медальдармен марапатталды. Бірнеше мәрте қалалық, облыстық кеңестің депутаты болды.

Ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа мұра етіп, 2002 жылы «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық хикаят, 2005 жылы Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы қарсаңына «Ажалға араша», содан соң «Сыр медицинасы» кітаптары жазушы Ахат Жанаев пен дәрігер-журналист Серікбай Смағұловтармен кеңесіп, көркемдеп, мыңдаған тиражбен баспадан шықты.

Ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Ернияз Омаров «Сырдария ауданының құрметті азаматы», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атақтарының иегері.

Бұл күндері Ернияз аға мен Хадиша апа өркенін жайған қос бәйтерек іспеттес. Ұлдары Бақыт медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық тері-венерология ауруханасының бас дәрігері болып жүріп марқұм болды. Келіні Алма Қызылорда қаласының білікті дәрігері, ал қыздары Тұрсынкүл, Гүлстан, Мира, Саракүл республика көлеміне танымал ақжелеңді абзал жандар. Сарасы – экономист. Ата-әже жолын қуған немерелеріне дейін дәрігерлер. Солардың бәріне де бір талап – жақсы адам атанып, өз мамандығын жақсы игеру, халыққа медициналық қызметті жоғары деңгейде көрсету.

Иә, ол қашан да шындықтың бетіне тура қарай білді, тайсақтап, жауырды жаба тоқу немесе лауазымы жоғарыларға жағымпазданудан аулақ болды. Кеңес үкіметі кезінде елінің еңсесін тіктеп, өсіп, өркен жаюына өзінің орасан зор үлесін қосты. Есімі Сыр өңірінің тарихында алтын әріптермен жазылған айтулы азаматтардың бірі де бірегейі Ернияз Омаров ағамыздың өмір жолы өнегеге толы.

Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ,

«Денсаулық сақтау саласының үздігі»,

жоғары дәрежелі дәрігер-хирург.

http://www.syrboyi.kz/densaylik/21534-syr-medicinasyny-atasy.html

Просмотров: 638 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]