Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:14
СЫР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АБЫЗЫ

 

Ернияз Омаровтың есімі облыс түгілі еліміздің қай өңірі болса да аса танымал. Бүгінде сексеннің ортасынан асып тоқсанға қадам басқан Ерағаның өмір жолы әрбір саналы азаматқа үлгі. Мен онымен өз өмірімнің бір кезеңдерінде бірлесіп біршама тірліктерді атқарғанымды зор мәртебе көремін.

Қасиетті Сыр елінде жарық дүние есігін ашқан Е.Омаров бүкіл саналы ғұмырын өз туған жерінде өткізді, саналы да сапалы еңбек етті. Медицина саласындағы алғашқы еңбек жолын фелдшерліктен бастаған ол Сыр медицинасына ұзақ жылдар басшылықта болды. Оның өмір жолы көптеген мақалаларға арқау болып, өз ғұмырнамалық кітабында толық баяндалғандықтан бұған тоқталып жатуды жөн көрмедім. Тек өзім куә болған, көпшілікке беймәлім тұстарды тілге тиек етпекпін.

Мені тәнті еткен Ерағаның бойындағы асыл қасиеттердің бірі – адам тануында. Ертеректе өзімнің дәрігерлік қызметпен қатар басылым беттерінде анда-санда мақала жариялайтыным бар еді. Ол мақалаларды асыл ағаның оқығанына еш күмәнім жоқ. Өйткені қазіргі «Сыр бойы» газеті бұрын «Ленин жолы» деп аталатын қазақ тіліндегі жалғыз басылым болатын. Онда кезінде облыс, қала денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалық мақалаларым жарық көріп тұрды. Бір жағынан газеттің штаттан тыс тілшісімін, әрі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін. Ераға мені осы мақалалар арқылы жақынырақ таныды ғой деп ойлаймын.    

Сырдария аудандық ауруханасында балалар бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде есте қалған бір оқиға болды. Күнделікті таңертеңгілік лездемені тазалықшының шұғыл мәлімдемесі бұзды. 5-ші палатадағы түнде түскен 12 жасар қыздың хәлі күрт нашарлапты. Талықсыған. Мен лездемені тастай салып палатаға бардым. Қыздың ауру тарихында: «Оң жақтағы өкпе қабынуы?» деген алдын ала диагноз қойылған екен. Түнгі кезекші терапевт дәрігер осы диагнозбен бөлімшеге жатқызыпты. Ішін басып көрсем тақтайдай қатты. «Перитонит (іш бүлігі)?» деп диагноз қойып, бала хирургын кеңеске шақырдым. Ол талдауларды қарап, ішін басып көріп, «перитонитті» жоққа шығарды. «Өкпе қабынуында мұндай бола береді» деді. Маман ғой деп қоя салайын десем, іштегі қатты құбылыс перитонитке көбірек келетін сияқты. Хирургиялық бөлімше меңгерушісі, тағы бір хирург көріп, менің диагнозымды растамады. Рентгенге түсірді, қайта анализ алды. Уақыт өтіп барады. Бірақ мен ауру тарихына өз пікірімді жазып қалдыра бердім. Түс кезінде барып, ауру қызды хирургиялық бөлімшеге аударды.

Сол күні облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Ернияз Омаров қасында облыстың бас хирургы Сағымбай Құлсартовпен бірге жиналыс өткізуге ауруханаға келмесі бар ма... Түстен кейін жиналысқа келдік. Сәкең кешігіп келіп, Ерағаның құлағына бірдеме деп сыбырлады. Ернияз Омаров орысшалап: «Хирургиялық бөлімшеге ауыстырылған ауру қызға «перитонит» диагнозын қойған қай педиатр?» деп сұрады. Мен үнсізбін. Бір-екі әріптесім маған қарайды. Ераға өз сұрағын қайталап қойды. Мен орнымнан тұрдым. «Доктор, рахмет!» деді басшымыз. Сөйтіп хирургтерге өз ренішін білдірді. Өзі де хирург қой. Нәтижесінде кеш болса да операция жасалған қыз аман қалды. Әкесі кейін ауызша алғысын жаудырып жатыр. Дәрігерлер арасындағы мұндай келіспеушілік өкінішке орай сирек те болса, өмірде ұшырасып жатады. Ал Омаровтың сол күнгі алғысы маған кез-келген жоғары марапаттан артық болды. Мені қиын тұстан арашалап шықты.    

Кейін сол ауданға іс сапармен келгенде Ераға аудандық аурухана бас дәрігермен емес, алдымен менімен: «Әріптес, жағдайың қалай?» деп қол беріп амандасатын. Бұл менің бойыма ерекше ыстық сезім силайтын.

Асыл ағамен етене жақын араласқан тұсым, оның зейнеткерлікке шыққанында болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдардың соңында мен жұмыс істейтін Қызылорда қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Мұхтар Беисов: «Сенімен Ернияз Омарович сөйлескісі келеді» деді. Ағамен сәлемдестім. Қолында 30 беттік жазу машинкасының орыс әріптерімен басылған қолжазба бер екен. Соны таныстырды. Бетінде ақ параққа қолмен жазылған Тұрғанбай Маханов ағамыздың пікірі тұр.

- Серік өзің білесің. Сыр медицинасының тарихы тереңде жатыр. Ол осы кезге дейін жете зерттелген жоқ. Мынау менің қол боста жазғаным еді. Қолыңнан жазу келеді ғой. Осыны түзеуге көмектес. Кітап қылып шығарғым келеді – деді.

Мен қолжазбаны көз жүгіртіп оқып шығып:

- Ераға, мұнда тек облыстық деңгейдегі медициналық мекемелер туралы жазылған екен. Менің есітуімше, тіпті Жөлектегі аурухана ежелгі емдеу орындарының бірі болған. Кітапқа аудан, ауыл медицинасы туралы да деректер кірсе. Автордың бірі ретінде менің де атым кітапта тұруы тиіс – деп ұсыныс айттым. Ераға келісті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында кітап шығару бойынша арнайы комиссия құрылып, материал жинастырылды. Екеуміз барлық аудан орталықтарын түгел аралап, әріптестермен көзбе-көз де кездестік. «Ешкім де ұмыт қалмасын!» деген талап қойдық. Өкінішке орай, пендешілік қой, кейбір әріптестеріміздің есімдері сол кезде кітапқа енбей қалып қойды. Олар кейін өз өкініштерін білдіріп жатты.

Екі жылдық төккен теріміз ақталып, 2001 жылы кітап «Сыр медицинасы (ХІХ-ХХ ғасыр)» деген атаумен Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрді. Сол кездегі баспа директоры Аманжол Сақыпұлының «Сіздердің бұл еңбектеріңіз аса құнды. Қағаз да, қалам да, жазу қабілеті де өзімізде болғанымен, осы кезге дейін Сыр журналистикасының тарихын жаза алмай жүрміз» дегені бар еді. Сондай-ақ бұл еңбекті негізге ала отырып бір қарындасымыз тарихтан кандидаттық диссертация да қорғап алыпты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және одан кейін де біреулер облыс медицинасының тарихын жазуға талап қылғанымен олардың кітабы жарық көрмеді.

Ераға бірде: «Серік, мен медицина ардагерлеріне арнап қор құруды ойға алдым. Олардың жағдайы онша емес. Зейнетақылары да мардымсыз. Қордың атын өзің қой. Жарғысын жаз. Мемлекеттік тіркеуден де өткізерсің» деді телефонмен. Мен: «Ераға, мені кім таниды? Атауы мен жарғысы мойнымда. Баратын жерге өзіңіз бастап жүріңіз. Тіркеу жеңіл болады» дедім. Қор «Шапағат» деген атаумен құрылды. Қорды бір күнде тіркеттік. Оған қоса облыс медицина ардагерлері кеңесі құрылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау тапқан бұл қор мен кеңеске Е.Омаров төраға, мен хатшы болдым. Сөйтіп еліміздің медицина саласындағы санаулы қор өз жұмысын бастады. Тұрмыс тауқіметін тартқан көптеген медицина ардагерлеріне қолқабыс етілді, материалдық және моралдық қолдау көрсетілді. Олардың қатарында С.Е.Есова, А.Дабылов және т.б. болды. Тіпті Ақтөбе облысынан арнайы келіп, қор мен кеңес жұмысымен танысқандар да бар еді. Бұл жұмысты Ераға 80 жасқа келгенше талмай-қажымай абыройлы атқарды.

Ерағаның бойындағы басқа адамдарда көп кездесе бермейтін тағы бір қасиеті – жадының, яғни есте сақтау қабілетінің мықтылығы еді. Бір көрген адамын өмір бойы ұмытпайтын. Сондай-ақ оған еңбекқорлық тән. Жастайынан ауылда өсіп, қара жұмысқа ерте араласқандықтан болар, қала орталығында мал ұстап, оған жем беріп, қорасын өзі тазалайтын.

Өз есіндегілерді арқау етіп Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан және тыл ардагерлері туралы «Ажалға-араша» (2005 жыл) және өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ғұмырнамалық кітаптар жазды. Соны өңдеуге қатыстым. Бір ерекшелігі – осы қызметтерімді еледі ме, өзінің қандай қуанышы болса да мені қалдырмай шақыратын. Бұл Ерағаны адамның атақ-лауазымына қарамай, өз адами ұстанымы бар зор тұлға ретінде көрсетеді деп есептеймін.

Ернияз Омаров – Сыр медицинасының абызы атағына әбден лайық. Өзіміздің кәсіби мереке қарсаңында бұл ерекше адаммен бірге өткізген кейбір сәттерімді газет оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім. Ерағаға асыл жары, өмірлік жолдасы Хадиша апаймен әлі де тағдыр силаған ғұмырларын немере-шөбере ортасында өткізуге Алла нәсіп етсін!          

 

Суреттер «Интернеттен» алынды.

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

Қызылорда қаласы

 

«Сыр медицинасы» газеті

Просмотров: 679 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]