Үкімет басшысы бастаған делегация құрамында облысқа келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс сапары барысында бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралады.
Министр алдымен жылына 11-12 мыңнан аса нәресте өмірге келетін облыстық перинаталды орталықтың жұмысымен танысты.
Орталық 2014 жылы пайдалануға берілді. Өткен жылы қалалық перзентхана мен облыстық перинаталды орталық біріктіріліп, үш деңгейлі өңірлік әйелдерді босандыруға көмек ұйымы ретінде тіркелді. Орталықтың жалпы төсек қоры 440 болса, оның 200-і босану бөлімінде, 60 төсек патология бөлімі, гинекология 60 төсекке арналған, нәрестелер патологиясы 50 төсек және 100 төсек нәрестелер бөліміне қарасты. Өткен жылы 30 төсектік босанғаннан кейінгі оңалту бөлімі қосылды. Мұнда 238 медицина қызметкері жұмыс жасаса, оның 32,1 пайызы дәрігерлер, 67,8 пайызы орта буын қызметкерлері. Былтыр сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер гинекологиясы кабинеті мен жаңа туылған нәрес¬телердің офтальмология кабинеттері ашылды.
Онан соң министр №3 қалалық емханада болды. Ауысымында 500 ке¬лушіге арналған ем¬ха¬наның 113 кабинетінде 25 дәрігерлік көмек көр¬се¬тіледі. Материалдық-тех¬никалық базасы толық жарақтандырылған. 58 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсететін емдеу-алдын алу мекемесінде 6 терапевтік, 4 педиатрлық, 5 гинекологиялық және 20 жалпы тәжірибелік аймақ орналасқан. Ағымдағы жылы емханада амбулаторлы-хирургия орталығы ашылса, былтыр қала тұрғындары үшін нейрореабилитация бөлімшесі, «Отбасын жоспарлау», «Жас аналар», «Дені сау бала» және «Ресурс орталығы» кабинеттері ашылып, жұмыс жасауда.
Министр Елжан Біртанов МӘМС жүйесіне байланысты республика көлемінде «Емханаға тіркел де, өз мәртебеңді анықта!» ұранымен өткізіліп жатқан науқанның қалай жүргізілгенін сұрап, тұрғындардың әлеуметтік мәртебесінің қаншалықты анықталғанына назар аударды.
Бүгінде емханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты тұрғындарды тіркеу аяқталып, мәртебесі анықталған. Атап айтқанда, «мәртебесі жоқ азаматтар» 16 пайызды құраса, жұмыс істейтіндер – 27,9, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 4,6, әлеуметтік осал топтар 54,4 пайызды құраған.
Республикада екінші болып пилоттық жобаға енген облыстық жедел жәрдем көрсету орталығының қазіргі жұмысымен танысқан Елжан Амантайұлы бірқатар мәселені талқылады.
Жалпы, пилоттық жоба аясында облыстың жол картасы бекітілген. Осыған орай бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, жедел жәрдем стансасының материалдық-техникалық базасы жақсартылса, орталық жанынан бірыңғай медициналық СаІІ орталығы және санитарлық авиация орналастырылды. Онан бөлек, Қызылорда қаласы мен 7 аудан тұрғындарының байланысу қоңыраулары АСУ «Көмек» бағдарламасы арқылы «103» бірегей диспетчерлік орталығына енгізілген, ол үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Сондай-ақ, қалалық, аудандық жедел жәрдем бөлімшелеріндегі барлық көлікке GPS навигаторы орнатылған.
Денсаулық сақтау министрі сонымен бірге «NOVA» жекеменшік медициналық орталығында болып, ондағы МРТ, УЗИ, рентген диагностикасы, ЛОР, невропатолог, функционалды диагностика секілді бөлімдерінің жұмысымен танысты және бәсекелестік ортаның дамуына оң бағасын берді.
Елжан Біртановтың облысқа жұмыс сапары «ҚазГерМұнай» кәсіпорнында ірі компания өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесумен қорытындыланды. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов жүргізіп отырды. Жиында министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығы жайында кеңінен түсіндірді. Сонымен бірге, жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы Елена Бахмутова қатысты.
– МӘМС жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы ынтымақтастық қағидаларына негізделген. Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлеріне, ал жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздеріне жарна төлейтін болады. Осылайша, бірлескен жауапкершілік негізінде қаражаттарды тиімді бөлу қағидасы іске асырылады. Жүйенің әрбір қатысушысы өзіне қажетті медициналық және дәрі-дәрмек көмегін алады, бұл азаматтардың жарнасының сомасына байланысты емес, міндетті медициналық сақтандыру пакеті барлығына бірдей. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, яғни, бір-екі күннен кейін жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар мен жарналарды төлей бастайды, ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет пен белсенді емес халық, 2019 жылдан бастап жалдамалы жұмыскерлер жарна төлейтін болады,– деді Е.Біртанов.
Жалпы, министр журналистерге берген сұхбатында облыстың денсаулық сақтау саласында оң өзгерістердің, біршама жетістіктердің барын айтты. «Мәселен, аймақта ана өлімінің тіркелмеуі, бала өлімінің төмендеуі сала жұмысының негізгі көрсеткіштері, осыған қарап облыстың денсаулық сақтау саласында ілгерілеушіліктің барын көріп отырмыз»,– деді Е.Біртанов.
Айнұр БАТТАЛОВА.
http://syrboyi.kz/negizginews/12287-syr-medicinasy-zge-rlerden-ksh-lger.html |