Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:05
ШИРЕКҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР ОРТАЛЫҚ


 Сыр өңірінде  соңғы уақытта емдеу, алдын алу мекемелері көптеп бой көтеруде. Бірінен кейін бірі заман талабына сай салынған биік әрі зәулім медициналық мекемелер көз қуанышы ғана емес, сонымен бірге қызылордалықтардың саулығын сақтауда айрықша қызмет көрсетіп отырғаны баршаға аян. Десек те, кезінде талайдың таңдайын қақтырған ерекше үлгідегі ғимарат, теңдессіз медицина мекемесі болған облыстық кеңес беру- диагностикалық орталығының орны қашан да зор. Биыл салынғанына 25 жыл толған сол орталық облыстық медициналық орталығының құрамдас бөлігі ретінде 1992 жылдың желтоқсан айында ел игілігіне берілген болатын. Бұл нысанның Қызылорда қаласында салынуына не түрткі болды, алып ғимараттың бой көтеруіне кімдер ат салысты? Бүгінде ширек ғасыр толған медициналық мекеменің тарихы кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.
Иә, көркі көз тартатын, сол кездегі айрықша нысанның құрылысына көптеген кісілердің атсалысқаны айқын. Солардың бірі – сол кезеңде осы құрылысқа тапсырыс беруші болған ҚР Құрметті құрылысшысы, Кедендік Одақ елдерінің Құрметті азаматы, еңбек ардагері Алмат Жаппасбаев.
1980-1992 жылдары облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімін басқарған Алмат Қайырбекұлы денсаулық сақтау саласының тарихында теңдесі жоқ ғажайып екі ғимараттың салынуына тікелей қатысқандықтан, құрылыс тарихы жайлы егжей-тегжейлі біледі. Тіпті, күні бүгінге дейін көз алдында. Ол кісінің айтуынша, аталған нысандардың құрылысы сол кездері облысты басқарған Е.Әуелбековтің табандылығымен республика, Одақ басшыларына Аралдың апат аймағы екендігін дәлелдеп, әрі олардың көзін жеткізуінің арқасында ғимарат бой көтерді.
– Одақтық қаулының орындаушылары болып белгіленген облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Ернияз Омаровпен бірге ғимараттың қандай көлемде, қанша қаржыға салынатынын есептедік. Әр құрылыс нысанының өзіне тән тарихы мен қиындығы болады. Мысалы, облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің қаулысына 750 орындық емхана болып кірген диагностикалық орталық 1989 жылы жоспарға енгізерде, оның тез іске қосылуын және арзан салынуын ойлап сол кездегі басшылар жартылай бітіп тұрған төртқабатты облыстық автомобиль жолдары құрылыс мекемесінің әкімшілік ғимаратын пайдалануға тиімді деген шешімге келген болатын. Осыған байланысты бізге бұл ғимаратты тиісті мамандармен бірге зерттеп, ұсыныс беруді тапсырды. Біз 19 жерден суретке түсіріп, ГАСК-тың бастығы И.А.Посталовскаямен және басқалармен бірлескен тексеру нәтижесінде ғимараттың сапасыз және әкімшілік мақсатында салынғанына байланысты оның көпшілікке қызмет ететін диагностикалық орталық сияқты өте жауапты емдеу орнына пайдалануға жарамсыз екенін дәлелдеген болатынбыз, – деп еске алды Алмат Қайырбекұлы.
Сонан келесі жылдың жоспарына қаралған қаржы осы ғимаратты медицина нысанына айналдыру үшін қайта жобалауға қаралғандықтан мамандар не істерін білмей сасқалақтайды. Бұл 1989 жылдың қыркүйегі еді. Келесі жылдың жоспары мамыр-маусым айларында республикалық жоспарлау комитетінде аяқталып, Мәскеу арқылы келісіліп қойылатын. Ал қыркүйек айында бұндай нысанды одақтық жоспарлау комиссиясы арқылы жоспарға енгізу өте қиын мәселе болатын. Дегенмен, сол кездегі облыс басшысы С.Шаухаманов Аралдың апат аймағы болып жариялануына байланысты одақтық қаулыға сүйене отырып, диагностикалық орталықты жаңа жерден салу жайлы шешім қабылдайды.
– Мен осы жайлы республиканың жоспарлау комитетіне жазылған хатты алып, тәуекел етіп, Мәскеуге жүріп кеттім. Бұндай үлкен әрі қымбат нысанды қыркүйек айында жоспарға енгізу қиынның қиыны болатын. Мерзімі кешіктірілген мәселемен менің деңгейімдегі қызметкердің Одақтық жоспарлау комиссиясына барып, жоспарға енгізу былай тұрсын, ол мекеменің ғимаратына кіріп-шығудың өзі азап еді. Алайда ондағылар да Аралдың апат аймағы болып жарияланғаны жайлы қаулыны ескергендіктен, менімен сөйлесуге мәжбүр болды. Аты дардай мекеменің сан бөлмелеріндегі біраз басшылардың алдынан өтіп, соңында ең беделді саналатын қорытындылау бөлімінің бастығы В.И.Волковтың алдына келдім. Ол менің Қызылордадан келгенімді естіп, «Виктор Морозовты танисың ба?» деп сұрағаны. Мен танығаны сол, осы ғимаратты салуға оның да қатысатынын айтып, «сізге сәлем айтып жатыр» деуіме тура келді. Осы әңгімеден соң менің мәселем өзінен өзі жылжып жүре берді,– деп сол бір тәуекелдің кемесіне мінген ең бір жауапты сәтті  Алмат Жаппасбаев еске алды.
Мәскеуден оң шешімін алған соң нысанның жоба-сметалық құжаттарын «Южгорсельпроект» институты дайындаған. Бұл нысан ол кезде облыстық аурухананың бас дәрігері Тұрғанбай Махановтың КСРО халық депутаттығына сайланар алдында сайлаушылар алдындағы аманаты да болған. Сондықтан осы ғимараттың салынып, ел игілігіне айналуында Тұрғанбай Махановтың өлшеусіз еңбек сіңіргенін айтпай кетуге болмайды.
Сонымен диагностикалық орталық 1990 жылдың жоспарына енгізіліп, оның құрылысына үш трест – «Қызылордастрой» – Е.Скатков, «Қызылордаводстрой» – В.Морозов және «Қызылордасельстрой» – А.Шәменов қатысты.
Төрт қабаттан тұратын еңселі әсем ғимараттың тұсауы 1992 жылдың 4 желтоқсанында кесіліп, ел игілігіне берілді. Айта кету керек, нысанның кіреберістегі сол жақ қабырғасына «Болашаққа аманат» деген жазу жазылып, оның қуысына сондай атпен қобдиша (капсула) салынды.
Қаламызға көрік беріп, оған қоса қызылордалықтар саулығын сақтауда айтарлықтай үлес қосып тұрғанына биыл ширек ғасыр толған облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығының тарихы, міне, осындай. Сыр өңірі халқының бағына салынған зәулім нысанның маңызы алдағы уақытта да артпаса, кемімек емес.

Айнұр БАТТАЛОВА.

http://syrboyi.kz/zedelnews/16278-shirekasyrly-tarihy-bar-ortaly.html

Просмотров: 575 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]