Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:32
ШИПАГЕР

Жүрек-қан тамыр аурулары әлемдегі өлім мен мүгедектікке апаратын бірінші дерт. Соңғы жылдары елімізде де инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, күйзеліске түсуі де көбеюде. Қызылорда өңіріэкологиялық аймақ. Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізінің, мұнай, уран өндірісінің де зардаптары жоғары. Бұл факторлардың салдарынан жүрегінде ақауы бар балалар дүниеге келуде. Сондықтан білікті кардиолог мамандар ауадай қажет.
Білімді де, білікті жас кадрлар қажет тұста аймағымызға еңбек етуге келген жастардың біріАйкүміс Маншарипова. Ол облыстық медицина орталығының кардиологиялық орталығында кардиореабилитация бөлімінде еңбек етеді. Ол Жалағаш ауданындағы №123 Т.Жүргенов атындағы мектептің түлегі. Айкүміс дәрігер боламын деген бала күнгі арманына қанат бітіріп, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «емдеу ісі» факультетінде білім алды. Терапия мамандығы бойынша интернатурадан, кардиология, оның ішінде балалар кардиологиясы бойынша резидентурадан өтіп, біліктілігін арттырды. Жалынды жас оқи жүріп Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медицина орталығында және Ақтөбе облыстық ауруханада кезекші терапевт болып еңбек етті. Науқастарға жедел қызмет көрсету үлкен тәжірибе алаңы болды дейді кейіпкеріміз. Резидентураны бітіріп, Қызылорда облыстық медициналық орталықта кардиолог болып қызметке орналасты. Ауруханаға жедел және жоспарлы түрде түскен науқастардың жүрек ауруларын заманауи әдіс-тәсілдермен емдеді.
Айкүміс үнемі ізденіс үстінде жүреді. Медицина жаңа технологиялармен даму үстінде. Білімін жетілдіруді мақсат еткен дәрігер «Болашақ» бағдарламасының степендианты атанып, Израилдің Холон қаласындағы Э. Вольфсон атындағы медицина орталығында тағлымнамадан өтті. Кардиологиядағы диагностика мен емдеудің инновациялық әдістері және кардиология мен аритмологиядағы фармакотрапияның заманауи шараларын меңгерді.
— Республикалық және облыстық кардиологиялық орталықтар оңтайлы дамып келе жатыр. Себебі жоғары деңгейде көмек көрсетуге қажетті жағдайлар жасалуда. Дәрігерлер үздіксіз жаңашыл әдістерді үйреніп, білімдерін жетілдіруде. Әрине әлі де перифериялық деңгейде қиындық туғызатын мәселелер бар, оның барлығы болашақта шешіледі деген үміттемін. Израил мемлекеті алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды қолданады. Ол жақтан үйренгендерімді, бар біліктілігім мен білімімді отандық кардиология қызметінің дамуына жұмсауға әзірмін. Менің алған білімім республикамызда медицинаның жоғары жетістікке жетуіне септігін тигізетініне сенімдімін, -дейді кейіпкеріміз.
Ең қауіптісі балалардағы туа бітті жүрек ақауын болдырмау үшін не істеу керек деп сұрақ қойдық. Оған да оңтайлы жауап берді.
— Біріншіден, ата-анасының денсаулығы әсер етуі мүмкін. Хромосомалық бұзылыстар, гендердің біреуінің мутациасы, сыртқы орта факторларының әсерлері, әке-шешесінің маскүнемдігі, қызамық вирусы, дәрі-дәрмектер, радиация т.б. Жүкті әйелдің бастапқы айларында жиі вирустық аурулармен ауыруы немесе тератогенді дәрі-дәрмек қабылдауы әсер етуі мүмкін. Алдын алу үшін балалы болуды жоспарлау керек. Әр адам өз денсаулығын күту, профилактикалық шаралар жасау, иммунитетін жақсарту, дұрыс тамақтану қажет. Жүктілік кезінде сақтану шараларын мұқият орындағаны жөн, — дейді жас дәрігер.
Денсаулық – басты байлық. Дәрігердің кеңесіне құлақ түріп, ұлпақ саулығын ойлаған абзал. Жалын жүректі, өршіл намысты жаңашыл жас маманға біз тек сәттілік тілейміз!
Гүлбану МАҚАЖАН

http://aqmeshit-zhastary.kz/daua/a-halatty-ajk-mis/

Просмотров: 1737 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]