Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:03
Шілде айынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істеуге кіріседі

 Шілде айынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істеуге кіріседі. Оған мемлекеттен, тұрғындарымыз бен жұмыс берушілерден ай сайын ақша аударылып отырмақ. Бұл қаражат сақтандыру жүйесіне қатысатын халықтың барлығын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отыруға кепіл болады. Яғни жедел жәрдем шақыру мен алғашқы медициналық көмек жалпы тұрғындар үшін тегін болғанымен, стационарлы, амбулаториялық көмек бұдан былай сақтандырылмаған азаматтар үшін ақылы болып өзгереді.

 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын қаражат тарифтері өзгергендігін хабарлады. Жұмыс берушілер үшін сақтандыру жарнасы ең төменгі жалақы мөлшерінің 2-5 пайызға дейінгі мөлшері деп белгіленсе, енді ол 3 пайыздан аспайтын болады. Белсенді емес топтар үшін мемлекет бөлетін қаражат 7 пайыздан 5 пайызға дейін қысқарса, қызметкерлер 2019 жылдан бастап 1 пайыз, 2020 жылдан кейін 2 пайыз жарна төлеуге міндеттелмек. Ал жеке кәсіпкерлер осы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінен 5 пайыз көлемінде жарна аударады.

 

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

  • Электрокордиограмма немесе сіз айтқандай рентген немесе басқа маманның кеңес беруі қажет болса, жолдау алып, барып тегін алуға мүмкіндік болады.

 

Ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын ведомство басшылығы жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген азаматтарды да өз еріктерімен екінші деңгейлі банктер арқылы аударып отыруға шақыруда. Бүгінгі күні еліміздегі ресми кірісі жоқ мұндай адамдардың саны 2,5 миллионнан асады екен. Егер олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын болса, сақтандыру пакетіне кіретін ем-домның барлығы оларға да қол жетімді болады -дейді министрліктегілер.

 

ЕЛЕНА БАХМУТОВА, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ төрайымы:

  • Қор ешқандай кәсіпкерлік, инвестициялық жұмыстармен айналыспайтын болады. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін белгілі бір қор жиналады, оны Ұлттық банк басқарады. Қор активтері тек медициналық қызметтерді төлеуге ғана жұмсалып отырмақ.

 

Біртанов міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылатын азаматтардың 15 санаты белгіленгенін де айтты. Олардың арасында балалар, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, мүгедектер, тәлімгерлер мен зейнеткерлер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, интернатта тұрып оқитындар және жұмыссыз оралмандар бар.

 

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

  • Қазіргі күнде амбулаториялық алғашқы медициналық көмекті 2020 жылға дейін барлық азаматтар алады. Бірақ жоспарланған стационарлы ем алу үшін барып төлеу керек. Емханаға түсіп, емделіп шыққаннан кейін өзі төлемейді, ол емхана өзі контракт бойынша қорға шот жіберіп, қор тікелей сол ауруханаға төлейді.

 

Қазіргі кезде денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалып отырған қаражаттың 35 пайызы азаматтарымыздың қалтасынан төленіп отыр -дейді министр. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауынша бұл көрсеткіш 20 пайыздан аспауы тиіс екен. Егер сақтандыру жүйесі қалыпты жұмыс істесе, бұл көрсеткішті 2020 жылға дейін күрт азайтуға қол жеткіземіз, - дейді ол.

 

Жанар Жолтаева, Данияр Жүсіпов

 http://www.31.kz/video/show/id/16960/show/ib

 

Просмотров: 948 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]