Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:34
ШӨП ҚАДІРІН БІЛДІК ПЕ, ҚАСИЕТІН САРАЛАП…

Дана халқымыз өсімдік шипалық қасиетіне де көп көңіл бөлген. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы әр өсімдіктің пайдасы мен зияны туралы тамаша білген. Бала кезімізде сыздауық көп шықса алоэ гүлін таңып қоятын. Емдік қасиеті бар өсімдік іріңді сіңіріп алып қана қоймай, жараның орны жазылуына да әсер ететін. Тұмау тиіп ауырғанда, адыраспанға тұз қосып үйдің ішін, отбасы мүшелерінің бәрін аластап шығатын. Жел-сыздан қозған буын ауруын емдеу үшін адыраспанның жас сабағын қиып алып, жаншып буынға тартып жүретін әжелеріміз. Адыраспанның сабағы мен жапырағын бірге қайнатып ішкізетін. «Есте сақтау қабілеттерің жақсы болады» деп отыратын көнекөз аналар. Жаздың күні іш ауруларына жидені қайнатып шайын беретін. Жиденің емдік қасиеті сол еш дәрісіз-ақ іштің өтуін сап тиятын. Ал тыныс алу нашарлап, тамақ ауырғанда (бронхо) жантақты қайнатып суын ішкізетін.
Дархан даламызда жайыла өсетін қарапайым жусанды алайық. Бұл өсімдіктің дермене атты түрін қазақтың халық емшілері ішек құрты ауруын емдеуге қолданған. Ал қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт ауруына пайдаланған.
Кез келген бау-бақшада өсе беретін түймедақ гүлдері тыныс жолының ауруларына бірден-бір дауа. Сондай-ақ, оны асқазан, ішек ауруларына қарсы қолданады. Ал күйзеліс кезінде жалбыз жапырақтарын пайдалансаңыз, сабаңызға түсеріңіз анық. Арамшөп ретінде өсетін бақ-бақ тамырынан жасалған тұнба адамның тәбетін ашады. Итмұрын жемісінің құрамындағы емдік заттардың да адам ағзасы үшін пайдасы зор.
Ежелгі грек дәрігері Гиппократ өсімдіктің қай бөлігі болса да пайдалы, оларды ауруды емдеуде кеңінен қолдануға болады десе, Рим дәрігері Гален тұңғыш рет науқастарды өсімдіктің қайнатпасымен, шырынымен, тұнбасымен, ұнтағымен және одан жасалған дәрімен емдеді. www.inform.kz ақпараттық агенттігінің мәліметінше, ежелгі мысырлытар алоэ, қараған, анис, зығыр, көкнәр, жалбыз, тал, арша тәрізді өсімдіктердің шипалық қасиетін біліп, пайдаланған. 4 мың жыл бұрын үнділер 760 дәрілік өсімдікті халық емінде қолданған. Қытайдың тау-тасты кезіп, дімкәс жанға шипа болар дәрілік шөп іздеуден жалықпаған адал дәрігер туралы «Тәуіп Хо Жун» атты сериалын бәріміз көрдік. Аспан асты елі дәрілік өсімдіктер жөніндегі алғашқы кітап 5 мың жыл бұрын жазылыпты.
Бүгінде дәріханаларға кірсеңіз тұмауға, тыныс аурулары мен өт жолдарына тағы басқа көптеген ауруларға арнайы дайындалған дәрілер бар. Шипалы шөптерден жасалған шырындарға сұраныс көп екен. «Қазір өз елімізде өсетін шипалы өсімдіктерден жасалған дәрілер көп. Әрі шипалы әрі бағасы да арзан. Мұндай емдік шөптерден жасалған дәрілерді көбіне зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар сұрап келеді. Жастар жағы олардың қасиеті мен қолданылуы жағынан бейхабар болуы мүмкін. Себебі олар бағасының қымбаттығына қарамай шет елдік дәрілерді алғанды жөн санайды», — дейді фармацевт Гүлбаршын Туленбекова.
Шетелдік қымбат дәрінің ауруыңды әп сәтте басқанымен зақымданбаған мүшемізге зияны тиюі мүмкін.
Соңғы жылдары елімізде емдік шөптерді жинап, дәрілік өнім ретінде ұсынатын серіктестіктер көбейген. Қуанарлық жайт. Себебі бұл халық денсаулығы үшін аса тиімді. Әрі шетелден әкелінетін осы тектес өнімдерді сөреден ығыстырады, ел экономикасын дамытуға үлес қосады деген сөз. Дәрілік-өсімдік шикізатын өңдейтін үлкен өндіріс орны қажет. Сонда ғана шипалы шөптердің емдік қасиеті мен пайдалану әдістері туралы ақпараттар артып, сұраныс молаяр еді. Тіпті тек қазақ жерінде ғана өсетін дәрілік өсімдіктерді бірегей өнім ретінде экспортқа шығарсақта болады. Ғалымдардың айтуынша, елімізде 6000-нан астам өсімдік түрі бар. Олардың 760-ы басқа ешбір жерде өспейті дәлелденген екен.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді. Емдік шөпті заңсыз шетел асырып жатқандар да жетерлік. Мәселен Сыр елінде қызыл мия тамыры Қытайға тонналап жөнелтіліп, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна мия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетілген. Соның нәтижесінде мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде. Мияны тасып біткендер енді сасық керуекті де тауыспақ. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік сасық керуектің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Елімізде сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы Қызыл кітапқа енген. Мәселеге алаңдаушылық білдіріп жатқан халық қалаулылары да бар. Депутат Мұрат Бақтиярұлы емдік шөптердің заңсыз сатылымын тоқтату мәселесін бірнеше рет мінберден көтеріп, айтып та, жазып та жүр. Алайда әлі нәтиже жоқ.
Біз қадірін білмек түгіл, атын да естімеген өсімдікті өзгелер өз еліне тасып кетуі мүмкін. Сондықтан шипалы шөптерді көбірек пайдаланып, оларды қорғап, өз жерімізде, өз өлкемізде дәрілік өсімдіктер өрісін кеңейтуге көңіл бөлуіміз қажет.
Гүлбану МАҚАЖАН
http://aqmeshit-zhastary.kz/kamshy/sh-p-adirin-bildik-pe-asietin-saralap/

Просмотров: 997 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]