Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:18
СЕНІМ МЕН ЖЫЛЫ СӨЗ ДЕРТКЕ ШИПА


Біздің анықтама 
Элвира Рамазанова Ақылбайқызы – 1992 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. 2008 жылы «Жалпы тәжірибелі мейірбике» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде №3 Қалалық емханада мейірбике болып жұмыс істейді. Нәтижелі еңбегінің арқасында 2015 жылы ІІ санатты мейірбике біліктілігін алған. Ал, 2017 жылы №3 Жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймаққа аға мейірбике болып тағайындалған. Тәжірибе жинақтау барысында №3 Қалалық емхананың жолдауымен көптеген біліктілік арттыру курстарына, семинар тренингтерге қатысып біліктілігін шыңдауда. 
Элвира Ақылбайқызы, №3 Қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігерлік бөлімінің аға мейірбикесі:
– Бүгінгі қоғамдағы медицина қызметкерінің орны. Мейірбикелерге үкімет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Медицина қызметкерінің еңбегі мен жұмсаған күш-жігерінің бағасын халық береді. Дәрігерлер де медицинада атқарылатын жұмыстың 70 пайызын медбикелер істейді деп бізді бағалап жатады. Біз өте қуаныштымыз. Еңбегіңнің елеңгеніне не жетсін? Медицина саласында мейірбикенің алатын өз орны бар. Мейірбике мамандығы біздің кәсіби біліктілігіміз бен мәртебесін көтеріп қана қоймай, қоғамнан ойып тұрып орнымызды белгілеп берді. Бүгінде емханада жас мамандар қатары жыл санап артып келетіні көңіл қуантады. Жаңа күш жігері мен дауылпаз дара мақсаттарымен алға талпынған жастарды үкімет «Дипломмен ауылға-2020» бағдарламасы аясында баспанамен, жеңілдіктермен қамтамасыз етіп отыр. Мұның барлығы медицина саласына білікті маман шақыруға үлесін қосып келеді.
– Мейірбикелер санатын көтеру үшін шетелге немесе Алматы, Астана қалаларында біліктілікті арттыру мақсатында тәжірибе алмасасыздар ма?
– Уақыт өтеді, заман өзгереді, бірақ білікті, білімді маман қажеттілігін жоймайды. Медицинада да сол сияқты тәжірибелі маманның алар орны бір бөлек. Ем өздігінен берілмейді, «дәрі» де өзінен салынбайды. Бүгінгі жаңа технологиялар, компьютерлер қаншалықты дамыған заман болса да, адамның жұмысын компьютер жасап бермейді. Білімді әрі білікті дәрігерлер және мейірбикелер әрдайым қажет. Сондықтан бүгін де, ертең де медицинаны мейірбикелерсіз елестету мүмкін емес. Жалпы өз тарапымнан біліктілік санатын арттыруға шетелдерге барған жоқпын. Дегенмен, Елбасы Денсаулық сақтау саласына көңіл бөліп, медицина саласын жаңғырту мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерін біліктілік арттыру курстарына, тәжірибе алмасуға басқа қалаларға, шетелге жіберіп жатыр. Емханамызда да дәрігерлердің, орта буын қызметкерлерінің білімін жетілдіру мақсатында ауқымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, өзге қалаларға баруға мүмкіндік алуда. Уақыты келсе біз де тәжірибе жинақтауға жолдама алармыз. Бәрі де уақыт еншісінде.
– Сіз аға мейірбике болғандықтан денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға, өзгерістерге жақынсыз. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына енген өзгерістерге қандай баға бересіз?
– Қазіргі таңда қай саланы алсақ та бір орында тұрмайды. Күнделікті жаңа технологиялар мен бағдарламалар еңгізілуде. Әрине мұның барлығы еліміздің алға басып, дамуы үшін дер едім. Ал медицинадағы болып жатқан өзгерістер тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін, ана мен бала өлімін болдырмау, қарт кісілердің өмір жасын ұзарту, онкологиялық аурулардың алдын алумен қатар болдырмау мақсатында жасалып жатыр. Бүгінде Қызылорда облысында 60 мыңға жуық халық бар. Олар www.egov.kz, dmed.kz веб порталдары арқылы үйде немесе жұмыста отырып-ақ электронды қызметке тіркеле алады. Сондай-ақ шілде айынан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» енгізеледі. Мұның барлығы халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған шаралар.
– Атап өткендей, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» несімен ерекше? Халыққа тигізер пайдасы қаншалықты?
– Бұл жүйе дамыған мемлекетте қолданыс аясы кең. Атап айтар болсақ, Европаның 16 елінде, соның ішінде Түркияда 1945 жылдан, Жапонияда 1961 жылдан бастап қолданады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл елдерде медицина жоғары деңгейде дамыған. Сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 80-85 жас аралығында. Яғни біздің елде де бұл жүйе қолданысқа еніп, халыққа мұнан да жоғары қызмет көрсетіледі деп ойлаймын. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырған жаңа электронды желісінде әр тұрғынның жеке кабинеті болады. Жеке кабинеттің ішінде қаралған емханасы, тапсырған талдаулары, олардың қорытындылары, дәрігердің тағайындаулары мен ұсыныстары туралы толық ақпарат тұрады. Емханада тіркелген әр тұрғын нақты диагностика, жақсы ем, заманауи реабилитация, тәжірибелі медбике күтімі, мемлекет бекіткен ауру түріне байланысты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың ерекшелігі мен пайдасы жасына, жынысына, әлеуметтік дәрежесіне, тұрған орнына, табысына қарамастан барлық азаматтарға бірдей қолжетімді медициналық көмек беруге кепілдік береді.
– Бірақ науқастың күтімінде негізгі еңбек мейірбикелерде, бірақ көбіне еңбектеріңіз тасада қалып жатады. Осындай сәтте неге дәрігер болмадым деп ойлаған кездеріңіз болды ма?
– Көпшілік «мейірбикелердің еңбегі еленбейді» деп жатады. Бұл пікірмен келіспеймін. Әр маманның науқасты емдеуде өз міндеті бар. Дәрігерлерде жанын салып емдеп жатады. Күніне бірнеше науқастың жағдайын тексереді. Керекті ем-домын жасайды. Біз олардың қасында жүріп қолғабыс етеміз. Мейірбикенің басты міндеті де сол. Сондықтан әр маманның алар орны бар деп есептеймін. Ауыр хәлде жатқан науқастарды көп көреміз. Жұмысымыздың ауыртпашылығы да бар бірақ ешқашан мен неге дәрігер болмадым деген ой келген емес. Мүмкін осы атқарып жатқан жұмысымды жақсы көргендіктен болар.
– «Дәрігерде сұңқардың көзі, қыздың қолы, жыланның даналығы және арыстанның жүрегі» болуы тиіс деп жатады. Сіздің де қызметтік жолыңызда осы күштердің көмегіне жүгінер сындарлы сәттеріңіз болды ма?
– Медицина қызметкерлері өте қырағы болуы шарт. Бізде де маман етіп даярлайтын кезде осындай талап үдесінен шыға білетіндей етіп тәрбиеледі. Жұмысқа орналасқаннан сәтімнен бастап бар білмегенімді үйрете білген бөлім меңгерушілері Венера Сансызбайқызы, Олжас Ермекұлына, аға мейірбике Айбарша Көпешқызына алғысымды білдіремін. Осы кісілердің арқасында медициналық көмек көрсетуде аса қиындықтар болмады. Дегенмен жоғарыда айтылған қасиеттердің барлығын бойға дарытуға тырысудамын.
– «Дәрігердің жұмысына барлық сеніммен тырыса көмектесіп, маған деген сенім білдірген пациенттердің күтіміне толық өзімді арнаймын» дейді тарихтағы ең алғашқы мейірбике Ф.Найтингейл өзінің естелігінде. Сіздің де өзіңізге қойған осындай талаптарыңыз бар ма?
– Әрине. Жұмысқа келгенде шаршап не болмаса көңіл-күйім болмай тұрса да, көңілді жүруге тырысамын. Өйткені ауырып ем іздеп, бар үмітін бізге арнап келген науқасқа қатулы жүзбен қызмет көрсету мейірбике атына кір жағумен бірдей. Сонымен қатар қашанда науқасқа «сіз жазыласыз, сеніміңізді жоғалтпаңыз» деп алға ұмтылдырып отырамын. Себебі «сенім – жарты ем». Осы қағиданы берік ұстап қызметімде қателіктерге бой алдырмауға барымды саламын
– Жас әріптестеріңізге қызмет қиындығымен күресуге қандай кеңес бересіз?
– Жалпы, мейірбике қызметі – өте күрделі, жауапкершілігі мол. Сондықтан, бұл қызметте рухы жоғары, шыдамды, қайырымды, кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын жандар ғана жұмыс істей алады. Медицина қызметкерінің әр әрекеті мен ісіне мұқият болуы керек. Ауруға психологиялық әсер ету – медицина қызметкерінің беделін көрсететін ұлы қасиеттердің бірі. Тәжірибелі мейірбикеге ең бірінші – ауру адамды дұрыс және тез түсіне білуі керек. Осылайша ол науқастың тез және толық сауығуына лайықты жол таба алады. Мейірбикенің шынайылығын, мейірімділігін, табиғи сыпайылығын, бар адамгершілік көрінісін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын, келіп тұрған науқасқа сапалы медициналық көмек көрсете алатынын айқындайтын белгілер.
– Атақты ғалым Ибн Сина «Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деген. Сіз осы үшеуінің қайсына көп жүгінесіз?
– Тәжірибемде әдетте сөзге көп мән беремін. Өйткені «Жақсы сөз –жарым ырыс» деп жатады дана халқымыз. Біз науқасқа жылы сөйлеп, күлімдеп қарап оның ауруынан айығатынына сендіреміз. Сендіре отырып ем жүргіземіз. Сонда ғана науқас көңілденіп, ауруымен күреседі. «Сөз – адам жанының емшісі» деген осы шығар сірә.
– «Алдын ала емделгеннің есесі кетпес» дейді дана халық. Бүгінде ауырмай денсаулығын күтетіндер саны артты ма? Әлде жұртшылықты тексеруден өтіңіздер деп наихаттап жүрсіздер ме?
– Үгіт-насихаттық жұмыстарымыздың арқасында бүгінде ауырмай ем іздейтіндердің саны артты. Олардың басым көпшілігі орта жастағы азаматтар. Уақытылы келіп тексеріледі. Нәтижесінде науқастың өмір сүру ұзықтығы артады. Адам – өз өмірінің қожасы, сондықтан денсаулығына да жауапты. Дей тұрғанмен біздің жұмысымыздың да бір бөлшегі – тұрғындарды тексерістен өтуге насихаттау. Бұл жұмыс мейірбике мамандығымен бірге жасайды. Өйткені халықты тексеруден өту керекгін еске салып тұру қажет.
– Емделіп, өз аяғына тұрып кетіп, сіздерге рахмет айтатындар бар. Ал сонымен қатар сіздерге шағымданатын кездер жиі орын алады ма?
– Әрбір жұмыстың өзіндік қиындығы болады. Кейде адамдар аурудың бастапқы кезеңінде оған мән бермей, уақытылы дәрігер көмегіне жүгінбей, асқынғанша жүре береді. Сөйтіп, науқас адам өзін де, бізді де әбігерге салады. Кез келген ауруды оның бастапқы мезгілінде түбегейлі емдеп жазуға болады. Бұған біздің дәрігерлеріміздің қарым-қабілеті де, ауруханадағы материалдық мүмкіндіктер де жетеді. Зыр жүгіріп, күн демей, түн демей науқастарға дәрі егіп, жарақаттарын таңып көмек көрсетіп жатамыз. Бірақ «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» дегендей кейде науқастардың мінез көрсетіп жататындары да кездеседі. Науқас адамдармен ең көп қарым-қатынаста болғандықтан кейде жағымсыз пікірлер естіген сәтіміз болады. Дегенмен осындай ауыр да, аса жауапты салада еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын.
– Мерекеде әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңіз?
– Халықаралық мейірбикелер күнінде нәтижелі еңбек пен ғұмырын өзге адамдардың денсаулығы мен өміріне арнаған жандардың еңбегі еленетін күн. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген әріптестеріме тек сәттілік тілеймін.
– Сұқбатыңызға рақмет! Еңбектеріңіз еселене берсін!

Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
http://aqmeshit-zhastary.kz/tugyr/senim-men-zhyly-s-z-dertke-shipa/

Просмотров: 1648 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]