Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:41
Салауатты өмір сүру - өз қолыңда

17-18 қараша күндері Алматы қаласында «Денсаулық-баршаға» атты ІІІ  халықаралық конгрес шеңберінде ұйымдастырылған «теңдік, ынтымақтастық, әлеуметтік әділеттік - БМСК (бастапқы медициналық – санитарлық көмек) қызметіне қойылатын заманауи талаптар атты І Республикалық  БМСК дәрігерлерінің құрылтайы өтті. Съезд жұмысына аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Кәрібаев, теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетов және  «Өркендеу» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Темірбай  Әбубәкір қатысқан болатын.
Біз аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қуантайұлынан құрылтай жұмысы және одан алған әсері туралы ой бөлісуді сұраған едік. Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.                                                                                                 
                                                                                      

   РЕДАКЦИЯДАН

- Құрылтай жұмысына кімдер қатысты?

- Құрылтай жұмысына Қазақстан мен шетелдерден 800-ден астам делегат келді. Соның бірі біз. Делегаттардың құрамында ғылыми зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың жетекшілері, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, жоғары білім беру университеттерінің, денсаулық сақтау басқармасының, жеке медициналық орталықтардың өкілдері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы офисінің өлкелік және ЮНИСЕФ штаб-пәтерінің өкілдері, сондай-ақ, Ұлыбританиядан, Италиядан, Америкадан, Швеция мен Ресейден халықаралық сарапшылар қатысты.

- Құрылтайдың негізгі мақсаты туралы айтсаңыз.....

- 1978 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының конференциясынан кейін бірінші рет өткізіліп отырған басқосудың басты мақсаты – отандық және шетелдік мамандардың бастапқы медициналық –санитарлық  көмек саласындағы алдыңғы қатарлы тың идеяларымен, жаңа технологиялармен, озық тәжірибелерімен алмасу. Жеткен жетістіктер мен проблемаларды талқылау.

- Осы тұрғыда белгілі мамандардан кімдер ойларын ортаға салды?

- Интерактивті сессия барысында «БМСК - өткеннен болшаққа» атты тақырыпта академик Төрегелді Шарманов, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова, Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, профессор Айқан Ақанов, жанұялық медицина оқу-тәжірибелік орталығының директоры Р.Абзалова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің  (ВШОЗ) директоры Жанна Қалматаева шығып сөйледі. Бірнеше сессия ұйымдастырылып, әр секция бойынша лекциялар оқылды, білікті мамандар денсаулық сақтауды барынша жақсартуға байланысты өз ойларын ортаға салды.

- Құрылтайдан қандай әсермен қайттыңыз?

- Құрылтайда бастапқы медициналық-санитарлық көмек және аурудың алдын алу жайы көп айтылды. Осыған сәйкес «Скрининг бағдарламаларын табысты жүзеге асыру мәселесі – азаматтардың өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілігін белгілейтін көрсеткіш ретінде» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Осы бағдарламаның табысты жүргізілуіне әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың қатысуы орынды болды. Себебі, бүгінгі таңда біздің елімізде, жалпы әлемде қан қысымы, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, су қараңғылық (глаукома), қатерлі ісік аурулары, туберкулез және ана мен баланы қорғау медицинаның бірінші кезектегі міндетіне айналып отыр. Демек, 1-17 жас аралығындағы балаларды және жас ерекшелігіне қарай бүкіл халықты скринингтік тексеруден өткізу өте маңызды. Бұл мәселеде әрбір адам өз денсаулығын тексертуге бірінші кезекте ұқыптылық танытуға тиісті және жұмыс берушілерде (әкімшілік) ынталы болуы керек. Мекеме-кәсіпорын басшылары мамандарды жұмысқа қабылдағанда олардың денсаулығына айрықша мән бергені абзал. Өкінішке орай, бұл ретте кей жағдайда немқұрайлылық танытатынымыз шындық.
Тегін тексерілуге қырын қарамаған дұрыс және бұл текке айтылып жатқан жоқ. Қандай бір ауру болмасын барынша ерте анықтау сауығып кетудің, сырқаттан айығудың ең тиімді жолы. Бір ғана мысал, Оңтүстік Кореяда онкологиялық ауруларды 1-2 сатысында анықтау 52 пайыз екен. Ал, бұл көрсеткіш Қазақстанда 10-12 пайыз ғана.
Сондықтан, ауырмаудың, салауатты, ұзақ өмір сүрудің кепілі - зиянды әдеттерден аулақ болу, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану, әркім өз денсаулығына барынша жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өту. Скринингтік тексеруден бас тартпаған жөн. Бұл сіздің денсаулығыңыздың деңгейін анықтауға және аурудың алдын алуға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Құрылтайдың да негізгі түйіні осыған келіп тірелді.

Сұхбаттасхан
Ж.Мәкеналы.
Суретте: Құрылтайға қатысушылар  

"Қазалы" газеті
      

 

Просмотров: 1124 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]