Біздің өңірде жиі кездесетін зиянкестердің бірі – кене. Кенелер наурыз, сәуір, мамыр айларында адамдарға жабысып, денеге жетісімен шат, қолтық, іш, құлақ жарғағы сияқты жайғасуға қолайлы, терісі жұқа жерлерді іздеп табады, содан кейін ауыртпай сора бастайды. Кене энцефалиті – табиғи ошақтық, вирустық жұқпалы ауру. Кене энцефалитiнiң вирусы адамның орталық жүйке жүйесiн, миы мен жұлынын зақымдайтын сал, яғни параличке шалдықтыратын қауiптi ауру. Бұл ауруды кенелер таратады, олар көбінесе орманды жерлерде кездеседі. Осы орайда кене шағу дерегі аймағымызда тіркеліп үлгерді. Қолда бар мәліметке сүйенсек, өңірімізде кене шағу фактісімен 1201 адам медициналық тексеруден өтіпті. Оның ішінде 22 азамат қырым безгегін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Толық тексерудің нәтижесінде 2 науқаста аталған дерт анықталды.
Өкінішке орай, аймақта кене энцефалитінен бір адам қайтыс болды. Жыл өткен сайын кенелердің таралу аймағы да ұлғаюда. Биыл конго-қырым геморрагиялық қызбасының қолайсыз елді мекен қатары өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 117-ге жеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева мәлімдеді.
— Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруына көктем-жаз маусымында тарайды, сол себепті аурудың эпиидемиологиялық маусымы жалғасуда. Демек, кенелердің де белсенділігі артуда. Жыл басында иксод кенелерінің сандық көрсеткіші және олардың белсенділігі артуы мүмкін деп жасалған энтомологиялық болжам нақтыланғанды. Өйткені қоралар мен мал басының кенелеуіне тұрғындардан түскен арыз-шағым көбеюде. Табиғи ошақты зерттеу мақсатында үстіміздегі жылы зертханалық тескеруге 37509 кене жиналып, оның 1190-ы оң нәтижелі болды, — деді Ұ.Аханаева.
Кененің шаққаны сезілмейді. Кене көбіне қолтық асты, мойын, құлақтың артқы терісі одан да басқа кез келген жерлерде кездесуі мүмкін. Шаққан жерде мең тәрізді қара нүкте немесе қызыл күлдіреуік пайда болады. Алғашқы көмек көрсеткенде кененің денесіне кез келген өсімдік майын тамызу керек, сосын оны мәрлі оралған пинцетпен немесе саусақпен ақырын айналдыра қозғап шығарады. Егер де пинцет болмаса, кәдімгі жіпті қолдануға болады, оны адам терісі мен кененің негізгі бас арасына орап байлайды. Жіптің ұштарынан ұстап, екі жаққа созып, оны денеден тартып алып шығады. Шаққан жерді йод тұнбасымен, зеленка немесе спиртпен сүртеді. Кене шаққан адамға ыстық ванна қабылдауға болмайды. Шұғыл жақын жердегі медициналық мекемеге бару керектігі баспасөз-конференциясында сөз болды. Бастысы жоғарыда көрсетілген алғашқы көмекті жасап, уақытында дәрігерге қаралу қажет!
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
http://aqmeshit-zhastary.kz/bez-rubriki/sa-ty-sharalary-pysy-taldy/ |