Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:44
МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ??

 

Мемлекет басшысы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы заң жобасына қол қойды. Бұл жүйе 2017 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енгізілмек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді? Осы орайда жаңа жүйе жайлы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеевке жолығып, сауал қойған едік.

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не және ол не үшін керек?
 

Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстанда биылдан бастап дәл осы салаға түбегейлі жаңа реформа жасалып, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры құрылады. Бұл қабылданған – Ұлт жоспарына да сай келеді. Заң бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтін, мемлекет белгілейтін нормалар мен қағидалардың жиынтығы болып табылады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек – тұтынушыларға немесе науқастарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен көрсетілетін болады деген сөз. Осыған сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі барлық медициналық мекемелер осы қордың есебінен қаржыландырылатын болады.
 

Биылғы жылдан бастап қазақстандықтарға көрсетілетін медициналық көмек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Ал, мұндай жаңа өзгеріс халыққа және еліміздің медицина саласында қаншалықты тиімді болмақ?
 

Жаңа өзгеріс халыққа ең алдымен өзіне ұнайтын емхананы таңдау мүмкіндігін береді. Тіркелер кезде жеке куәлігіңізді көрсетсеңіз болғаны, мекеме қызметкерлері жеке идентификациялық нөміріңізге қарап, сізде сақтандыру полисі бар болса емханаға тіркейді. Жоқ болса, сіз ақылы медициналық көмек алуға мәжбүр боласыз. Тіркелген азамат дәрігерге қаралып, емделгісі келсе емхана немесе аурухана жағдайында толықтай ем қабылдай алады. Оған шығынданудың қажеті жоқ. Есесіне сіз тіркелген емхана немесе сізді емдеген аурухана айдың соңында шығын сомасын кепілді түрде медициналық сақтандыру әлеуметтік қорынан алатын болады. Яғни, осы арқылы емдеу мекемелерінің науқасқа қызмет көрсетудің саны ғана емес, сапасының жоғары болуы маңызды болмақ. Өйткені, мекемеге қор арқылы қаражаттың түсуі – тіркеліп ем қабылдағандардың санына тікелей байланысты, тиісінше емдеуші дәрігерлердің айлық жалақысының мөлшері де осыған тәуелді болады. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті тудырып қызмет көрсету сапасының неғұрлым жоғары (халықтың өзі іздеп келетіндей) болуын ынталандырады. Заңда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстан Республикасының барлық сақтандырылған азаматтарының жасына, әлеуметтік дәрежесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділікке кепілдік береді» деп анық жазылған.
Бір сөзбен айтқанда, науқас болсаңыз кез келген мемлекеттік және мемлекеттік емес клиникаларда кепілді түрде медициналық көмек ала аласыз.

 

Ал, халықтың белгілі бір бөлігі түрлі себептермен, мәселен, жұмыссыздық салдарынан МӘДС-ке жарна аудара алмаса ше?
 

Бұл енді күрделі мәселе. Бірінші байлық – денсаулық. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін? Бұл ретте «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің» саушылықпен ұзақ та мағыналы өмір сүрудің алғышарты екенін ескере бермейтініміз де шындық. Дегенмен, медициналық қызмет көрсетудің жаңа жүйесін енгізуде бірқатар мәселелерді ескере отырып, теріс қоғамдық-саяси ахуалдың қалыптасуына жол бермеу қажет. Біріншіден, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кепілдендірілген медициналық қызметті ала алады. Алайда, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуде мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы аудармайтын болады. Себебі, өзін-өзі (нәтижелі және нәтижесіз) жұмыспен қамтыған азаматтар салық органдарына кәсіпкер ретінде тіркелуі керек немесе жеке тұлға ретінде екінші деңгейлі банктер арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасауы керек болады. Егер сіз жұмыскер болсаңыз, сіз үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушіңіз еңбекақыңыздың 2 пайызын аударады. Мысалы, сіздің еңбекақыңыз 50 000 теңгені құрайтын болса, онда жұмыс беруші 900 теңге аударады. Ал, сіз жұмыскер ретінде 2019 жылдан бастап айлық еңбекақыдан 1% төлей бастайсыз, ал, 2020 жылдан – 2%. Егер сіз маусымдық жұмыстарда немесе тұрақсыз сипаттағы жұмыстарда істейтін жұмыскер болсаңыз, медициналық сақтандыру қорына екінші деңгейдегі банктер арқылы ең төменгі жалақы төлемінің 2%-ы көлемінде жарналар төлей аласыз. Ағымдағы кезеңде бұл ай сайын 490 теңгені құрайды. (12 айға 5868 теңге). Егер сіз жұмыссыз немесе өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар санатында болсаңыз, 2020 жылға дейін жоспарлы емдеуге жатқызуды қоспағанда, қалған медициналық көмекті ала аласыз.
 

Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін қандай жағдайлар қарастырылып отыр?
 

Әлеуметтік әлсіз топқа жататындар: балалар, көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, зейнеткерлер мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер, айыбын өтеушілер үшін мемлекет орташа айлық, яғни 154 577 теңгенің 7 пайызын (10820 теңге) қорға аударып отырады. Сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері де әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылады. Олар да мемлекет есебінен тегін көмек алады. Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер, студенттер, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алушылар мен жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала тууға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар, зейнеткерлер, және т.б. азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне Шиелі ауданы бойынша тұрғындар тізімін қалыптастыру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Қазіргі таңда жұмысты жандандыру бағытында шаралар атқарылуда.
 

– Әңгімеңізге рақмет.
 

Сұқбаттасқан Қайрат ИСМАИЛ

http://osken-onir.kz/mindetti-leumettik-meditsinaly-sa-tandyru-bizge-ne-beredi/

Просмотров: 1964 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]