Қазақ «тілеп алған аурудың емі жоқ» дейді. Расында адамдар өзі «тілеп алған» нашақорлық қоғамды жайлаған дертке айналды. Бүгінде мұны қалыпты жағдай етіп қабылдайтын деңгейге жеткенбіз. Дәрігерлер асқынып, шегіне жеткен бұл ауру туралы қаншама шырылдап жатса да, ешкімнің, ең әуелі құрдымға кетіп бара жатқан сол науқастардың құлағына жетер емес. Нашақорлық жайы тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде өткір мәселеге айналғалы қашан. Оны толыққанды емдеудің шешімі әлі күнге табылмай, әлем елдерін алаңдатып отырғаны да рас. Осы ретте медицина мамандары халықтың назарын метадонға аудартқысы келеді. Сонымен, метадон дегеніміз не? Бұл таңсық дәрі – апиынды алмастыру мақсатында жасалған синтетикалық есірткі. Қоғамдық ұйымдар осы бір өнімді есірткі қолданушыларды емдеуге қолдануға үгіттеуден танбай келеді. Неліктен? Кейбір мамандар есірткі құмарларды метадон қолдану арқылы тәуелділіктен арылтып, өмірге қайта бейімдеуге болады десе, енді бірі онымен келіспейді. «Метадон – дәрі емес, есірткі. Егер біз метадонды қолдануға рұқсат берсек, онда есірткі пайдалануды заңдастырып, оған тәуелділердің санын одан әрі арттырып аламыз» дегенді алға тартады. Бірақ, бұл – біржақты көзқарас. Қазақстанда метадонды тәжірибе ретінде қолданудың пилоттық жобасы 2008 жылы басталған-ды. Павлодар мен Теміртау қалаларында есірткі тұтынушылар көп болғандықтан, алғашында метадон осы екі қаладағы орталыққа таратылған. 2009 жылы мұның бірінші сатысы нәтижелі аяқталып, министрлік тарапынан аталмыш дәріні кең түрде қолдануға бұйрық шығарылған. Дәрі есірткіге тәуелді науқастарға өте қолайлы. Себебі бізде героинді ине арқылы қабылдайтын науқастар наркологиялық мекемелерге барып, ешқашан емделмейді. Оларды күшпен де, жылы сөзбен де алып бара алмайсыз. Сондықтан өздігінен айығып кете алмайтын, бірақ қоғамға, жалпы адамзатқа зиянды әсерінен құтылғысы келетін науқастарға метадон өте тиімді. Әрине, метадон тәуелділікті емдей алмайды, бірақ қоғамдық қауіпті мейлінше сейілтеді. Сонымен, Қазақстанда оны қолдану керек пе? Жалпы, метадон біздің қоғамға зиянды ма, әлде тиімді ме?
Өткен аптада медициналық колледждің бас оқу ғимаратында «Қазақстанда АИТВ індетінің алдын алу және есірткіге тәуелділікті емдеу мақсатында қолдайтын алмастырушы терапияның ауқымын кеңейту» жобасы аясында қоғамдық тыңдау өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Б.Түменова және бірқатар медицина өкілдері қатысып, баяндама оқыды.
Медициналық сауаты жоқ халық «екеуі де есірткі болса, оны пайдаланғаннан не ұтамыз?» деп ойлауы заңдылық. Осы тұрғыда «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бахыт Түменова бұлардың алшақтығының бар екендігін алға тартты.
– Ағымдағы жылдың басында Қазақстанда АИТВ жұқпасының 28 840 жағдайы тіркелді. Оның 50%-ы – ИЕҚТ, 20%-ы – жыныстық қатынаспен жұқтырғандар, 20%-ы – гомосексуалистер, 5 %-ы – жезөкшелер. Мына статистикадан қауіптің қаншалықты төніп тұрғанын байқауға болады. Бізге Ауғанстан, Тәжікстан елдерінен тасымалданатын есірткі заттары Қазақстан арқылы Ресейге өтеді. Ресеймен қойын-қолтық араласып жатқан елміз. Осының барлығы біздің жастарымызға әсер етпей қоймайды. 2008 жылдан бері героиннің орнына метадон қолдану әдісі енгізілді. Героинге қарағанда метадон адамды есінен адастырмайды. Мәселен, азамат таңертең келіп наркологиялық диспансерден белгіленген мөлшердегі метадонды ішіп алып жұмысына бара береді. Бұдан кейін есірткі іздеп әуреге түспейді. Қазір көпшілік бұл жобаны түсінбегендіктен, қарсы пікір тудырып жатыр. Метадон қабылдаған азамат біртіндеп, есірткіге деген тәуелділіктен арылады. Егер азамат тәуелділіктен арыла алмаса, соңы үлкен проблемаға айналатынын бәріміз жақсы білеміз. Мәселен, орта есеппен айына есірткі қабылдау үшін 120-180 мың теңге қажет. Олар осы ақшаны табу үшін қылмысқа барады. Ал бір күндік қабылданатын метадонның бағасы – 180 теңге. Есірткіге тәуелді болған адамды емдеу өте қиын. Сондықтан мәселені осылай біртіндеп шешкен жөн, – дейді ол.
Әлемде 14,9 млн инъекциялық есірткі тұтынушы өмір сүреді. Аз цифр емес. Олардың жылына есірткі бизнесіне әкелетін табысын айтуға ауыз жаңылады. Мәселен, біздің елде мың нашақор жылына қылмыс әлеміне 8 млн доллар АҚШ доллары көлемінде табыс әкеледі. Хош. Қазіргі таңда метадон дамыған елдер, оның ішінде Араб мемлекеттерінде де қолданылады. Ресей мен Өзбекстаннан басқа бұрынғы Кеңес өкіметінің құрамындағы елдер де метадонмен емдеу әдісін жолға қойған. Жалпы, бұл әдісті әлемнің 71 мемлекеті қолданса, Еуроодақ елдерінде 600 мыңнан астам адам метадон қабылдайды. Ал инъекциялық есірткі тұтынатындардың ішінде біздің елімізде тіркелегені – 16 890 адам. Соңғы жылдары метадон қолдану нәтижелі болып, оны пайдаланатын 182 адам жұмысқа орналасты, 66 адам отбасын құрды, 3 отбасында дені сау бала туылды. Метадон қолданғандардың ішінде 96 пайыз адамдар өздерінің отбасылық жағдайының, денсаулығының жақсарып келе жатқанын алға тартады. Ем қабылдағандардың 14 пайызы есірткіден бас тарып, толыққанды жақсарған. Демек, сіз бен біз ойлаған таңсық дәрінің тек зиянын емес, пайдасын да ескерген жөн. Сондықтан уды у қайтаратынын жадымызда ұстайық.
Қ.ВЛАДИМИРҚЫЗЫ
Сурет Метадон сайтынан алынды.
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=7459:2017-05-25-04-30-34&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6 |