Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:35
МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ ЖАН

70 жастық мерейтой

 

 

Алдақияр Махамбетжанов 1948 жылы Арал ауданы, "Жаңақұрылыс” елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Махамбетжан Нұрпейісов «Приарал» совхозында малшы болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан, елге Жеңіс әкелген жауынгерлердің бірі болатын. Тура кісі еді. Анасы Рахима да отбасында балаларының тәрбиесімен айналысып, шаңырақ жылуын сақтады. Әке мен шешеден ұлағатты тәрбие алған Алдақияр басқаның ала жібін аттамайтын, қолынан келсе, алудан гөрі беруге бейім жан болып өсті. Сол қасиетінен осы жасқа келгенше айныған жоқ. Осындай жүрек жылуы мол адамның қасиетті медицина саласын таңдауы, дәрігер мамандығына адалдығы ел ішінде ол жөнінде қаңқу сөздің шықпауына себеп болды десек, артық айтқандық емес. Балалық арманы – дәрігер болу еді. Ол да орындалды.  

1972 жылы Қырғызстан мемлекеттік медицина институтын "емдеу ісі” мамандығы бойынша бітіріп, 1972-1973 жылдары Бішкек қаласының №2 қалалық ауруханасында "хирургия” саласы бойынша интернатурадан өтті.

Бірге оқыған курстасы Набатхан Ташкановамен төртінші курста, яғни 1970 жылы бас қосты. 1972 – 1973 жылдары Нарын облыстық ауруханасы, хирургиялық бөлімше дәрігері, 1973-1975 жылдары №2058 әскери бөлімнің медициналық көмек бекетінің дәрігері, 1975-2000 жылдары Арал аудандық ауруханасының перзентхана акушер-гинекологы, 2000 жылы Арал аудандық перзентхана бас дәрігері қызметтерін атқарды.

1975 жылы өзінің туған жері Аралға жұбайы Набатханмен бірге оралды. Арал аудандық ауруханада акушер-гинеколог болып жұмыс істеді, көптеген күрделі акушерлік-гинекологиялық операцияларды жұбайы Н.Ташканова және т.б. әріптестерімен бірлесіп жасап, сырқат әйелдердің және олардың туыстарының алғыстарына бөленді. Тіпті жаңа туған сәбилеріне Алдақиярдың есімін бергендер де болды.

Сондай-ақ оның домбырамен күй тартып, өлең айтатын өнері де бар болып шықты. 

1990 жылы Алдақияр өз мамандығын өзгертіп, аудан түгілі облысқа таныс емес ултрадыбыстық диагностика саласына ауысты. Кейін Алдакеңнің жолын қуып, шәкірттері Зәмзәгүл Бекарыстанова, Айнұр Сәдуақасова, Қуаныш Жанаевалар нағыз өз ісінің мамандары болып алды.

Ол УДЗ бойынша жоғары санаттағы дәрігер.

Ол жүкті әйелдер мен гинекологиялық науқастарға ультрадыбыстық зерттеу, яғни визуалды сәулелік диагностика жүргізеді. "Тошиба-350 А Коревизион” УД жабдығында жұмыс істейді.

Ультрадыбыстық диагностиканың көптеген тәсілдерін жетік меңгерген.

Кейін Алдекеңнің отбасымен жиі араласқан кезімде бір оқиғаның куәсі болдым. Алдекең УДЗ маманы бола тұра гинекологиялық операцияларды да жасай беретін. Жеңгеміз Набатхан онысын құптаған жоқ. Өйткені операция кезінде дәрігер ықтиярынан тыс төтенше жағдайлар кездеседі. Ал Алдекеңнің бұл сала бойынша сертификаты жоқ. Операция сәтті өтсе жақсы, асқыну болса ше?.. Онда бар жауапкершілікті операция жасаған адамға іледі. Мен де: «Алдеке, абайлаңыз! Акушерлік-гинекологиялық сала бойынша рұқсатыңыз жоқ қой» деп інілік назымды айттым жеңгеме қосылып. Жастайынан елгезек Алдекең алдымен ренжісе де, кейін сөзімізге құлақ түріп, кейін операцияға қатыспады. Бірақ ол УДЗ саласы бойынша да операциялық гинекология бойынша да білікті маман болатын.  

Алдекеңнің тағдыр сынағын көтере білген жан екенін оның өмір жолындағы тұңғыш ұлы Нарынбектің және жұбайы Набатханның ерте қазаларын көтере білуінен көруге болады. Жеңгеміз айтатын: «Нарынбектен айрылған кезде мен де, Алдекең де 2-3 жылға дейін өзімізге келе алмай жүрдік» деп.

Ол аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің «Сыр медицинасы» облыстық қоғамдық бірлестігінің "Сыр медицинасының үздігіне” медалімен  және "Сая” мейірімділік Қорының "Денсаулық саласы үздігі” медалімен  марапатталды. А. Махамбетжанов зейнеткерлікке шыққанына қарамастан белсенді еңбектен қол үзген жоқ. Түнгі және демалыс күнгі шақырыстарды да атқаратын бір өзі.

Алла қуат берген жетпіс жасыңыз құтты болсын деген інілік лебізімді қабыл алыңыз, Алдеке!

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

Арал ауданы.

«Сыр медицинасы» газеті,

желтоқсан айы 2018 жыл

 

 

Просмотров: 578 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]