Соңғы кездері қан алдыртумен медициналық сауаты жоқ адамдар айналыса бастауына байланысты хиджаманың қауіптілігі күшейді. Әсіресе, дін жолында жүргендер бұл маңызды істі қосымша табыс көзіне айналдырыпты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі kazislam.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Ал қате жасалған тіліктен адам тіпті өліп кетуі мүмкін. Сорақысы сол кәсіптің бұл түрімен айналысқандар не мемлекеттік орындардың, не имамдардың бақылауында емес. Нұрбол Нитқалиев күніне он шақты адамнан қан алады. Клиентті дәл осылай үй жағдайында қабылдап, ем жүргізеді. Яғни, хиджама кезінде денені алмаспен тіліп, қанды сорып алады. Медициналық білімі жоқ болса да өз бетімен хиджама жасауды үйреніп, аппаратын сатып алыпты. Бұрын имамдық қызмет атқарған емші, дұрыс жасалмаған дене тіліктері адам өліміне де апаруы мүмкін дейді. Осылай деп қан алудың қауіптілігін айтқанымен, табыс көзіне айналдырған кәсібін өзі тастамақ емес.
Нұрбол Нитқалиев, емші: – Хиджама дұрыс салынбаса, дұрыс кесілмесе, нүктелерге дұрыс қойылмайтын болса, сөздің шыны керек адам өліп кетуі де мүмкін. Кейбір бауырлар банкаларды басынан аяғына дейін толтырып салып тастайды. Адамның жағдайына байланысты оның басы айналып, талатын болса банкаларды алам дегенше адам комаға кетіп қалуы мүмкін. Бір қызығы қателік кетсе адам өлімімен аяқталуы мүмкін емді қазір кез келген адам жасап жүр. Ол үшін тілік салуды үйреніп, кәсіпкер болып тіркелсе жеткілікті. Бұл емді әркімнің жасап жүргеніне дін қызметкерлері де алаңдап отыр.
Нұрлыбек Күзенбаев, Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы: – Хиджама алатын адамды біз тағайындамаймыз, оны қадағаламаймыз. Кез келген нәрседе өз маманына бару керек. Хиджаманы да кез келген адам алуға болмайды. Ал бұл жағдайдың қауіпті екенін айтқан дәрігерлер діндарлар жасайтын хиджамаға түбегейлі қарсы. Светлана Ағзамова, дәрігер: – Үй жағдайында қан алдыруға біз қарсымыз. Емдік жағынан гөрі организмге кері әсерлері көп. Ашық болғаннан кейін ол жерге біріншіден инфекция жиналады. Қанға инфекция түскеннен кейін әртүрлі асқынулар болуы мүмкін. Медицинадан бөлек жерде қан алдырып, ем жасамаған дұрыс. Адам бойындағы қанды сорып, ем жүргізетіндердің дені әлеуметтік желі және тамыр таныстары арқылы емші атанғандар. Сондықтан, мұндай адамдардың жүргізген еміне жауапкершілік алмайтыны аян.
«Қамшы» сілтейді
http://www.qamshy.kz/article/xydzhamadan-adam-olip-ketwi-de-mumkin.html |