|
Дүйсенбі, 30.12.2024, 20:30 Сізге сәлем! Гость
Бас бет | Тіркелу | Кіру | RSS |
Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты |
12:02 КӨП АЛҒЫСЫ КӨККЕ ӨРЛЕТЕДІ |
Халық – сыншы әрі әрқашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудандарына іссапармен барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқалап қайтты. Бұқараның базынасын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын жақсартуда аймақ басшысы бірқатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жергілікті тұрғындар сол игі істердің жалғасына куә болды.
Алдымен Арал ауданы орталығындағы жаңа аурухананың ашылу рәсіміне қатысқан облыс басшысы жұртшылыққа құттықтау лебізін білдірді.
- Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Облыс бойынша білім, денсаулық, спорт, жалпы әлеуметтік салалар бойынша 52 нысанның жобасы әзірленіп жатыр. Өткен жылы Қазалы теміржол ауруханасының базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары үшін ауданаралық инсульттық орталық, Байқоңыр қаласынан көпсалалы аурухана ашылды. Қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің грантын бөлдік, қазір 22 маман оқып жатыр, - деді Қ.Елеуұлы.
Су жаңа ғимаратқа 4 миллиард теңгеден астам қаражат қаралған. Бас мердігері – «Әбусер» ЖШС. 150 адамға арналған 3 қабатты аурухана 4 блоктан тұрады. Оның ішінде терапия, хирургия, травматология, педиатрия, гинекология, инфекциялық және дерматовенерологиялық бөлімшелер жұмыс істейді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Ршымбетовтың сөзінше, ауданда аурухана мәселесі шешімін таппай келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болған. 2012 жылдан бастап ғимарат апатты жағдайда деп танылыпты. Содан бері аралдық ағайын жаңа ауруханаға мұқтаж. Биыл сол түйткілдің түйіні тарқатылып, халыққа қуаныш сыйланды. Бас дәрігер «жаңа ауруханада қажетті құрал-жабдықтардың барлығы қамтылған» дейді. Америкалық, германдық жабдықтарды алуға 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Ота жасағанда ешқандай пышақ қолданбай, бір мезетте қанды да тоқтата алатын видеоэндоскоп аппараты келген. Енді хирургтардың облыста жасалып жатқан отаны аудандық ауруханада да жасауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, издуга аппараты да бірнеше қызметті бір уақытта атқаратынымен ерекше. Ал компьютерлік томографияны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жыл аяғына дейін әкелу жоспарланып отыр екен. «Егер бұл аппаратты алып берсе, Арал, Қазалы ауданы тұрғындарының барлығы облысқа бармай-ақ, осында тексерілуден өте алады» деді Марат Ршымбетов. Ауруханада жедел жәрдем көлігі де жеткілікті. Мекемеге 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 4 медициналық бекет және 1 фельдшерлік-акушерлік бекет қарайды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев «дәрігерлердің науқасқа айтқан бір ауыз жылы сөзінің өзі – ем» деді өз сөзінде. Ендеше ақхалаттылар қауымы науқасқа жоғары қызмет көрсетуде аянып қалмасы анық. Дәрігерлердің қызметі туралы онда ем алып жатқан қария ағынан жарылды.
- Біздің Арал ауданының тарихында бұрын-соңды болмаған ғимарат. Халық риза болып, әкімдерге батасын беруде. Іші жылы, жарық, ыңғайлы, бөлімдердің барлығы бір жерге орналастырылған. Әр палата сайын жуынатын бөлме, әжетхана бар. Арал ауданына үлкен сыйлық болды бұл, - деп ізгі ниетін жеткізді Сексеуіл кентінің тұрғыны Темірбай Айдарбеков.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы аудан орталығы мен оған қарасты елді мекендерде орналасқан емдеу мекемелеріне қызметтік көліктердің кілтін табыстады. Арал ауданынан алыс маңда орын тепкен Қарақұм, Аманөткел, Қамыстыбас ауылының тұрғындарына енді амбулаторияларға табысталған жаңа автокөлік қызмет ететін болады.
Дамудың даңғыл жолына түскен қандай ел болмасын, білім, денсаулық сақтау саласына баса көңіл бөледі. Бұл үрдіс біздің мемлекетімізде де жоғары орынға қойылған. Оның дәлелін алыстан іздеудің қажеті шамалы...
Жазира БАҒЛАН,
Б.ЕСЖАНОВ (сурет)
Мақала қысқартылып алынды.
«Халық» газетінен. |
Просмотров: 475 |
Добавил: психолог
| Рейтинг: 0.0/0 |
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи. [ Регистрация | Вход ]
|
|