Әріптесім Құбыл Ршымбетұлымен таныстығым өткен ғасырдың90-шы жылдары басталған еді. Оны Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтындағы «рефлекстік терапия» бойынша мамандану циклінде жолықтырдым. Курсанттар кезекпен өздерін таныстырып жатқанда, ол менің Қызылордадан екенімді біліп, жаныма келіп: «Інім, сен де Сыр өңірінен екенсің. Мен Қазалыданмын. Темір жол аурухана бас дәрігерініңорынбасары болып жұмыс істеймін. Алда 3 ай оқу бар. Жатақханада бірге тұрайық» деп өзі ұсыныс білдірді. Оның бітім-болмысы, адамдармен тез тіл табыса білу қабілеті мені тәнті етті. Сол кезден бастап онымен ағалық-інілік қатынасымыз жалғасып келеді.
Жыл өткен сайын оның іскерлік қабілетінің жан-жақтылығы жарқырай түскендей. Ол менімен кездескеннен кейін төрт жылдан соң Қазалы темір жол ауруханасының бас дәрігері болды.
Тарихы ғасырдан асып-жығы¬ла¬тын аурухана бүгінде «Апаттар ме¬ди¬цинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы – Қазалы темір жол ауруханасы деп аталады. Құбекең сол филиалдың директоры. Бас дәрігерлік қызметіне биыл тура 20 жыл.
Қ.Ршымбетов 1973 жылы Алматы мемлекеттік институтының емдеу ісі факультетін бітіріп, дәрігерлік өмір жолын темір жол саласындағы медициналық қызметке арнады. Еліміздегі медицина саласындағы күрделі реформалар соны ұға алатын басшыны талап етеді. Ал Қ.Ршымбетов бұл бағытта көпке үлгі бола алатындай басшы.
Ол алғашында қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласындағы темір жол ауруханасында интернатурадан өтті. Одан соң Қызылорда, Қазалы стансаның темір жол ауруханасында терапевт, жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі болды, 5 жыл аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады. Ширек ғасырдай денсаулық сақтау саласында басшылықта болу нәтижесінде заман көшіне ілесіп, аурухананы жаңа талаптарға сай басқара білді.
Денсаулық сақтау ісін ұйым¬дас¬тырудағы экономика мен реформалау, шаруашылық жүргізу құқығындағы ықпалды басқару, медицинадағы маркетинг және менеджмент бойынша білім жетілдіріп, басқару ісін шыңдай түсті. 2011 жылы «Медициналық мекемелерді ықпалды басқару. Гонконг тәжірибесі» атты маманданған іскерлік бағдарламасы бойынша Гонконгта және 2013 жылы Испанияның Барселона қаласындағы менеджменттің жоғары мектебінде оқыды. Кезінде халық сеніміне бөленіп, поселкелік кеңес, аудандық мәслихат депутаты да болды.
«ҚР Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің иегері Қ.Ршымбетовтің еңбегі лайықты бағаланып, 2006 жылы «Жыл дәрігері», 2012 жылы «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгіні, 2013 жылы «Шапағат» медалін омырауына тақ-ты. Ол өзі басқарып отырған аурухана мен емхананың қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталуына, мамандар біліктігін ұдайы арттыруға жете көңіл бөле білді. Өткен бір жылдың өзінде 30 дәрігердің және 109 орта буын медицина қызметкерінің түрлі білім жетілдіру курстарында болуы соның айғағы.
Жиырма мыңнан астам халыққа медициналық қызмет көрсететін ауруханада бүгінде 294 адам жұмыс істесе, 39-ы дәрігер, олардың 25-і біліктілік санатын иеленген. Ауруханадағы 100 төсек-орында негізгі бөлімшелермен қатар кардиологиялық, неврологиялық және травматологиялық бөлімшелер ашылған. Бұл сырқатты емдеуді жарты жолда қалдырмай, түбегейлі сауықтыруға басталған қадам. Жуық арада нейроинсульттік оңалту орталығын ашу бойынша да жоғарыдағы басшылыққа өз ұсыныстарын жолдаған. Бұған аурухананың әлеуеті толықтай жетеді. Өйткені аурухана тек ірі қалаларда және облыс орталықтарында ғана бар кейбір жоғары технологиялық медициналық құралдармен жабдықталған. Олардың қатарында ірі клиникалар иелік ете алатын компьютерлік томограф қондырғысы, барокамера, Италия елі өндірген «Melody» маммографы, «Nicolet Companion» маркалы ультрадыбысты доплерограф аппараты (АҚШ), жапониялық санды ультрадыбыстық зерттеу жабдығы, австралиялық иммундық ферменттік талдау, гастрофиброскоп, плазмаферез және т.б. бар. Физиотерапевтік бөлімшеде түрлі замануи аппараттармен дәрісіз ем жүргізіледі. Сумен емдеу бағытында емдік тұздармен, дәрілік шөппен дауа атқарылады. Емдік дене шынықтыруға қажетті барлық жабдық алынған.
Ауруханада жылына 2500-дей адам емделсе, 40 төсек орындық күндізгі стационарда оның үштен біріндей науқас ем қабылдаған. Хирургиялық бөлімшеде облыста алғаш рет жамбас буынын ауыстыру, яғни ортан жіліктің ұршығын арнайы протезбен ауыстыру операциясы жасалды. Мамыр айында Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институының бір топ ғалымдары облыс хирургтарының басын осы ауруханада қосып, үлкен кеңес өткізді. Бұл темір жол ауруханасының облыстағы беделін айқындай түскендей.
Ауруханада ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген медицина қызметкерлері баршылық. Олар директордың емдеу ісі бойынша орынбасары А.Дәрібай, емхана жөніндегі орынбасары С.Адаев, дәрігер рентгенолог Е.Дәрібай, бөлімше меңгерушілері С.Ахмет, Б.Айжарықова, Ж.Қуаныш¬баев, Қ.Еспаев, бас мейірбике С.Орманова, орта буын медицина қызметкерлері Ү.Жұмабаева, А.Абжанова, Қ.Қарнағаев, Х.Мусаева, Р.Жақсылықова, И.Елубаева, тазалықшылар К.Сағындықова, А.Серім¬бетовалардың еңбегі көпке үлгі.
Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,
дәрігер психолог.
Қызылорда қаласы.
http://www.syrboyi.kz/kogam/2950-sker-basshy-zdk-auruhana.html
|