Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:27
ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛ ДЕ, МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗ МӘРТЕБЕҢДІ АНЫҚТА!

 Қазақстанда «Емханаға тіркел де, МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» атты емханаларға тіркелу науқаны басталды. Ол туралы бүгін пресс-конференцияда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева мәлімдеді, деп жазады ведомстваның баспасөз қызметі.
«Емхана – ол кез келген медициналық көмек алу үшін «кіреберіс қақпа» болып табылады. Шын мәнінде қайда тіркелгеніңізді тексеру – сіз үшін маңызды. Себебі, азаматтардың басқа қалада, ауданда тұрып, өзге өңірлерде тіркелетін жағдайлары жиі кездеседі. Мұндайда медициналық қызмет көрсету бойынша қиындықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты, 5 сәуір мен 31 маусым аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтау керек», – деді Лязат Ақтаева.
Өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова емханаға тіркелу науқанының ерекше маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізуге дайындық шараларының бірі болып табылады.
«Қазірден бастап өзіңіздің азаматтардың қай санатына жататыныңызды анықтап алуыңыз керек. Жарнаны сіз үшін кім төлейді: мемлекет пе, жұмыс беруші ме, әлде өзіңіз бе? Осыны түсініп алу керек», — деп түсіндірді Е. Бахмутова.
Қор төрайымы МӘМС заңы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейтінін тілге тиек етті.
Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына (бұдан әрі –МСАК) тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу орны бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тұрғындар дәрігерді еркін таңдауға және бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бойынша медициналық ұйымнан көмек сұрауға құқылы. Азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде, емханаға тіркелу бір рет қана жүзеге асырылады.
МСАК ұйымдары азаматтарды жеке өтініші арқылы ғана тіркейді.
Отбасы мүшелерін тіркеу отбасы мүшелерінің біреуі арқылы, өзге отбасы мүшелерінің жазбаша келісімі болған жағдайда және отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы жүзеге асырылады.
«Медициналық қызмет алу үшін өз үйіңізге жақын маңда орналасқан емхананы таңдағаныңыз жөн. Емхананың жақын орналасуы сізге және учаскелік дәрігерге ыңғайлы болмақ. Себебі дәрігерді үйге шақырған кезде, ол сізге уақтылы келіп, сапалы қызмет көрсете алады», — деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева.
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, МӘМС жүйесіне қатысу үшін азаматтарды емханаға тіркеу өте маңызды. Өйткені, емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне жол ашылмақ және сақтандырылған азаматтар медициналық сақтандыру пакеті арқылы медициналық қызметтерге қол жеткізеді».
 

http://aqmeshit-zhastary.kz/ajna/emhana-a-tirkel-de-m-ms-zh-jesindegi-z-m-rtebe-di-any-ta/

Просмотров: 872 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]