31.08.2017
Дәрігерлер алаңдаулы. Өйткені жылына 50 мыңға жуық адам осы дертке шалдығып, оның тең жартысы мүгедек болып қалады екен. Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған Нейрооңалту орталығы науқастардың сауығып кетуіне жағдай тудырып отыр. Қарағандыдағы нейрооңалту орталығы аймақ бойынша ғана емес, республикалық деңгейде жүйке ауруларын емдейтін бірегей орынға айналған. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаған орталыққа келушілер қарасы көп. Әсіресе инсульт, бас сүйек ми зақымы мен омыртқасына операция жасатқандар, одан кейінгі оңалту кезеңін осы жерде өткізеді. Қазір емдеу мекемесіндегі төсек орындары үш есеге артып, тағы да қосымша 68 науқасты қабылдауға мүмкіндік бар.
Елена Ли, нейрооңалту орталығының басқарушы директоры:
- Неврологиялық бөлімінде стационарлық ем алған науқастар тұрғылықты жері бойынша ауруханаға барып, учаскелік дәрігер немесе невропатолог порталға тіркеледі. Біз өз тарапымыздан тіркелген науқастарға ақысыз қызмет көрсетеміз. Яғни бізге келген барлық адамдар бірдей ем қабылдайды. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған орталық емдік денешынықтыру, мануалды емдеу, физиотерапия, интерфлексті терапия, тоқпен емдеу, массаж және тағы да басқа емдік тәсілдерін ұсынады. Сонымен қатар бұлшық еттері, қимылдау, сөйлеу, жұту жүйелері зақымданғандар да көп келеді.
Бақыт Жақсыбекова, Балқаш қаласының тұрғыны:
- Бір қол, бір аяғымнан инсульт болып, осы жерге түстім. Аяқ-қол жұмыс істей бастады, бақайларымда мүлдем жан жоқ болатын, жан пайда болды, соған қуанып жатырмын. Барлық емдер уақытында, дәрігерлер жақсы қарайды, ауырғаныңды ұмытып қаласың бұл жақта. Тек биылдың өзінде Қарағанды облысы бойынша 2 000-ға жуық адам инсультке шалдыққан. Осы уақыт аралығында нейрооңалту орталығы 300-ге жуық науқасты аяғынан тұрғызған.
Авторлары: Айнұр Абдиева, Василий Савкин, Асет Асайынов
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/194102-elimizde-insult-derti-zhasaryp-barady
|