Келбет
Кім-кімнің де «басы ауырып, балтыры сыздағанда» сол ауырған тәніне тіреу, жабырқаған жанына желеу болатын ақ желеңді абзал жандардың есімдері ел есінен әсте де шыққан емес. Себебі, қолына шөгір кіріп тәнін ауыртып, жанын мазалаған әрбір адамның дәрігердің көмек қолын қажет ететіні анық. Сірә да, ақ желеңді жандардың ем-домына бет-бұрып, оны мойындамайтын пенде жоқ шығар бұл ғаламда. Содан да дәрігер есімі асқақ, мәртебесі мерейлі.
Иә, адам өміріне ажал аранын ашқанда алғаш арашаға келетін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адамның әлі күнге дейін зерттеліп бітпей келе жатқан аса күрделі анатомиялық құрылымын зерделеп оқып, терең білуімен қатар, кез келген жағдайда науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, алдындағы әрбір адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.
Қырық жыл қатарынан Қазалы өңірінің білікті дәрігері болып танылған кейіпкеріміз Орақ Кеубасов хақында қалам тербер сәтте ойға орала кеткені осы теңеулер болды.
Иә, сол табаны күректей қырық жылдан бері денсаулық сақтау саласында тынымсыз тер төгіп келе жатқан оны ақ пейіліндей ғып үстіндегі ақ желеңі өзгелерден оқшау көрсетеді. Қазақи тұлғасымен басқаға болмасын демейтін кең пейілі, жомарт мінезі, ақкөңілділігі атадан жаратылған бар болмыс-бітіміне жарасымды қона қалғандай.
Сонау 1953 жылы Қазалыда дүниеге келген Орақ Кеубасұлы аудан орталығындағы орта мектепті үздік бітірісімен арман жетегінде Ақтөбеге аттанды. Жүрек қалауы дәрігерлік мамандық болған жастың жолы болып Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының студенті атанды. Мектеп қабырғасында жүріп сабаққа зерек, үлгілі тәртібімен сыныптастарының алды болған ол, институттың алғашқы курстарынан-ақ озық оқып, ең қастерлі де қиын балалар дәрігері мамандығының үздік дипломын алып шықты.
Туған ауылдың түтіні де ыстық емес пе, институтты бітіріп, облыс орталығынан бір жылдық тәжірибе жинақтаудан - интернатурадан өтісімен өскен ортасына, қарт ата-анасына асықты. Сөйтіп, мемлекеттік жолдамамен 1977 жылы Қазалы аудандық орталық ауруханасына жұқпалы аурулар дәрігері (инфекционист) болып қызметке кірісті.
Япырай десейші, сол кезде өндір жас еді, арада қырық жыл өте шығыпты-ау... Сол алғашқы жылдардан-ақ ізденімпаздығымен өзі сүйіп таңдаған мамандығының қыры мен сырына қанығып, қиындығынан бой тасаламауды мақсат тұтқан бүгінгі білікті дәрігер адамдардың тәніне ғана емес, алдымен жанына үңіліп: «Жанды емдемей тұрып тәнді емдеу мүмкін емес»,-деген ғұламалық қағиданы алдына басты бағыт етіп қойды.
Қашанда жаны жабырқап, тәнін дерт дендеген науқаспен ортақ тіл табысуды мұрат тұтқаны өзіне де, өзгелерге де аян. Сөйтіп, ақ желең киіп, өзіне-өзі осындай талап қоя білген дәрігер қызмет атқарған кездерінде білік-білімімен көптің көңілінен шыға білді, еңбекқорлығымен әріптестеріне өнеге танытты. Оның сол бір жетпісінші жылдардың аяғындағы ауданда етек алған «сары ауруды» емдеуге белсене атсалысып, жанқиярлықпен жұқпалы аурудың алдын алу мен емдеудегі ерен еңбегін қазалылықтар әлі күнге дейін ұмытпайды. Сол ерлікке пара-пар дәрігерлік білікті еңбегіне орай сол уақыттағы аудан басшысының «Мақтау грамотасын» иеленгендердің бірі де осы ауданның қадірменді дәрігері Орақ Кеубасов еді.
Жұқпалы ауру демекші... Талай аса қатерлі дерттерді емдеп жүріп, халыққа тарап кету қаупінің алдын алып қаншама күндер бойы сол жұқпалы аурулар бөлімшесінен сыртқа аттап шықпай, емдік шараларды жүргізіп, ессіз-түссіз жатқан қаншама науқастарды өмірге қайта оралтқан Орақ Кеубасовтың еңбегі шынында да ерлікпен пара-пар еді.
Сол айналадан анталаған жұқпалы іш сүзегі, гепатит, қырым қанды безгегі, дизентерия, қызылша, менингит, малярия, лейшманиоз, бруцеллез, құтыру, ку-лихорадкасы, лептоспироз, сібір ойық жарасы, оба, ящур сияқты қатерлі аурулардың қайнаған ортасында қырық жыл бойы қоян-қолтық араласып жүрген жүрек жұтқан дәрігер Орақ Кеубасовтың жүріп өткен жолы нағыз жанқиярлық жол еді.
Осы тұрғыда орыстың атақты дәрігер-жазушысы А.Чеховтың: «Дәрігер мамандығы - бұл ерлік, ол жанқиярлықты, жанның пәктігін, ойдың мөлдірлігін қажет етеді» деуінің өзінде үлкен астар жатыр-ау. «Адамның нашар суретші немесе нашар жазушы, актер болуы мүмкін, алайда оның - нашар дәрігер болуға қақысы жоқ. Өйткені халық оған ең қымбаттысын - өмірі мен денсаулығын сеніп тапсырады» деп бір ғұлама айтпақшы өзінің сүйікті мамандығының қыр-сырын егжей-тегжей біліп, толық игеріп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүректілік қажет. Ақ желеңді киіп ап, алшаңдай басу кім-кімнің де қолынан келеді. Ал, әрбір дәрігердің өзінің адам өмірінің арашасысы екенін білу - оған үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Сан талай сынақтары мол адам денсаулығы ақ желеңді абзал жандармен тығыз байланысты. Қай жерің ауырса - жаның сол жерде. Ауруы жанына батқан науқас ең жақын адамынан ғөрі ақ желеңді жандардың көмегіне жүгініп, үлкен үміт күтеді. Сөйтіп, адам өмірінің кілтін қолына ұстаған дәрігерден тән азабын арқалаған ауру аяныш күтіп, мейіріміне мәжбүр болып, алдына үлкен сеніммен барады.
Қаншама жыл тапжылмастан осындай ел сенімін арқалап келе жатқан Орақ Кеубасовтың есімін қазалылықтар ерекше мәртебемен атайды.
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында алты жыл бірге оқып, Қазалы өңірінде дәрігерлік еңбек жолын қатар бастаған әріптес досы, ауданаралық ЖИТС мекемесінің басшысы Амантай Төребайұлы былай дейді:
- Орекең өзінің дәрігерлік мамандығын бар жан-тәнімен жақсы көреді. Сондықтан да өз ісіне бар білімі мен күш-жігерін аямайды. Тәжірибе жүзінде үнемі ізденіп, білімін шыңдаудан жалықпайды. Ең бастысы оның мінезі кішіпейіл, қандай бір мәселе болмасын сабырлылығын сақтап, салихалы ой түйеді. Дәрігер адамды дәрімен ғана емес, тілмен де емдеуге тиіс. Алдындағы сырқаттың психологиясына зер салып, бар ынта-ықыласымен ем-шаралар жүргізеді. Сөйтіп, ауруы меңдеп, аласұрып, жан-тәні қиналған науқастың жүрегіне жол тауып, сырқатынан құлан таза айығуына бар мүмкіндігін жұмсайды.
Иә, о бастан дәрігер Орақ Кеубасов - адам жанының арашашысына тән қасиеттерді бойына жинақтай білді. Бертін келе тәжірибе жинақтап тәлімгер ретінде жас мамандарды өз ісіне баулып, білікті мамандардың қатарына қосты. Орекең күнделікті өмірде отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді берік ұстанады. Жастарға адамгершілік, бір-біріне құрмет, сыйластық, мейірім, жанашырлық, үлкенге ізеттілік, кішіге қамқорлық туралы жан-жақты әңгімелейді.
Мемлекетіміздің басты байлығы - дені сау ұрпақ. Сол бір жылдары алты жыл Ақтөбеде оқып, ақ желең киіп салтанатты түрде ант берген балалар дәрігері Орақ Кеубасов ауыр халде алдына келген қаншама сәбилерді дерттерінен айықтырып олардың ата-аналарына бақыт сыйлады десеңізші.
Қазалылық Жаңаберген Омаров 1987 жылғы болған мына жағдайды еске алады:
- Кешкілік қызметтен оралсам алдында шапқылап жүрген алты айлық ұлым Мейірханым қатты ауырып қалыпты. Дереу ауруханаға жеткіздік. Сол кездері дәрігерлер шұғыл жиналып «консилиум» өткізетін тұғын. Баламның денсаулығын мұқият тексеріп шыққан дәрігер Орақ Кеубасов дереу тексеру және емдік шараларды бастап жіберді. Баламның катерлі менингит ауруымен сырқаттанғанын, ол аурудың өте ауыр екенін бізге байыппен түсіндірді. Сөйтіп, күні-түні баланың жанынан шықпай емдік шараларын жасай берді. Орекеңнің шипалы қолы, мейірімге толы сөзі мен адал еңбегінің арқасында перзентіміздің беті бері қарады. Екі аптадан соң Мейірханым қатерлі дерттен құлан-таза айығып отбасымызға оралды. Баламызға бар білімі мен тәжірибесін, мейірім шапағатын шашып емдеп жазған Орекеңе қашан да алғысымыз шексіз. Сол баламыз қазір ер жетіп, үйленіп, бала-шағалы болып отыр, - дейді әкесі ризашылық сезіммен.
Орекең туралы айта берсе әсерлі әңгімелер жетіп артылады. Жомарт жүрегінен шуақ шашылған Орекең туралы аудандық ауруханадағы әріптестері: «Оқыс оқиғаларға ұшырап қансыраған талай науқастарға, қан кетіп талықсыған жүкті әйелдерге Орекең жұмысында шаршап жүрсе де қаншамасына өз қанын беріп ажалдан арашалап қалды». Сондай көп жайлардың бірі 1991 жылы қатты науқастанып, ауыр халде өзі емдеген балаға өзінің қанын беріп ажал құрығынан құтқарып қалғаны үшін сол кездегі облыс әкімі С.Шаухамановтың өзі келіп үлкен ризашылық сезіммен «Мейірбандық лентасын» таққаны, «Қазақстанның құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталғаны өзінше бір тарих..
«Тәрбие - тал бесіктен басталады». Өнегелі отбасында тәрбиеленіп, ұлағат ұялаған ұядан қанат қаққан Орекең Пайғамбар жасынан асса да абзал әке Кеубас көкесінің қанатты да мазмұнды сөздерін, анасы Жазықтың аялы алақанының жылуы мен ақыл-кеңестерін осы күнге дейін бойында бойтұмардай сақтап келеді. Жаратылысынадағы сол туа біткен біткен адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, мейірбандылық қасиеттері абзал әкенің қаны, асыл ананың сүтінен дарыса керек. Оның ерекше бір қасиеті ешкімді жатырқап, жатсынбайтыны, біреуге жақсылық жасауға жаны қалмай ұмтылып тұратыны, пейілі кең, көңілі даладай дархандығы - еншісіндегі ерекшелігі.
Қай ортада болмасын ол әңгіме айтқанда шырайын келтіріп, әзіл-қалжыңын қатар өрбітіп, жанындағыларды еліктіріп, үйіріп әкетеді. Тағы бір қыры туған өлке тарихын жетік білетіндігі, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатындығы, көп оқитындығы, өнеге сөздерімен көпшілікті тәнті ететіндігі.
«Екі жақсы қосылса, шам жаққандай» дегендей, Орекеңнің құдай қосқан қосағы, ұл-қыздарының анасы, сүйікті жары Орынша отбасының алтын діңгегі, шуағын шашқан шамшырағы. Бүгінде Орекең мен Орынша өздеріндей парасатты, тәрбиелі ұл-қыз өсірген, қара шаңырақтың мәуелі қос бәйтерегі іспеттес. Қазақы салт-дәстүрмен келін түсіріп, қыз ұзатып, құда-құдағи атанып отыр. Ойлап отырса, еңбек жолдарында қиын да қызықты күндер аз болмапты. Сөйтіп, қиындыққа шыдап, жақсылыққа құмар болуды отбасында сезініп, біліп өскен ерлі-зайыптылар біршама істің басын қайырып, ұрпақ өрбітіп, үлгілі отбасы атанып отыр. Жұбайы Орынша ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты. Алтын асықтай ғып тәрбиелеген ұл-қыздары бүгінде өздерінше бір-бір отау. Қуанышы - әскери қызметкер, жоғарғы шендегі ҚР Қорғаныс министірілігінің жауапты қызметкері, оның жұбайы Ләззат кәсіпкер. Қайраты - инженер, қара шаңырақта Кәмшат келін екеуі ата-анасына адал қызмет жасап, баталарына бөленіп отыр. Гаухары - Ақтөбеде, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетте аға оқытушы. Бұл күндері сол ұл-қыздарынан өрбіген он шақты немере Орақ пен Орыншаның ең қымбат қазыналары.
Арал, Қазалы аймағына танымал қаламгер Жұмабек Табынбаевтың Орекең туралы мына бір әңгімесі кім-кімді де елең еткізгендей: - Бірде ауылда тұратын құрдасымды көшеден кездейсоқ жолықтырдым. Жанында келіншегі бар. Қашан көрсең де жайдары жүретін досымның жүзі тым сынық көрінді. Әлденеге абыржып тұрғаны аңғарылады. Аздап жүдеген де тәрізді. Жөн сұрастық. Айтуынша сырқаттанып жүргеніне біршама уақыт болыпты. Қызуы көтеріледі, тәбеті де төмендепті. «Ой аздырады» деген рас екен. Өзі аты жаман кесел шығармын деп қауіптенетін сынды. Құрдасым үшін мен де қорықтым. Не істеу керек? Есіме Орекең, білікті дәрігер Орақ Кеубасов түсті. Дереу қоңырау шалдым. Бізді мұқият тыңдаған ағамыз әлі кездеспеген емделушісіне «бруцеллез» деген қорытынды қойып, кабинетіне келуді өтінді. Бардық. Түрлі сынамалар тапсырылды. Міне, керемет. Кеубасовтың диагнозы тура шықты. Ауруханада жатып ем алған құрдасым құлантаза айығып кетті. Кәсіби сауаттылық дегеніміз осы.
Енді мына бір жайды еске алайық:
Қай бір жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында аса қатерлі жұқпалы құтырма ауруына күмәнді адам анықталды. «Кәукей» елді мекенінің тұрғыны Арзықали Әлиұлы қасқырға таланган сиырын сойып жатқанда сүйек жаңқасы қолына кіріп, зақымдайды. Малшы сиырының етін мүшелеп, ақшасына ауылдың он шақты тұрғынына таратып берген. Осындай суық хабармен шалғайдағы «Кәукей» елді мекеніне аудан орталығынан медициналық бригада жедел жетіп, аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне науқасты шұғыл жеткізеді. Өйткені бұл аса қатерлі жұқпалы құтырма дерті болып, ас қорыту жолдары арқылы да жұғуы мүмкін деген қауіп болады. Мал егесінің жарақат алған саусағының қолтық безі шошынып, ыстығы көтерілген соң жергілікті дәрігерлер осылай дабыл қаққан.
- Аудандық аурухананың Орақ Кеубасов басқарып отырған жұқпалы аурулар бөлімшесінде емделіп жатырмын. Қазір жағдайым жақсарды. Рахмет дәрігерлерге,- деген сол кезде мал иесі А. Әлиұлы.
Жыл қорытындысымен әр саланың жыл үздіктерін анықтау барысында аудандық емдеу мекемесінің басшылығы тарапынан берілген ұсыныста: «... Кәсіби қызметіне өте жауапкершілікпен қарайды. Талапты, білгір маман ретінде өз білімін ұдайы жетілдіріп отырады. Парасатты, ізетті маман ретінде қашан да әріптестеріне үлгі. Оның 40 жылға жуық аудан медицинасын көтеруге аянбай еткен орасан зор еңбегі еленіп, аурухана әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті тарапынан Алғыс хаттармен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталып келеді. Осының бәрін ескере отырып оны «Үздік дәрігер» номинациясына лайық деп білеміз» делінуінің өзі көп жайттан хабардар ғып тұрғандай.
Иә, Орақ Кеубасов сол сексенінші жылдардың басынан бастап Қазалы аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушілігіне жоғарылатылды. Ол кезде бөлімше елу төсектік еді. Сол тұстары жұқпалы аурулар бөлімшесін басқарған білікті дәрігер, Ресейден жоғары санатты дәрігер атағын алған Валентина Ивановна Нефедованы, аудандық аурухананың білікті балалар дәрігері София Махмутқызы Досмайыловаларды өзінің ұстаздары екенін мақтанышпен айтады. Ал, алғаш еңбек табалдырығын қатар аттаған әріптестері Әбілғазы Құрманиязов, Өмірзақ Жанқожаев, Амангелді Жұбатов, Асхат Шериповтарды Орекең нағыз өз мамандықтарының майталмандары деп құрметтейді.
Ол Алматы, Ақтөбе, Новокузнецк қалаларында бірнеше мәрте инфекциялық дерттер бойынша білімін жетілдірді, күнделікті медициналық ғылыми әдебиеттерді жаздырып алып оқып, дәрігерлік тәжірибесін шыңдап отырады.
Оның Қызылорда қаласындағы әріптесі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі, жоғарғы санаттағы дәрігер Жалғас Назарұлы: «Орекең мамандығына адал өте сауатты маман. Кезінде облыс көлемінде орын алған екі оба ошағын тұрақтандыру бойынша басын қатерге тігіп, жанқиярлық қызмет көрсетті. Бірақ оның сол еңбегі кезінде ескерілмей, марапат басқа адамға бұйырды. Қазалы ауданында жиі кездесетін жұқпалы кеселдер - іш сүзегімен, сары аурумен, құтырмамен және т.б. табысты күресті. Аты жұқпалы деп айтып тұрғандай, бұл аурулардың емдеуші дәрігерге де қауіпі болатынын есте ұстаған жөн.
Облыс орталығындағы наркологиялық дипансердің дәрігер Серікбай Смағұлұлы былай дейді: «Кезекті бір іс сапарымда Орақтың үйіне қыс айында бардым. Үйі салқын екен. «Неге от жақпадыңдар?» деген сұрағыма жұбайы Орынша: «Орекең үйдегі бар көмірді бөлімшеде отын жоқ деп ауруханаға алып кетті» деді. Кейін бұл әңгіменің жөнін айтқан Орақ «Бөлімше суық. Жағатын отын жоқ. Бас дәрігер отын кейін болады, қазір қаржы тапшы деп қол қусырып отыр. Содан ашуға булығып, аурухананың бас дәрігеріне: «Сіз осы суық бөлімшеге өз балаларыңызды жатқызар ма едіңіз? деп сұрақ қойдым» деген болатын. Мұны ол ерлік жасағандай емес, қарапайым адами тірлік ретінде баяндады».
Жоғарғы дәрежелі дәрігер Орақ Кеубасовтың денсаулық сақтау саласыңдағы сіңірген ерен еңбегін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдары мен «ҚР Құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталуы, қаншама жылдар бойы облыстық денсаулық сақтау қызметкерлер кәсіподақтарының «Құрмет тақтасында» суретінің ілулі тұруы одан әрі дәлелдей түседі. Алайда қайнаған қатерлі жұқпалы дерттің ортасында шыбын жанын шүбереке түйіп қырық жыл жанқиярлықпен халқына қалтықсыз қызмет атқарған ізгі жүректі дәрігердің осы күнге дейін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атағын ала алмай келуі де сол қарапайымдылығынан болар деп түйсіктедік
Бұл күндері құрметті зейнет жасына толса да Қазалы аудандық кеңес беру-диагностикалық емханасының жұқпалы аурулары дәрігері боп абыройлы қызметін жалғастырып келе жатқан Орақ Кеубасұлы туралы: «Мен 2005 жылдан бері С- гепатитімен дәрігерлік есепте тұрамын. Тәжірибелі де білікті дәрігер Орақ Кеубасовтың алдына барып көрінудің өзі бақыт. Өйткені ол бар ықыласымен науқасыңның ағымын, бүгінгі күнгі бағытын дәл анықтап, ақыл-кеңесі мен тиісті дәрі-дәрмегін тағайындап береді», - дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Шәкір Қартабай ризашылық сезіммен.
Жүсіп Баласағұн бабамыз бірде былай деген екен: «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі - қайырымды ісі. Екіншісі - мейірімге толы сөзі». Бабамыздың осы сөзі қанашама қазалылықтарды шипалы емі, жылы сөзімен емдеп кележатқан Орақ Кеубасовтың бүгінгі адами болмысына байланысты айтылғандай.
Иә, адам денсаулығына ерекше көңіл бөлу, ұлт денсаулығы, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, саламатты өмір салтын жүргізу мемлекетіміздің басты жетістігі. Қай уақытта болмасын мемлекеттің байлығы дегеніміздің өзі - осы Орақ Кеубасовтай білікті, өз ісініе адал кәсіби мамандар. Адамның басты байлығы - денсаулық десек, әлемдегі ең сауапты мамандықтың бірі ақ желеңді дәрігер деп танимыз. Әрбір адам Орақ Кеубасовтай өзі қалаған мамандығына асқан сүйіспеншілікпен, адалдықпен қарап, жан жылуын арнаса науқастардың дертіне дауа дарып, өмір сүруі де жеңілдемек.
Адам - елдің басты байлығы - десек, халықтың денсаулығы бұл Қазақстанның ажырамас табысы. Адамдарды өмір сүруге ынталандыратын, болашаққа деген сенімді нығайтатын да осы дархандығы даладай, ақ көңілі баладай, болмысымен данадай болған туған елінің таны-мал тұлғасы, адал перзенті, ұстанымы ұлық Орақ Кеубасов деп мақтанышпен айтуға болады.
Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Қазалы ауданы.
Республикалық «Нұржан» журналы. Маусым 2016 жыл. |