Ернияз ОМАРОВ, Республикаға еңбегі сіңген дәрігер:
- Аға, ақ халатты абзал жан атануға не түрткі болды?
- Енді біз соғыс жылдарының балаларымыз. 1932-33 жылдары ашаршылық кезінде дүниеге келдік. Сол жылдар еміс-еміс болса да, менің есімде. Әкеміз әскерге кетті. Анамыз – колхозда. 6-7 жастағы баламын. Соңымнан ерген Қали деген інім екі жаста болатын. Қаршадай бала болып жүріп, соған қарайтынмын. Қали мазасызданып, жылайтын.
Науқастанды. Ішін бассам, ішінде екі ісік бар сияқты. Сөйтіп жүргенде інім Қали қолымда қаза тапты. Қайғысы қатты батты. Егер мен дәрігер болғанда, Қалиды аман алып қалар едім деген ой болды.
Содан 1947 жылы техникумға түстім де, үш жылдан кейін қызыл дипломмен тамамдап шықтым. Одан соң алты жыл мединститутта оқыдым. Оқып жүріп, сол институтта жұмыс істедім. Сол хирургиялық институттың директоры Гавриил Кириллович оқуымды аяқтағасын, 200 сом берді. «Осында қал» деп те қолқа салды. Бірақ ауылдағы әкем соғыстан кейін елдің жағдайы жырым-жырым болып кетті, қайт деді. Сөйтіп ауылға келдім. Жедел жәрдемде жұмыс істедім. Кейіннен қалалық денсаулық сақтау басқармасында 8 жыл бастық болдым. Барлық халыққа қолымнан келгенше бір адамдай көмектестім. Осы біз отырған қалалық аурухананың кірпішін бірге қалап, бас дәрігері болдым. Он бес жыл осында қызметте болдым. Аурухана құрылысын Шымкенттегі «Нефтьстрой» деген компания 1974 жылы бітірді. Сөйтіп оларға разылығымызды білдіріп, екі «Жигули» мінгіздік. 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болдым. 14 жылдай сол лауазымды атқардым. Айтқандай, 1974 жылы «Іштен кеміс туған балаларды оперативтік-консервативтік тұрғыдан емдеу» тақырыбында кандидаттық қорғадым. Қазір жасым 86-ға келсе де, қалалық ауруханада науқастарды қабылдаймын. Әсіресе кішкентай балаларды көп әкеледі.
Балам, мен жаман дәрігер болған жоқпын. Халыққа қызмет көрсететін денсаулық саласын жақсарту үшін біраз тер төктік. Аудандарда орталықтандырылған 3 аурухана аштық. 29 учаскелік аурухана, 16 дәрігерлік амбулатория да ашылды. Кадрлар дайындадық. Таза ауызсумен қамтамасыз етуді бірінші орындағы мәселе ретінде қарастырдық. Бірақ былтыр ғана шешімін тапты. Қиын кездерді де бастан кешірдік. 1978 жылы жұрт жаппай сары аурумен ауырды. 2-3 айдың ішінде 60-70 мың адам сары аурумен келіп түсетін. Тағы не сұрағың бар?
- Аға, жаңа кадр дайындау туралы айтып қалдыңыз. Қарамағыңыздағы қызметкерлерге қандай талап қоятын едіңіз?
- Шырағым, ол кезде талап біреу-ақ болатын. Жақсы дәрігер атану. Гиппократ антына адалдық таныту. Жаңа туған інімнің жағдайын айттым ғой, сол сияқты дәрігерлерде ой болғаны жөн. Ең бірінші, дәрігер адамға адамдық көзқараспен қарауы керек.
- Ота жасаған кезде қандай сәтті бастан өткізесіз?
- Дәрігер деген маман иесі күн сайын оқып отырғаны жөн. Күн сайын. Бір күн оқудан қол үзіп алмауы шарт. Медицина жетістіктерін жетік білуі керек. Оқып отырғаны, ізденіп отырғаны ләзім. Онсыз тірлік болмайды. Аурудың «судьбасын» дәрігер шешеді. Науқасқа ота жасау керек пе, керек емес пе?! Қазір компьютер, томография, УЗИ деген бар. Бұрын оның біреуі де жоқ-тұғын. Клиникалық ойлаумен дөп басып, операция жасайтын едік.
- Балаларыңыздың барлығы дәрігер. Оларға маман ретінде көңіліңіз тола ма?
- Жанұямыздың бәрі дәрігер. Төрт балам осы салада, біреуі ғана экономист. Екеуі – ғылым кандидаты, екеуі – дәрігер. Бір ұлым қайтыс болды. Бәріне де бір талап. Ол – жақсы адам болу. Өз мамандығын жақсы игеру, халыққа медициналық қызметті жоғары деңгейде көрсету.
- Қазір дәрігерлер туралы небір әңгіме айтылады. «Ақша бермесең, дұрыс қарамайды» деп жатады. Бұған не дейсіз?
- Гауһар, айналайын, мына сен сияқты журналистер көлеңке бетін тере беретін болса жағдай қиын. Дәрігерлер келген науқасты кері қайтармайды. Бәрін қабылдап, көмегін көрсетіп жібереді. Дәрігерлерге көзқарас облыстық, республикалық деңгейде онша емес. Азын-аулақ айлығына риза болып, акушерлер операция үстелінде тұрады. Олардың жұмысын қалай бағаламайсың? Сақшы болып, кірпік ілмей кезекші болып тұрған дәрігердің еңбегін дәрігер ғана біледі. Қалай болса солай, дәрігерлер жаман деп айта салу – оңай. Басынан өткізген адам ғана біледі, мамандықтың машақатын. Жаман дәрігер болған жоқпыз. Соның арқасында Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы атандық.
- Бағана іштен кеміс туған балаларға қатысты кандидатық қорғадым дедіңіз. Мұндай жағдай неден болады?
- Дүниежүзі бойынша іштен кеміс туған балалар дәл осы себептен сондай жағдайға ұшырайды деп ешкім дөп басып айта алмайды. Қалай екенін, неден екенін ешкім білмейді. Мұндай балалардың үлесі дүниежүзінде – 0,3 пайыз. Біреуінің ойы қисық болып туылады, біреуінің аяғы қисық болып туылады. Біздің облысымызда да бар мұндай балалар. Келіп көрініп жатады.
- Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру енгізіліп, оған жұрт жарнапұл төлейді деп жатыр. Мұның тиімділігі қандай?
- Қиын сұрақ.
- Екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
- Айту қиын.
- Аймағымыздағы медицина саласындағы алдыңғы қатарлы сала мен ақсап тұрған саланы айтыңызшы.
- Облыс көлемінде кардиология саласы жақсы жетістікке жеткен. Іштен туған бала болсын, үлкен науқас болсын жүрегі нашар болса, емдеп жатыр. Жаман емес, жақсы. Кардиология, урологиялық орталық бар. Ана мен бала орталығы да көңілге қонымды. Екіқабат әйелдерге көптеп көмек көрсетіліп жатыр. Облыстық медицина орталығын білесің ғой, сондай аурухана біздің республикада біреу-ақ. Жердің астындағы мұнайымыздың арқасында болгарлар салып берді. Жақында жедел жәрдем орталығы ашылғалы жатыр.
- Сонда барлығы бір орталықта бола ма?
- Иә.
- Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып отырған Ақмарал Шәріпбайқызынан қандай өзгеріс күтесіз, не болмаса мына мәселені былай шешкені жөн деген сияқты.
- Кеңес Одағы кезінде кадрды іріктеу, сұрыптау, дайындауға ерекше мән берілетін. Бір бастық өзінің орнына қалатын кем дегенде 5 кадр дайындау керек-тұғын. Білікті, білімділігіне бойлай отырып. Қазір бұл мәселе жолға қойылмаған. Оның келгені қайта жақсы болды. Саланы біледі. Кімнің кім екенін таниды. Медицина саласын өз орнына қояды. 1994 жылдан бері денсаулық сақтау басқармасында 12 басшы ауысты. Соның ішінде Ақмарал Әлназарованы ерекше атап өткім келеді. Ол – таптырмас кадр.
- Сонда өзінің орнына кадр дайындағанын қалайсыз ба?
- Иә.
- Рақмет, аға!
Әңгімелескен Г.ЕСІМ
|