Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:23
БІЗДІҢ БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

Тұрғанбай Маханов есімі өңіріміздің денсаулық сақтау саласында етене таныс. Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төгіп, санмыңдаған білікті шәкірттер тәрбиеледі. Қаншама науқасқа шипа дарытты. Ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік деңгейдегі марапаттауларға да қол жеткізді. Атап айтқанда,1982 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағы, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерін, СССР және ҚазССР «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін омырауына тақты. Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінде ол «Облыстың құрметті қайраткері», облыстың «Құрметті» азаматы. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығында, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында Елбасының «Алғыс хатымен», облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Тұрғанбай Маханұлы – Сырдария ауданының тумасы. Қызылорда қаласындағы №1 мамыр мектебінде білім алған. Ақтөбе қаласындағы медициналық институтты тәмамдаған. Еңбек жолын Жалағаш аудандық ауруханасында бастаған. Аталмыш ауруханада екі жылдан астам қызмет атқарып, облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Еңбекқор дәрігер орынбасарлықтан облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық медицина орталығының директоры болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, бас дәрігерлікпен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылық етеді. Бүгінде құрметті зейнет демалысында. Зейнетке шықса да, жұмыссыз емес. Медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосуда. Ол облыстық медициналық орталықтың Құрметті директоры-кеңесшісі қызметінде.

– Бүгінде медицина саласы қарқынды дамуда. Өңірімізге ота жасайтын көптеген аппараттар келді. Дәрігер боламын деген маман білікті болуды мақсат тұтқан жөн. Себебі адам жанына араша түсу, өмірін сақтау дәрігердің борышы, және дәрігердің мейірімді де кішіпейіл болғаны жөн деп білемін. Науқастың жан-дүниесін түсініп, демеу білдіру дәрігерге артылатын жүк. Денсаулық сақтау саласының сапалы дамуы, халық денсаулығының жақсаруы жоғары білікті дәрігер еңбегінің жемісі, – дейді Т.Маханов.

Өз ісінің білгірі 1964-1976-1991 жылдары бірнеше рет ауылдық, қалалық және облыстық кеңеске, сонымен қатар 1989 жылы КСРО Жоғары кеңесіне депутат болып сайланған. Ол халық қалаулысы ретінде өзекті деген мәселелерді қозғап, оңтайлы шешілуі үшін үлкен жұмыстар атқарды. 1978 жылы Алматы қаласында өткізілген Дүниежүзілік денсаулық ұйымының халықаралық конференциясында, сондай-ақ, София қаласында өткен әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәжілісінде республика атынан сөз сөйлеп, қазақ жерінің, елінің хал-ахуалымен бірге Арал аймағы экологиясының медициналық аспектілері жайын көтерген. Ол 1980-1991 жылдар аралығында КСРО денсаулық сақтау министрлігінің орта медициналық білім беру комиссиясының мүшесі болды.

Оның өмір жолынан байқағанымыздай, ол жан жүрегімен дәрігер болды. Уақытпен санасу дегенді білмейтін адам жанының арашасы абырой биігінде жастарға қашанда үлгі бола бермек.

Мөлдір САБЫРЖАН

https://aqmeshit-zhastary.kz/zanalyk/suhbat/1308-bzd-blkt-drger.html

Просмотров: 620 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]