Әрбір адам ғұмырының ең сәулелі сәті сәби сүю десек, бүгінде Тәңірдің мұндай тартуынан шет қалатындар күрт көбейді. Күрмеуі қиын мәселенің мәнісі анықталғанымен, адамзат қоғамында бедеуліктің белең алып тұрғаны жасырын емес. Қазіргі медицинаның да қауқары келмейтін кеселдердің барын ескерсек, бедеулікке ұшыраған жанның бала сүюіне толыққанды жағдай жасалып жатыр дей алмаймыз. Мұндай екіұдай мәселеге нүкте қоя алмасымыз да анық, десек те жылдан-жылға бала сүйе алмайтын жұптардың тағдыры тұтас қоғамды толғандырмай қоймайды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жылына 15 пайыз отбасылық жұптың бала сүйе алмайтыны анықталған. Яғни, 20 мың жұп бала сүю бақытынан қағылады. Оның соңы мыңдаған шаңырақтың шайқалып, жүздеген отбасының ойранының шығуына әкеп соғары даусыз. Себебі ұрпақ жалғастығын алғашқы орынға қойған қазақ үшін соңынан ерген баланың болғанын қалауы заңдылық.
Айтқандай, жоғарыда келтірілген статистиканың тек 8 мың жұбына жасанды ұрықтандыру (экстракорпоралдық ұрықтандыру) жасалынады. Бұл, әрине, ешқандай ем-дом шарасы нәтиже бермегенде қолданылатын әдіс. Мұндай әдістен соң балалы боламын деп шала бүліну де – ақымақтық.
Тәуелсіздік жылдары елімізде ЭКҰ көмегімен 14 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Олардың 11 пайызы, яғни 4783 бала мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында дүниеге келген. Мемлекет ол үшін 3,9 млрд теңге қаржы бөлген. Демек, мемлекет өз демографиясы үшін алаңдайды. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейсе, жалпы қоғамның емес, тұтас адамзаттың қасіретіне айналары сөзсіз. Сондықтан бала сүю бақытынан айырылған жандар үшін мемлекет мейлінше мол мүмкіндік қарастырғаны жөн.
Естеріңізге салайық, Қазақстанда ЭКҰ-ға квоталар 2010 жылдан бастап беріледі. 2017 және 2018 жылдары тегін ЭКҰ-ға 900 квота бөлу жоспарланған. Демек, саналы ғұмырыңызда артыңыздан із қалдырам десеңіз, медициналық көмекке жүгінуден қашпаңыз.
Cурет dknews.kz сайтынан алынды
Қ.ЖАҚСЫЛЫҚ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8294:2017-12-07-05-23-51&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5 |