Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



15:54
БАУЫРЫНА БІР БҮЙРЕГІН БЕРДІ

Бүйрек жұмысы бұзылғанда адамның ағзасында калий мөлшері жоғарылайды екен. Себебі, ол тек бүйрек арқылы ғана шығады. Соның салдарынан қанның құрамындағы калий мөлшері шектен тыс өсіп кетсе, жүрек кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін. Бүйрек ауыстыру – бүгінде кең таралған және қауіпсіз отаның түрі. Елімізде көп жағдайда бүйрек трансплантациясына науқастардың туыстары донор болады екен.

Қазалы ауданының тұрғыны Бақытжан Сабақбаевқа туған ағасы Ізбасқан бір бүйрегін беріп, өмірін ажалдан арашалап қалды.

Бақытжан Сабақбаев 2013 жылы қатты ауырып, Алматы қаласына ем іздеп барады. Ондағы дәрігерлер оған екі бүйрегінің де әлсіз екендігін айтқан.

«Дәрігерлер бүйрегімді ауыстыруға кеңес берді. Алайда ауылға оралып, екі жыл ем-дом жасадым. Болмаған соң, Қазақстан қалаларын шарладым. Тіпті, Қытай асып, сол жақтың дәрігерлеріне де көріндім. Бірақ еш нәтиже шықпады», – дейді ол.

Бақытжанға сау бүйрек салуға тура келді. Осы кезде туған ағасы Ізбасқан ойланбастан інісіне көмек қолын созды. Сөйтіп, 2015 жылы А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында Ізбасқан бауыры Бақытжанға бір бүйрегін берді. Бүгінде ағалы-інілі Сабақбаевтардың денсаулығы оңалды.

«Ағам маған екінші рет өмір сыйлады. Оған айтар алғысымды сөзбен жеткізу мүмкін емес», – дейді Бақытжан ағынан жарылып.

Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Күншығар Әбілдің айтуынша, А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ұлттық орталығында 1978 жылдан бері 600-ге жуық бүйрек трансплантациясы жасалған екен. Оның ішінде Қазалы ауданы бойынша төрт азамат тіркелген. Яғни, донордың көмегінен дертіне дауа тапқан жандардың қатарында Бақытжан Сабақбаев та бар.

«Бүйрегін ауыстырған азаматтар біздің бақылауымызда. Соның ішінде Бақытжан мен оның ағасының денсаулығын да қадағалап тұрамыз. Қазіргі кезде олар өздерін жақсы сезініп, жұмыстарын істеп жүр», – дейді бас дәрігер.

Айта кету керек, 2013 жылы Шиелі ауданының тұрғыны донорлық жолмен ұлы Саматқа бір бүйрегін берген болатын. Ал, 2014 жылы қала тұрғыны Ердәулет Бозғұловқа туған қарындасы Жаңагүл Бозғұлова донорлық жасап, бір бүйрегін берді. Әрине, сәтті жасалған оталар бүйрек трансплантациясына мұқтаж басқа жандардың жүрегіне үміт отын жағары сөзсіз.

 

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.

http://syrboyi.kz/densaylik/14822-bauyryna-br-byregn-berd.html

Просмотров: 702 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]