Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевқа
аудандық мәслихаттың хатшысы К.Назымбековке
Қазалы ауданының прокуроры Б.Мырзабаевқа
аудандық мәслихаттың депутаты, «Әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ғ.Әлішке
Біз, Қазалы ауданаралық аурухана қызметкерлері, 2019 жылдың наурыз айынан бері екінші рет үндеу шығаруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі, бас дәрігер Гүлжихан Нысанованың қызметкерлермен қарым-қатынастағы этикасын сақтамауы, дәрігерлерді өз әріптесі ретінде сыйламауы және жалпы ұжым басқару стилі.
Айта кету керек, жаңа бас дәрігердің іскерлік қабілеті, бастапқы іс-шаралары – тәртіпті бақылау, мекеменің қаржы жағдайын жақсарту, жауапкершілікті күшейтуі ұжымның көңілінен шықты. Алайда санаулы айда Г.Нысанованың жасаған істері ұжымда түсініспеушілік пен наразылық сезімін туғыза бастады.
Кейбір әрекеттерін атап өтейік.
- Ауруханада жасырын бейнекамера орнатам деген уәдесі. Оны орнатса, біздің ізімізден заңсыз құпиялы түрде аңду басталады.
- Басшы болып отырған күннен бастап қызметкерлерді себепсіз орындарынан ауыстыру немесе жұмыстан босату науқаны басталды.
Жетес би емханасының бас дәрігері З.Аманды себепсіз басқа орынға ауыстырып, орнына жас, тәжірибесі жоқ дәрігерді қойып, кейін оны да ауыстырып жіберді.
Бухгалтер А.Ділмағанбетті негізсіз жалақысы төмен жұмысқа ауыстырып, артынан тіпті жұмыстан шығарып жіберді. Ол кісі ауырып қалып, больничныйға шықса, артынан адам жіберіп, больничныйды тексертті. Және ақылы бөлімге жатып емделуге тыйым салды.
Реанимация дәрігері Аманованы қабылдау бөлімінде науқас қайтыс болғанын содан көріп, жалақысы төмен басқа салалы жұмысқа ауыстырып жіберді. Артынан кешіргендей болып, бір айдан кейін тағы тиісіп, қайтадан ауыстыратын болды. Тек сол дәрігердің әкесі араласқаннан кейін Аманованы қудалауды тоқтатты.
Сондай-ақ, көп жыл жұмыс істеп жатқан дәріхана меңгерушісі Балқиеваны ешқандай негізсіз басқа орынға ауыстырып, орнына өзімен дос болып жүрген завскладтың қайын сіңлісін әкеліп қойды.
Перзентхана ұжымында өзіне ұнамай қалған, көп арыз-шағым айтатын қызметкерлердің бәрін басқа бөлімдерге ауыстырып жіберді. Артынан ол қызметкерлер сотқа арыз жазып, ауыстырудың заңсыздығын дәлелдеп, орындарына қайтып келді.
Дәрігер Нысанқуатоваға сұраған ақысыз күнін бермей, «ауырсаң, больничныйға шық» деген. Артынан «больничныйды кім ашты, неге ашты?» деп айғайлап, тексеру жүргізген.
Жалпы, басшымыздың жұмыс тәсілі, басқару стилі дәрігер атағына лайықты емес. Аурухана әкімшілігінің коридорында Г.Нысанованың шыңғырып айғайлап жатқаны үнемі естіледі. Үлкені-кішісі, дәрігері-мейіркеші, тіпті өзінің орынбасарларына дейін неше түрлі сөз, балағаттау естіп шығады. Мінезі дөрекі екендігі қазір бәріне мәлім. Оны ешкім дәлелдей алмасын деп, Нысанова кірген адамдардың телефонын хатшыға тастап кетсін деп талап етеді.
Қоғамдық қабылдау жасаймын деп, өзіне тағы бір кабинет құрып алды, бірақ ішінде тек жақын адамдарымен тамақ-шай ішеді.
Бас дәрігеріміз өз қызметкерлеріне, қарапайым халыққа жасанды қиындық ұйымдастыруға өте құмар. Қысты күні ауруханаға кешкі 7-ден кейін адам кірмесін деп заң шығарып, қаншама адам жұмыстан кейін ауруханаға келіп, ішке кіре алмай сыртта тұрды. Халық ренжігеннен кейін, кіргізетін болды. Бір кезде аурухана ауласына кірген көліктен ақша ұстатты. Заңсыздығы ашылған соң, оны да тоқтатты. Жақында барлық қызметкерлердің көлігін сыртқа, күннің ыстығына шығарып жіберді. Түнгі уақытта өз көлігімен шақыруға келген дәрігерлер өз ауруханасына кіре алмай, машиналарын сыртта қалдыруға мәжбүр болды.
Ұжымдағы атмосфера едәуір бұзылды. Бес-алты ай ішінде бас дәрігеріміз қызметкерлерді бір-біреуімен ауыстырып, ренжістіріп, қарсыластырып қойды. Кешегі ауызбіршілік, достықтың орнына ұжымда жалпы күдіктену, сенімсіздік, тіпті қорқу пайда болды.
2019 жылдың 13 наурызында аудан әкімдігінде өткен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында ауданда денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа сапалы медициналық көмек көрсету тақырыбы бойынша бас дәрігер Г.Нысанованың басшылық қызметтегі этикалық нормаларды сақтамағаны, қызметкерлерге дөрекілік көрсеткенін мойындағаны айтылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы тарапынан тәртіптік жаза қолдану туралы қаулы қабылданған болатын. Бірақ ол қаулының талабы осы уақытқа дейін орындалған жоқ.
Сондықтан, аурухана ұжымы атынан Г.Нысанова ұжымның сенімін ақтамаған басшы ретінде бас дәрігер қызметінен босатылсын деген талабымызды қайталап жолдаймыз. Орындалмаған жағдайда басқа шара қолданып, бір күндік қарсылық ереуіл өткізуге дейін баратынымызды ескертеміз.
Қазалы аудандық аурухана қызметкерлері
К.Наршабаев,
хирургия бөлімінің меңгерушісі,
А.Медетбаева,
хирург,
Б.Аманова,
дәрігер,
Н.Алмат,
дәрігер,
З.Аман,
Ғ.Мұратбаев дәрігерлік амбулатория бөлімінің меңгерушісі
(Хатқа барлығы 47 адам қол қойған.)
«Халықтан»: Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа соңғы үмітін артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, анықтау, тарату. Осы себептен де, біз жоғарыда ұжым басшысына сенімсіздік танытқан бір топ қызметкердің қолы қойылып, редакцияға жолданған хатқа бейжай қарай алмадық. Сондай-ақ, бұл ұжымдық хатпен бірге Қазалы ауданының құрметті азаматы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Көбек Наршабаевтан «Мен неге бас дәрігеріме ренжулімін?» атты ашық хаты қоса түскенін де айта кетейік. Бірден айтайық, біздің бас дәрігерде «бес бересіміз, алты аласымыз» жоқ, тек ғана «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тәмсілге сала отырып, көптен бері аудандық денсаулық сақтау саласында болып жатқан ахуалдың, түсініспеушіліктің нүктесін аудан басшылығы мен тиісті орындардың қойғанын жөн көрдік. Ал, қарсы тараптың уәжі болса, басылым бетінен орын беруге дайынбыз.
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=10948:2019-07-04-06-17-53&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6
|